Күйзеліс үстіндегі қоңыр әңгіме
Әкімжан Дүйсенбаев –
Қазақстан Республикасының (Қазақ ССР)
мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер,
Шалқар аудандық өлкетану тарихи
музейінің директоры.
Құрметті Тау аға, музейге жеткен Сіздің «Дала Геркулесі» тарихи-деректі романыңызды, міне танысып шықтым. Осы кітабыңыз арқылы Сіздің көркем сөздің нағыз хас шебері, таусылмас талант, биіктік, тарихи-архивтік бай деректерге негізделіп, зерделі аға ұрпақтардың естерінде қалған аталы сөздеріне құралған аса құнды кітап. Мұнда ата-бабалар туып өскен Жер тарихы – ел тарихы, аталы да баталы сөз, ерлікке толы өнегелі өмір, туған жерге деген сүйіскеншілiк, отарлаушы жауға деген қарсы оқтай атылған күш-жігер әдемі де шебер суреттелген. Рахмет, құттықтаймын!
Тау аға, Сіз жайлы кітап жазуыма да болар еді. Күш-қайратқа толы жастық жылдарды өзіңізбен қызметтес болып өткіздім. Амал не?! Бұны еске алып отырғаным – өте ауыр операциядан шықтым. Операция столында тіршілікпен қоштаспады демесе, жағдайым қиын. Сіз жайлы соңғы сөзім болмағай деп те қорқамын.
Ойпырмай, Сізді, Сіздің туған өлкеге сіңірген еңбегіңізді білетін ұрпақ та аз қалды-ау. Мен білетінде, кешегі Одақта, Республикада, олардың мәдени тарихында отыз жыл бір ерде отырған пенде, тұлға аз шығар. Жау жағадан, ит етектен алар деп, еңкеймеген адам едіңіз. Есіме алсам, саналы ғұмырыңызда, елдің басшысының бірі, бірегейі, ауызыңызда әділ сөз бен арман арқалаған тұлға болып, отыз жыл отырдыңыз. Талайға қамқорлығыңыз, қайырқамыңыз тиді. Айтпақшы, қазақтың аса бір көрнекті ақыны Есенбай Дүйсенбай Сіз туралы «Тау аға!» атты келісті өлең жазды. Сонда Сіздің кісілігіңіз, адами қасиеттеріңіз, нағыз батыр, ер тұлғалы, тайынбайтын, жасқанбайтын, әділдікті ту етіп ұстаған ұлылығыңызды, бір сөзбен айтқанда, толық, табиғи портретіңізді жасаған екен. Баспасөзде жарық көрген ол өлең де музей қорында сақтаулы.
Сол еңбектеріңіздің қайырымы болар, аудан Әкімі мен мәслихаты Сізге ауданның Құрметті Азаматы атағын берді. Үкімет тарапынан талай марапатқа ие болдыңыз. Сіз сексеннің сеңгіріне аяқ бастыңыз. Осы жаста осындай сүбелі еңбек жазып отырсыз. Бұл академиялық, ғылыми еңбек деп айтсам, артық емес.
Иә, алдағы уақытта жас ұрпаққа таныстыру үшін Сіздің ғұмырыңызға, еңбектеріңізге музейдің бір қабырғасын арнауды жоспарлап отырмыз. Енді бір көлемді суретіңіз қажет болып тұр. Және айтамын, жасыңыз келді ғой, кешірерсіз, қолыңызда, үй архивінде сақталған бар дүниелеріңізді музейге беріңіз, сұраймыз.
Аға, өзіңіз бас редакторы болып басқарған отыз жылдық дәуіріңіздегі «КомТаңы», «Шалқар» газеттерінің түгелдей тігінділерін зейнетке шығарыңызда музейге сыйлаған едіңіз. Ол сақтаулы, себебі бұл тігінділерде Шалқардың бар тарихы зерделенген. «Атамұра» баспасынан жарық көрген оншақты кітабыңыз да бар. Туған өңіріздің ХІХ-ХХ ғасырлардағы тарихи картасын жасаған екенсіз. Бұл да музейде. Өткен жылдың бірінші қарашасында (01.11.08 ж.) еліміздің Ата газеті «Егемен Қазақстанда» басылған өзіңіздің он алты жасыңызда Шалқар қалалық Кеңесіне мемлекеттік қызметке алынған оқиғаңыз сондай әдемі, жылы, жастық ғұмырды еске түсіретін күйде жазылған екен. Музей қорына қостық. Ел қайраткері, журналистік-жазушылық ғұмырыңызды ауық-ауық жаңартып, осылай іздеу салып отырмасақ, өткеннен көз жазып қаламыз ғой. Себебі бүгінгі, ертеңгі ұрпақ тарих қойнауына кімдер кеткенін қайдан біледі.
Тау аға, аман болыңыз. Енді Сізді көруге, дидарласуға тағдыр жазарма екен, аса қиналып төсек тартып жатырмын...
Өзіңіз ашып, ұйымдастырған Шалқар өлкетану
аудандық музейінің директоры – ініңіз Әкімжан.
Шалқар қаласы, 16 қаңтар, 2009 ж.