Ер қанаты болған жыланкөз тұлпар еді
Аман Жолдасұлы, зейнеткер,
Көтібар батырға Жыланкөз тұлпарды
сыйға тартқан Уақ елінің ұрпағы
Туған құдағайым Достан батырдан өрбіген Әбдірахман қызы Бибіжан Сіздің «Дала Геркулесі» атты ұлы бабалар, аналарымыз жайлы кітабыңызды әкеліп берді. Рахмет айттым. Көтібар мен Есет бабалардың суреттерін көріп, үш қайтара аят оқып, тағзым еттім, тәу еттім, кітапты төсіме бастым. Жерін, елін қорғаған, осы жолда өмірлерін қиған Көтібар, Арыстан, Достан, Жанқожа, Ақтан, Жылқаман, Сарыбөпе, Шынтемір, Қайдауыл батырлар, көріпкел Мөнке би, Саңырақ жайлы есте қаларлық оқиғалы жолдар жүрегіме жылы тиді.
Кете елінің жылқылы байы, төбе Биі Боздақтың шекті еліне – Бәсенге кенже қызы Нарбикені ұзатардағы киелі де даналық сөздері, турасын айтсам, нағыз ұлы оқиғалар.
Міне, қызық, отарлаушы шенеуніктердің тепкініне шыдай алмай, сонау Сары арқаның Обағанынан үдере көшкен жиырма жеті үй уақ Көтібар батырдың қолтығынан пана тапқан. Осы бір ұлы қамқорлығы үшін аталарымыз батырға Жыланкөз тұлпарды сыйға тартқан. Орынбордың Мынанай базарының диуалынан секіріп өтіп, батырды аман-есен еліне Көктөбеге, Елек өзенінің басына жеткізген. Бірақ ауыр жаралы болған Жыланкөз осы бұлақ басында жан жолдасы болған батырмен, елмен қоштасады. Бәсен, Саңырық Көтібарға: «Жыланкөзді итжемі етіп тастама, анау Көктөбе басына қабір қаздырып жерле», дейді. Солай болады да. Орынбордан бір ұстаға аттың басын мыстан құйдырып жасатқызып, ат-жөні жазылған құлпытас орнатады. Осы бір жерлерді оқып, көзіме жас алдым, Аса шеберде ауыр жазылған екен. Иә, мұны сонау жас бала күйімде ақсақалдар айтып еді-ау. Тарихтан білетініміз Көтібар батырды кейін жауыздар қолынан қаза тапқансын осында жерлейді.
Ал, ұлы батыр, аруақты да әулие, халқымыз әркез пір тұтатын елді азат етудің қолбасшысы, кейін қарақылды қақ жарған биі, яғни әділ, Есет Көтібар ұлы жайлы жазылған жолдарды оқу, көңілге тоқу – үлкен бір қуанышқа бөлеп, қуаттандырып жібереді. Есет батырдың хан Кенемен, ағасы Жанқожаны іздеп барып кездесуі ерлікке толы, еркіндік, ержүректік оқиғаларды жайып салады.
Ұлы бабалар ұрпақтарыңды қолдап, қорғай жатқайсыздар деп қартайған ақжүрегімнен тілек тіледім.
Ардақты аналарымыз – Кете елінің жүз мың жылқылы байы, күміс көмегей төбе биі Боздақтың кенже қызы – Нарбике, Адай бабаның ұрпақтарынан тараған – Айсары, Тағлима аналар-ажелер туралы да жан сүйсінерлік толғаулар бар екен. Қарағул, Назар, Бекет ерліктері мен ақыл-кеңестеріне дән риза боласың.
Ал, ел ағасы, бүгінгі ұрпақтың шетте жүрген ақылғөй ағасы елге бұл кітапты жеткізу жағын әкімдік болып, халық болып, ойластыру керек болар. Себебі әр үйдің, отбасының төрінде тұратын асыл да алтын дүние ғой бұл кітап.
Ақтөбе, 7 каңтар, 2009 ж.