Бес түйін
ТАУМАН ТӨРЕХАНОВ – қарт жазушы-журналист. Ондаған тарихи-деректі кітаптардың авторы. Баспасөзде өзінің саналы ғұмырының алпыс жылын қалдырған адам. Оның отыз жылында облыстық селолық, аудандық газеттерінің бас редакторы болған.
Сол бір кезеңдерде көрген-білгендерін, ойыңа түйгендерін жазып жүрген жүз елудей қойын дәптерлері бар екен. Солардан бірқатар қысқа әңгімелер топтамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. Қиянат ғұмырдың соңы
Мен бұл ауданға қызметке келгеніме жылға да толмаған еді. Содан болар көпшілігін танымаймын. Мезгіл қаңтар айының ортасы болатын. Жексенбі күні сәл кештеу оянып, ертеңгілік тамаққа енді отыра бергенімде, телефон шылдыр ете қалды. Телефон трубкасын көтеріп едім, өзіме таныс дауыс – партком секретары Төкең екен. Қысқа амандықтан кейін, ол біртүрлі қатқыл дауыспен:
- Қазір тездетіп парткомға келші, - деп сөзін қысқа қайырды. Секретарь даусы біртүрлі жарқыншақтанып, бір нәрсеге абыржығандай естілді. Шайды тастап, киініп далаға шықтым. Үй мен кеңсе арасы шалғайлау еді. Түнде ғана жауған қалың қарға малтығып, партком кеңсесіне жеттім.
Төкең маған салмақтана бір қарады. Байқаймын, қобалжып отыр. Бет әлпетінде реніш те, ойлану да, жабырқау да бар сияқты. Қалтасынан папиросын алып, тұтатты да:
- Сен қабір қазып көріп пе едің? – деді тура қарап. Тұла-бойым мұздап кетті.
- Жоқ, Төке, туды-бітті қабір қазып көрген жоқпын, - деп анығын айттым.
- Қазып көрмесеңдер, бүгін қабір қазасындар. Мекемеде қанша жігіт бар? – деп салқындай түсті. Темекісін бір сорып, жүзін терезеге қарай бұрды.
- Тоғыз ...
- Солардың біреуі білмес дейсің бе, сол жігіттерді қазір суыт жинап ал да, сонау қала сыртындағы зираттан бір адамға қабір қазыңдар. Бөгелетін уақыт жоқ. Тездет.
- Бұл қиын тапсырма болды. Төке, бізге ел-жұрт ренжитін шығар, біз бұл істен мақұрым адамдармыз. Себебі бәрі де жас жігіттер ғой, - дедім.
- Жарайды. Ұзындығы екі метр, ені бір метрден астам жерді қазыңдар. Тереңдігі кісі бойы қол созым болсын. Әрқайсысың үйлеріңнен күрек, сүймен, қайла қараңдар. Жер қатты болар. Төкең жіби түсті.
- Төке, бұл тапсырманы орындау қиын болды-ау, - дедім тағы да.
- Жоқ, орындайсыңдар, бұл партиялық тапсырма. Бар. Қабірді қазып болған соң, тез маған хабарла...
Амал жоқ, кеңсенің жігіттерін жинап алып, қала сыртындағы зиратқа бет алдық. Жаяумыз. Иықтарымызда күрек, сүймен, қайла... Жол жоқ. Қар қалың. Омбылап келеміз.
- Бұл қалай? – деді Тақан, - адамы өлген үйдің иесі біздің қасымызда болмай ма? Өздерінің дүние салған жақын – тиісті бір адамының қасынан қабір қаздырмай ма? Жерді өлшеп бермей ме?
- Ия, солай, солай болу керек, - деп Жағал да сөзге араласты.
- Бізді жаяу жібергені несі?! Ең болмаса көлік, шана тауып, мына құралдар мен аспаптарды жеткізіп бермей ме?
- Иә, тіпті біздің ішімізде қабірді қалай қазатынын білетін де кісі жоқ қой. Дұрыс болмай шықса қайтеміз, - деді Табыл.
- Ой, сен неге үндемейсің? Секретарь не айтты өзі? Бізді қабір қазуға жұмсап, бастықтың қолы ұзарған екен, - деп маған да тиісіп алды біреуі.
- Біраз уақыт өткенде зиратқа жеттік. Келгенше-ақ шаршап, қыс киіммен жүрген адамдар, тершіп қалдық.
- Зираттың қары жұқалау, шет шағын таңдап алдық та, оны өлшеп қазуға кірістік. Күрек батпайды, қайламен ұрсақ жер жаңқаланып, құрт кесектер бет-бетіне ұшады. Сүймен де қарыңды салдыратып, алақаныңа дүмпиді. Бірақ жан-дәрменде кісі бойындай жерді әрең қазып үлгердік. Қаңтардың қарға адым ұзаған күні еңкейіп қалыпты. Қала жаққа қайта-қайта қараймыз. Ешкім көрінбейді. Кісі бойы қазған кезде Табыл:
- Болды енді, кеттік, - деді.
Жаяулап келеміз. Екі қар, екі аяқ алғызбайды. Қалаға жеттік. Үйге келіп, секретарға телефон шалдым.
- Жігіттеріңді алып, кеңсеге қарай келіңіздер. Мен сендерге қарсы жүремін.
Секретарьдың соңына еріп, қаланың шет жағындағы көшенің аяғындағы бір үйге келдік. Адамы өлген үй сияқты емес. Ешкім жоқ. Болғаны екі-үш адам жүр. Бір-екі әйел, бір ер адам. Аулада көне шанаға жегілген бір қоспақ түйе-атан. Көзінің жасы сырт-сырт қарға тамып, ерні салбыраған кәрі атан мұңайған көзін ешкімге салар емес.
Біз жанағы аулада жүрген орта жастағы жігітпен амандастық. Ол селсоқ. Ернін жыбырлатты да, атанның бұйдасын түзетіп, өз шаруасымен жүре берді.
Төкең мен жаңағы жігіт бізді бастап жазғы үйге алып келді. Беті ақ шүберекпен жабылған адам жатыр. Тұла-бойым мұздап кетті. Осы кезде ғана басыма: «Бұл неткен адам... адам неге қадірленбейді!?» Адам! Бұл асқақ есім емес пе? Адам туғанда бәрі де анадан туады. Өсе келе әркім өз қызметімен, еңбегімен, семьяға, қоғамға келтірілген пайдасымен сыйлы емес пе? Сөзім ауыр болмасын, бұл адам не жазықты болды екен? Соңғы құрмет, соңғы сый неге жұтаң? Ел-халқы, көрші-қолаңы, ағайын-тумасы қайда. Әлде жалғыз басты, семьясы, жолдас-жорасы жоқ шығар. Бірақ қайткенде де адамға көрсетілген соңғы құрмет бұлай болмау керек еді. Шындық осы, амал жоқ. Бұрын қабір қазбағанмен, адамдарды соңғы сапарға шығаруға талай қатысып жүрміз ғой. Жер бетіндегі барлық тіршіліктін қожасы адам! Бүгін, міне, сен соңғы сапарға кетіп барасың. Сен өзіңмен бірге талай сырды, сыйды, құпияны, жастықты, мастықты, махаббатты алып кетіп барасың. Ал бұл адам атын жамылған кісі ол дүниеге не алып бара жатыр? Адам қайта айналып жұмыр жер бетіне бір соқпайсың, басыңды бір көтермейсің. Не деген қаталдық, не деген қатал заман, өмір! Тіршілік не деген қатал! Адам – жердің қонағы. Ол жер бетіне бір мезет соғып кететін асыл зат! Артында, жер бетінде бар алтының – жұбайың, балаң, не немерең, өмір бойы бал жинаған арадай барлық жиып-тергенің қалады-ау. Ия, біреу өмірден ерте, біреу кеш кетіп жатады, аққан жұлдыздай, батқан күндей, шөккен үркедей... Адам адамға қонақ. Әлде бұл адамда сыйластық болмады ма? Сыйға лайықты емес пе? Осы аз ғана тіршілікте адамдар арпалысып ашуласып, тартысып, таласып жатады. «Дүние екеуге аз, біреуге көп» дегендей, қабақ көрсетіп қалды ма екен, ә? Адамдар осы аз ғана тіршілікте неге сыйласып, бірін-бірі құрметтеп өтпейді екен. Аяқтан шалу, ышқырға тас қыстыру, алакөз болу неге қажет болды екен! Біреуді біреу даттап, неге қаралап жатады екен. Ертең бәрінің баратын мекені – жер, екі метр қабір. Бұйырғанына жиырма метр ақ сүп, кейде ол да болмай жатады...
Менің ойым осы тұсқа келгенде Төкең ақ сүпке оралған адамды түйе шанаға салуға нұсқау берді. Адамның астына жайылған алашасымен көтеріп әкеліп, көне шөп жайылған шананың үстіне салдық. Содан кейін жаңағы жігіт шана жеккен атанның бұйдасынан ұстап, зиратқа бет алды. Біз соңынан ере бердік. Біз қабірге ол адамды салып, бетін жауып болғанда қас қарайып кетті.
Үйді-үйімізге тарап кеттік. Ертеңіне дүйсенбі – жұмыс күн болатын. Жұмыс орныма келіп отыра бергенімде, телефон шылдыр ете қалды. Трубканы көтердім. Төкеңнің дауысы:
- Сендер қазір маған келіп кетіңдерші, - деді.
Сәлемдесіп болған соң Төкең:
- Осы сендер кеше неге қабір қаздыңдар, кімді жерлеп келдіңдер, білесіңдер ме? – деді.
Мен және менің қасымдағы жолдастарым ештеңе білмейтіндерімізді айттық.
Төкең отырған орындығынан тұрып, қалтасынан темекісін алып тұтатты да, бір-екі сорды. Түтін ауызынан да, мұрнынан да будақтап шығып жатты. Көп ойланды, кабинетін кезіп көп жүрді. Бір кезде бізге тіктеле қарап:
- Жігіттер, адам өмірге адам болып келген соң өмірден адам болып өту керек қой. Бізге не жетпей жатады? Бізге адамды құрметтеу, адамды сыйлау жетпей жатады? Біреудің барын, біреудің күн көрісін күндеу, көре алмау сияқты жиіркенішті қасиет етек алған. «Қасиет» деген сөзді артық пайдаланып тұрмын-ау. Бұл қасиетсіздік! Адамгершіліктен жұрдай болушылық! Адамгершіліктен айрылған адам – бәрінен де жұрдай болады. Кешегі біз жерлеген адам әбден елден шыққан, арыз жазумен аты әйгілі болған кісі. Шынын айтсам, сүтке тиген күшіктей, ай бұқа кісі еді. Оның қыңыр қаламына ілікпеген бұл ауданда ешкім қалған жоқ. Ренжімеген, лағнет айтпаған бұл ауданда пенде жоқ. Мана ғана осы елдің бір үлкен адамы келіп: «Құдайдың құдай болғалы дұрыс істегені екен. Сұңғат дүние салыпты ғой. Оның сүйегін жиіркенбей жер қалай қабылдап алды екен. Ел бір тынышталатын болды-ау. Сұнғаттың «қасиетін» енді бір жер көрсін. Жер бәрін – долыны да, тентекті де, бас бұзар бұзақыны да, күншіл-күйікті де көтереді ғой. Енді жер асты көрсін. Оның сүйегін жер бетінде қалдырмай, бетін жасырғандарың дұрыс болды», деді. Әрине, жер бетінде, ел ішінде адам сүйегі қалмас та. Бірақ халық қаһары – осы. Елден шыққан адамды өлгенде де халық кешірмегені ғой. Жаназасына ешкім аяғын серпіп баспады ғой. Сондықтан да сендерді ол адамды соңғы сапарға шығаруға шақырғаным осы еді. Кешіріңдер, жігіттер. Істің мән-жайы осы, - деп Төкең сөніп қалған темекісін қайта тұтатты.
Біздер, қабіршілер, секретарь кабинетінен біртіндеп үнсіз шыға бердік... Бірімізге біріміз «Ия, құдайдың құдай болғалы дұрыс істегені екен» дейміз.
2. Ақмойнақтың мұны
Қаланың бір тар көшесінде естен кетпес оқиғаның күәсі болдық. Жастары онға тола қоймаған жеті-сегіз бала көйлектерінің етектеріне, сырт киімдерінің шалғайына орап көзін жаңа ғана ашқан төрт-бес күшікті алып келе жатты. Бірақ ештеңеге түсінуге болмайды, бала жүрген жер айғай-шу, абыр-сабыр емес пе, бірінің қолындағы күшікті екіншісі тартып алып, көше бойымен шуылдасып келеді. Артынан желіні салақтаған, сүйектері қаңқиған бір ит еріп келеді. Күшікті бауырына қысқан бір естиярлау бала:
- Әне, енесі жүгіріп келеді, күшігін іздеп келеді. Үй иесі шықса, кәзір бәрімізге кейиді, одан да бұрылып қашайық, - деп бәріне ақыл айтты. Қаншама жүгірсе де ит соңдарынан қалар емес, қабырғасы ыржаңдаған ит тілі салақтап әр баланың соныңнан бір қуып жетіп, әр қайсысына телміріп, екі көзі жаутаңдап, біресе баланың алдынан, біресе қапталынан шығып жүгіріп келеді. Бұл кездегі иттің жанұшырған күйін көру өте ауыр болды, оны тілмен айтып жеткізу қиын еді...
Бір кезде жамырай жүгіріп келе жатқан балалардың алдынан ересек бір үлкен адам шықты да:
- Күшіктерді ұясына апарып тастандар! Әне, енесін көрмейсіңдер ме? Қасқа болған мынау Ақмойнақ қой. Обалдағы-ай, енді күшіктерді өлтіріп аласындар. Ұясына апарыңдар, - деді. Сол кезде бір-екі бала құшақтаған күшіктерді жерге қойды.
- Неге таңырқайсыңдар, обал емес пе? Бесікте жатқан бөпелеріңді біреу шешіп алып қашса, қалай болады? Осы кезде жаңағы Ақмойнақ атанған ит қария адамның қасына келіп, тілін салақтатып, бір түрлі жалбарынышты кескінмен жаңағы қария адамға қарап, алдына келіп жата кетті. Қап-қара екі көзі жасаурап, жалынышты қалып байқатты.
Балалар осындай абыр-сабыр болып жатқанда «Урал» мотоцикліне мінген милиционер келе қалды. Балалар бет-бетіне қашты. Жаңағы қарт та жөніне жүре берді. Милиционер ештеңе андамады, ол да кете барды. Бес күшігімен Ақмойнақ көшенің қақ ортасында қала берді.
Ақмойнақ шоңқиып отырды. Жан-жағына қарады. Осы кезде көшенің бас жағынан тіркемесі бар автомашина көрінді. Ақмойнақтың көзі автомашинаға түсті. Жан алқымға келді-ау деймін. Ақмойнақ топыраққа былғанып, қыңсылап жатқан күшігін аузына тістеп алды да, қайтадан машинаға қарады. Жан ұшыра екінші күшігін тағы тістеп еді, ол ауызына сыймады, қайта тістеді, қайта жерге түсіп кетті. Содан тұмсығымен итеріп көріп еді, сусылдаған бос құмға кептеліп, күшік домаламады. Содан жандәрмен күн аузындағы күшігін көшенің шетіне апарып тастап, екінші күшігіне қайта жүгіріп келді. Оны да ауызына тістеді. Үшінші күшікті қоса тістегісі келіп еді, тағы да аузына сыймады. Автомашинаға тағы бір қарады. Жан алқымға келе жаңағы тістеген күшігін тағы да ауызына тістеп көше шетіне жүгірді. Ақмойнақ төртінші күшікке жеткенде машина да тақады. Ақмойнақ оны аузына тістеп үлгергенде машина бесінші күшіктің үстінен тапап өте шықты. Көшені шаңға көміп өте шыққан машинаның артынан Ақмойнақ та бесінші күшікке жетті. Топырақты піскек мұрнымен, аяғымен қазып, құмды итеріп, күшігін тауып алды. О, тоба, тірі екен! Күшіктің үстіне жабысқан құмды тілімен жалап, тазартып, аузына кесе көлденең тістеп алды да бауырларына – егіздеріне қосты. Ақмойнақтың бұл қалпын көру де бір аянышты хал еді: кеудесі солқылдап, екі көзін алмай күшіктеріне қарап ұзақ жатты.
3. «Мамам ... ішеді»
Демалыс күн болатын. Уақыт тауып, қалалық шаштаразға шаш алдыруға келдім. Кезегім келгенде шаштаразының бөлмесіне кірсем шаштаразшы бір жас шамасы жеті-сегіздегі балаға қатқыл сөз айтып жатыр екен.
- Қарағым, неше рет айтам. Осымен сен үшінші рет келіп тұрсың. Саған өткен жолдары да айтқанмын. Басынды жуып, таза киім киіп кел дегенмін. Міне, бұл жолы да басың шаң, кір. Тіпті оны былай қойғанда шашыңның арасы сірке, қайызғақ. Өзің жуа алмасаң, мамаң неге жуып бермейді.
Бала жерге қарап, үндемей біраз тұрды. Баланың шашы әбден өскен. Үстіне киген киімі бүтін, жаман емес. Бірақ бір май, бір лас, адам көргісіз. Көшенің баласы сияқты.
Әңгімеге араласуға тура елді.
- Балам, мамаң қайда жұмыс істейді?
- Дүкенші.
- Онда уақыт бар ғой...
Бала басын изеді.
- Сенен басқа неше бала бар?
- Біреу.
- Сонда екі бала болдыңдар ғой?
- Папаң қайда?
- Пьяншик.
- Ия.
- Мамаң да іше ме?
- Ішеді. Екеуі де ішеді. Мас болады. Сосын төбелеседі. Мен үйге тығылып қаламын, не көршінің үйіне қашып кетемін.
- Бүгін папаң қайда?
- Білмеймін.
- Мамаң қайда?
- Қыдырып кетті.
- Бөпең қайда?
- Мама алып кетті.
Сөзге шаштаразшы әйел қайта қосылды.
- Міне, көрдіңіз бе, ағай, балаларын қарайтын, тәрбиелейтін уақыт таппайтын, тапса да мән бермейтін келіншектер баршылық. Міне, мына балаға қараңызшы! Нағыз Гаврош. Бұл баланың шашын алған машинка мен қайшыны тарақты екінші балаға, не адамға пайдалануға болмайды ғой. Ол санитарлық-гигиеналық ешбір жерге сыймайды. Ал бала хәлі аянышты емес пе? Баласын мал да, аң да бағып-қақпай ма? Бұл әйел ана атын қалай пайдаланады?
Ия, ол келіншек, қасиетті Ана атын қалай иемденеді? Жағаңды ұстайсың.
4. Үш күнә
Жоғарыдағы қалам төсеген екі-үш оқиға менің есіме атам айтқан бір оқиғаны түсірді.
- Ол кезде мен жас бала едім, - деп бастады атам сөзін.
- Күздің таңы жаңа атып, халық есін жия бастаған кез болатын. Қыстағымыз - Тай сойған құмында. Әкем, бір күні мені ауыл өшетіліне алып барып, оқуға беретін болды. Байқаймын өшетіл (учитель) көп оқыған, көп көрген адам. Бірден мені жылы қарсы алды.
- Балаңды оқытқаның дұрыс, оқыған адам қиянатқа, жаманатқа көп бармайды. Оқыған адам оқығандығын істейді. Оқымаған адам тағылығына, қараңғылығына барады. Осы сіздің алдыңызда ғана бір адам менде болып кетті. Өзі жасы келгенсін өткендегі, жас кезіндегі ағаттығы мен қарақшылығынан шошынып, молдаға да, ауылдың ақ сақал, қара сақалдарына да барған көрінеді. Шамасы олардан жылы сөз естімеген болар. Мен де шымбайына батырып айтып жібердім. Уақытың болса айтайын. Мына балаң да есіте берсін. Ұлы халықтың үлкендері үйіне сыйлы қонақтар келгенде әңгіме естісін, үлгі алсын деп балаларын қонақтардың дастарханының шетінен отырғызады екен. Қонақтардың отырысы, тұрысы, әңгімесі – бәрі де бала үшін өшпес өнеге емес пе? Ақыры кесе-аяқты, қасықты қалай ұстайтыны, тамақты ішуі, қозғалысы, үлкенді сыйлауы, ізет көрсетуі, кішіге қайыр-қомы – бәрі жас бала үшін мектеп, әдеп. Әңгіме былай болып еді:
- Жаңағы сіздің алдыңызда менен кеткен адам оқымаған, өмірден жас кезінде ештеңе тоқымаған адам. Ақылдықтың емес, ағат қимылдың, қайырымдылықтың емес қарақшылықтың, ізеттің емес, көрсе қызарлықтың адамы болып шықты. Сөзін жақсылап тыңдадым. Бірақ сол бір қатігездікті өзім жасағандай опық жеп отырдым. Тек жауабын бергенде ғана бойым жеңіліп қалғандай болды.
Жаңағы адам:
- Оқыған адам, ұлағатты адам екенсің, тыңдаңызшы, мен өз өмірімде үш күнә жасадым. Сол күнәмнан кешірім алатын, шығатын жол бар ма? Тыңда, - деді.
- Айтыңыз, - дедім.
- Айтсам, бірінші күнәм: самайыма ақ түсіп, басымды бозқырау шалып, аяғым тұсалғанша жеңіл жүрістің адамы болдым. Кездескендердің бәрімен күлдім, ойнадым. Қазір жас келді. Өлер шақ болды. Ойыма түссе кешірілмес күнә деп есептеймін. Талай жерге, елге барып осыны айтып едім, зиялылардың бәрі де: «Сен өлгесін күнәға батырған денеңді бөлек көмеміз» дейді. Олай болар ма екен? Сонда мені шариғат кешіре ме?
- Келесі күнәңізді айтыңыз, - деймін.
- Келесі күнәм: мен қайраттың адамы болдым. Қатар келген екі-үш жігітті байлап жүре беретінмін. Бір күні қара сұр атыма мініп жалғыз келе жатырмын. Күн кештетті. Алдымнан бір атты шыға келді. Байқаймын. Әдемі, қазақша киінген бозбала. Атымды тебініп жіберіп, қасына жетіп бардым да, атының шылбырынан ұстап, ерден тартып, жерге түсірдім. Маңайда ешкім жоқ. Үстінде зер салған қақпа шекпен, ішінде мақпал шапан, басында құндыз бөрік, аяғында су жаңа былғары саптама етік. Ер-тұрманның өзі бір қаралық. Атының қанжығасындағы қоржынның екі басы толы зат. Бозбаланы тілге келтірмей қанжығасындағы тұсауды алып, жігітті шешіндіріп, қол-аяғын қайырып байладым да, бір сексеуілдің түбіне тастап, атын жетектеп кете бардым. Ойымша өткен біреу тұсауды шешіп босатып жіберер. Бір көш жер жүргесін аттан түсіп бозбаланың қоржынын ақтардым. Қайын жұртына ұрын бара жатқан жас жігіт деп түйдім. Келесі жылы сол адам көп жүрмейтін тау шатқалы ішіндегі жалғыз аяқ жолмен тағы бір рет жүруге тура келді. Өткен жылы осы оқиға есіме түсіп, сексеуілдің қасына келсем, тұсаудың ішінде жас жігіттің сүйегі жатыр екен. Бұл екінші күнә.
- Үшінші күнәңізді айтыңыз.
- Ия, ол да естен кетпейді. Осы айта беретін күшім. Бірде мезгіл жазғытұрым болатын. Қараой бойымен келе жатырмын. Жалғызбын. Қалындық ішінен жайылып жүрген шамасы он-он бестей өңшең аруананы көрдім. Олжа! Тастап кетуге болмайды! Алдыма салып қуа жөнелдім. Таң атып келеді. Атым терлеп қалыпты. Атымды аздап суытайын деп, аттан түсіп, шылбырын қолыма ұстап, жаяулап жүргім келді. Қарасам алдымдағы бір аруананың қағанағы жарлып барады екен. Жануар терлеп, борша-боршасы шығыпты. Атыма қайта отырдым. Бұзау тіс қамшымен тартып жіберіп едім, аруана ышқына қашты да, әудем жер жүргесін жата қалды. Аттан түстім. Ботаның басы мен екі аяғы шығып тұр екен. Тұсауымды қанжығамнан шешіп алып, бір ұшынан ботаның басынан байладым да, екінші ұшын теріскенге байлап, атыма отырып, аруананы сауырдан қамшымен тартып жібердім. Жан ұшырған аруана тұра жөнеледі. Теріскенге байланған бота қала берді. Сәскеде аруана өлді. Әрине, бота да өлген болар, - деп жаңағы кісі төмен қарады.
- Бұл қаныпезерлігіңді тірілер де, өлілер де кешіре қоймас. Бұдан артқан күнә да болмас. Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдептен деген емес пе? Балаңыз жақсы адам болсын десеңіз, оқыту, өмірді үйрену, жақсымен бірге жүру – үлкен мектеп, - деп сөзін аяқтады.
Әкем орнынан әрең қозғалып:
- Мал құлағы саңыр, - деп сақалын сипат. Менің есімде қалған бір жантүршігерлік оқиға еді, деп атам сөзін аяқтады. Оқиға Тайсойған құмының Қара ойында болған екен. Бұл әңгімені осы жолдардың авторы бір кезекті жолсапарда үлкен бір қариядан тыңдаған еді.
5. «Иманды бара көрерміз...»
Қали, көбіне, жалғыз үй отырады. Ол биыл да Қарамоланың Егіз көлге қараған етегіне келіп қонды. Өзінің биязы мінезді, жан біткеннің сұлуы, артық сөзі жоқ әйелі бар. Ол бір-екі түйесін сауып, сүттей, кейде шұбаттай дайындайды. Оны қалаға апарып шалы Қали сатып келеді. Әрине, бұрынғы елді «Құртқан Қали» емес. Күні өткен... Оның қалаға баратын сапары бір әбігер. Бүкіл Қарамола топырағына ауыр. Сол қалаға баратын қырық жолды езулей қонған үйдің Қали үйі екенін барлық жүргізушілер біледі десе де болады. Ол үйдің иесі Қалидың жақсылығынан, не жамандығын емес, нақақтығынан белгілі болған адам. Оның осындай қылуасын білген жүргізушілердің біреуі жоламайды, жеті қабат қырдың астынан қашып жүреді.
Міне, Қали бүгін де ертелетіп жолға шықты. Жерге, аяғының алдына екі бидонын қойып, жол тосты. Ағылып жатқан машина, жеңіл де, жүк тиегені де бар, бірақ біреуі тоқтамайды. Қалидың жыны келіп тұр. Машиналар зу-зу етіп өте шығады. Жолдың көтерілген шаңы өкпесін атып барады. Қас қылып, мазақ еткендей бұрыннан білетін, танитын жүргізушілер кабинасының, әйнегін түсіріп жіберіп, қолын былғап, «Сау бол, Қали» дегендей болады. Шалдың әбден ашуын келтірді.
Бір бейтаныс жүк автокөліктің жүргізушісі дыр етіп тоқтай қалды. Қали жалма-жан бидондарын көтеріп, ыңқылдап автокөлікке жетті.
Жүргізуші жолымнан қалдырдың-ау дегендей, сағатына бір қарады да:
- Не болды, ақсақал?
- Ештеңе болған жоқ.
- Онда неге қол көтердің?
- Қалаға барайын деп едім.
- Не, мен үшін барасың ба?
- Жоқ, өзім үшін.
- Жолымнан қалдырғаның үшін, ақсақал айыбыңды төлейсің! Кеттім, - деді де жүргізуші моторын оталдырып, тартып кетті. Жөніне кетпей, Қалиды шаң мен түтінге көміп кетті.
Қалидың әбден жыны келіп, не істерге білмей, үлкен ой үстінде тұрғанда, өткенде иттер талап өлтірген бір лаққа көзі түсті.
- Тоқта, бала, тоқта! Иә, мынау менің лағым, болсын. Жаңағы АЮ-22-44 машина жүргізушісі басып өлтіріп кетті деймін. Еті де жеуге келмей қалды. Табылған ақыл?! Енді айыпты кім төлерін ол шопрға көрсетермін. Қап, бәлем, - деп бойына күш алып, өзіне өзі қуат беріп, кіжініп тұрғанда, иман жүзді бір жүргізуші Қалидың қасына келіп тоқтай қалды.
Жүргізуші Қалиды отырғызып алды да, тілге келместен қалаға тарта берді. Шамалыдан кейін Қали шалға қарап:
- Ақсақал, үндемейсіз ғой. Ажарың тым салқын, амандық па? - дейді.
- Аман емеспін! - деді Қали жұлып алғандай. - Жаңа сенің алдында қашып кеткен шопр лағымды басып, өлтіріп кетті. Еті жеуге де келмей қалды. Енді сол итті млитсаға айтуға келе жатырмын.
- Ақсақал, онда машинадан түс! Арызқой ақсақал керек емес. Ол жүргізуші менің Сізді әкелгенімді білсе ренжиді. Тіпті шатысады. Түс! Тез түс! - деп тоқтай қалды.
- Жоқ, түспеймін. Тіпті лағымды сен басып өлтірдің, керек болса...
- Ақсақал нағыз имансыз адам екенсің!
- Иманды бара көрерміз. Жүр, қалаға, жетейік.
- Жоқ, сізді тастап кетпей, қалаға бармаймын! Осылай тұрамыз.
- Маған тұрғаның керек, шөлдесем ішетін сусыным бар, - деді Қали ашу шақырып.
Жүргізуші қайдағы бәлеге ұшырадым. Мұндай имансыз адамды бірінші рет көріп тұрғаным... деп күбірледі.
- Бала, жайшылықпен жүр. Мен кешегі соғыс алдындағы халық жауы кезеңінен де аман шыққан адаммын.
- Сізге адам деген ат артық!
- Сөкпе, бала! Сені де халық жауы етіп шығарамын. Мен де бұл жайында опыт көп, - деп езуін тартты.
- Сізге, сөз жоқ, вот нахал!
- Нахал деген керек маған. Нахалды көресің. Сендер қазір ананы да халық жауы деп мынаны да халық жауы деп Сталин ұстады дейсіндер. Өмірінде қала көрмеген, орыс көрмеген де бір ауыз сөз білмейтінді де халық жауы деп ұстап алып кетті. Соның бәрін Сталин істеді, дейсіндер. Оның бәрін, істеген өзіміз. Бір қазақты, құртқан екінші қазақ. Алыстан жау келмейді! Бірімізді біріміз жамандап, өсектеп ұстап беріп жаттық. Тіпті қазақ жерін, қазақ елін, тіпті қазақ дегендер кімдер, сол Сталин туды-бітті көрген жоқ қой. Біздің Борсық құмына, Аяққұмға Сталин келіп пе?! Қалай айтасың, вот тебе нахал! Кто нахал? Мы сами нахалы!
- Ақсақал, жетті! Өзі басың иығыңа дұрыс қондырылған ба? Вот тебе февраль! Қайдағы өтіп кеткен әңгімені айтасыз. Ол кезде мен туған да жоқпын.
- Тумағаның дұрыс болған. Шешең етегіне ие болған. Болмаса, сені де ұстап берер едім.
- Ақсақал, жетті, енді! Түс кабинадан!
- Жоқ, түспеймін. Жүр. Жаңағы лағымды басып кеткен шопр қаладан шықпай тұрғанда млитсаға айтуым керек.
- Ақсақал, қысылып тұрмын. Мына жүгімді түсіріп, жүк тиеп, күн кеш болмай қайта аулға жетуім керек. Түсіңіз, шын айтып тұрмын. Түсіңіз.
- Маған сенің қысылғаның керек. Түспеймін. Мені қалаға жеткізсең, құтқарамын.
- Қаланың шетіне апарып тастаймын. Сосын мені сіз білмейсіз, мен сізді білмеймін.
- Жарайды, сені білмеймін бе, жоқ па, оны Қалекең өзі біледі.
- Құдай біледі деңіз.
- Жоқ, мен білемін. Осы уақытқа дейін Қалекең білген.
- Жарайды, кеттік. Уәде қала шетіне жеткізіп тастаймын.
Сонымен Қали үнсіз келді. Жүргізуші іштей бұл шал тағы бір бәлені ойланып келеді-ау дейді.
- Ақсақал, қала шетіне келдік. Түсіңіз, - деп кабина есігін ашады.
- Жоқ, мені млитса конторысына жеткіз, өзім жасырын түсемін.
Құрсыншы, «бір қатынды алыппын, бір пәлеге қалыппын» дегендей, алып барып тастайын деп түйді.
Қали милиция бөлімінің есігін екі бидонын босағаға соға сартылдап кіріп келеді. Кезекшіге бұрыннан таныс Қалидың тағы бір пәлені айтқалы келгенін бірден түсінді.
... Қалидың лағын «басып өлтіріп» кеткен жүргізушіні тауып алып келді. Жүргізуші ештеңе түсінбегенін айтса, тергеуші:
- Мына ақсақалды танисыз ба?
- Ия, танимын. Танығанда қандай, Қарамолада тұрады. Ал ол заманда бұл заман мұндай ақсақалды көрген емеспін.
- Қай жағынан?
- Қай жағы жоқ, нағыз пәлеқор.
- Әй шопр, сөкпе! Нағыз пәлеқор сен! Лағымды төле! – деп шал орыннан ұшып тұрды.
Тергеуші Қалиды әрең отырғызды.
- Ал жігітім, мына кісінің лағын басып кетіпсің, төлейсің!
- Лақ түгіл, торғай басқан жоқпын!
- Міне, көрдің бе, сандалуын, лақ жерде жүреді, торғай ұшып жүреді, - деп Қали жармаса кетті.
- Әңгімені, қой, жігітім. Шоферлық правоңды әкел! Лағын төле! Болмаса, үш күнге КПЗ-ыға отырасың.
- Жүргізушінің тілі байланып қалды. Басы айналып құлап бара жатты. Бір кезде жүргізуші құтыла алмайтынын білгесін, іштей: «Құтырғаннан құтылған» деген ғой.
- Ақсақал, лақтай аласың ба, ақшалай аласын ба? - деді жүргізуші.
- Ақшалай берсең де болады. Бірақ өсімімен. Лақ күзде туша болады.
- Тергеуші жүргізушіні босатты. Қалиға боссыз, шаруаң бітті ғой дей беріп еді. Кетіп барақтан жүргізушіге:
- Жігітім, айыпты кім төледі? – деді Қали жымиып.
- Әй шал, ас болмасын, алғаның! Бұл сіз сияқты арызқойлардың, өсекшілердің, суайттардың заманы ғой. Мұның бәрін туғызған... - деді де. Іштей: партия ғой, мынау сонсын ақ үйдегі қара ниеттілер тұрғанда, сендейлердің жолдары бола береді, ел оңбайды...
Тергеушінің қасына келіп, Қали тағы да:
- Мына номерді қарашы, осы шопр қалаға келгенше сөгіп дымымды қоймады. Мен коммунистпін. Партия қатарында болғаныма міне, қырық тоғыз жыл! Түсіндің бе? – деп тергеушіге тіктеле қарады Қали. Сөйтті де партбилетін стол үстіне қоя салды.
- Тергеуші шығып кетті. Амал жоқ жүргізушіні іздеп, тауып, қудыртып алды. Екі милиционер дедектетіп алып келді.
Қалиды көргенде жүргізушінің жүрегі тоқтап қалды.
- Мына шалды танисың ба?
- Иә, қалаға мен әкелдім. Жолда салют беріп тұр екен. Үлкен кісі болғасын аядым. Барлық таныстығым осы.
- Ал неге сөгесің, балағаттайсын. Бұл қарт коммунист!
- Астапыралла, оңбассыз, ақсақал. Сізді қалаға әкелген жазығым ба?
- Міне, көрдің бе, тергеуші жолдас. Мен мұның машинасына адам екен деп мінсем, бұл шопр екен. Айтып тұрған сөзін қарашы, Сіздің алдыңызда да мені сөгіп тұр ғой.
- Шоферлық правоңды таста! Қамаймын!
- Сізге сөз жоқ. Қандай айып төле десеңіз де, төлейін, босатыңыз, тергеуші аға, - деп жүргізіші жалынуға көшті ...
* * *
Міне, заманына қарай адамы. Қали жақында «дүниеден өтіпті» деген хабар ауылға тез тарады. Бірақ сексенге таяп кетті. Оның өлімін естіген үлкен-кішісі:
- Япырмай, рас па екен өзі?! Қарамола маңы, Егіз көл үсті бір жеңілдеп, дем алып қалатын болған екен. Халық та бір тыныш тынысқа көшкен екен. Құдайдың бар екенін енді білдік қой десіп жатты.
- Ия, солай деді елдің үлкен бір адамы, - адамдардың бір тобы – біреуге қызмет істеу арқылы өзінің жанына рахат табады, екінші біреулері – адамдарға жамандық істеу арқылы өзіне ләззат алады, ал үшінші біреуі – сен тимесең, мен тимеймін деп өрт болып жатсада, отыра береді. Бұл марқұм сол адамдардың екінші тобына кіретін адам еді. Енді жер де, Қалидың қызығын көрер. Тек айтайын дегенім, мұндай адамға, қаталдық та, құдайдың бұйрығы де жетпейді. Оның айналасының бәрі бақытсыздыққа ұшырайды. Бұл кісі де төңірегін жалмап бітірді-ау. Әрине, құдай ісі шығар. Халық қаһары, алдымен, мұндай адамның өзіне тисе, айналасына соқпай өтсе, құдайдың көзі түзу болғаны ғой.
Тауман Төреханов,
жазушы-журналист,
газета «Қазақ», 19 қараша, №47(508), 2010 ж.