Жазушыға жаза алмай қалудан асқан қасірет жоқ
Атына қанық ағаның мекенжайына іздеп бардым. «Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнап, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған қарт журналист жас тілшімен қалай тіл табыса қояр екен» деген үміттен күдігім басым мен үйге имене ендім. Төргі бөлменің төрт бұрышы толған қағаз-қалам, кітап... Солардың ортасында отырған қырау шалған шашын артына қайырған мейірім иесі мені жылы қарсы алды. Бұл – қазақ журналистикасынының жілігін шағып, майын ішкен, табан аудармастан талай жыл Ақтөбе облысының баспасөзінде бас редактор болған, «тарихтың қанды іздерін» қалам-қаруымен тінткен танымал жазушы, елі «Тәуке», «Тау аға», «Ақ Тәке» атап кеткен Тауман Төреханов. Баспасөз бейнетін бір кісідей көріп, бүгінде зейнет жасына шықса да ақ қағаздан ажырай қоймаған ағаға алғашқы сауалымыз «Байқаймын, әлі күнге қалам жастанып, қағаз жамылып жүргенге ұқсайсыз. Әлі жазып жүрсіз бе?» болды. Жүзіме қарап жымиған Тауман аға:
Орыстың ұлы Чеховынан өлер алдында «Жазарыңызды жазып кеттім деп ойлайсыз ба? Әлде өзіңізбен ала кеткен өкінішіңіз жоқ па?» деп сұрапты. Сонда Чехов: «Менің басымда 12 бірдей қағазға түспеген роман кетіп бара жатыр. Оның бірі тақырыбы табылмағандықтан тумады. Тағдыры солай болды. Енді бірінің оқиға өрісінде олқылық болды. Қысқасы, менің кей шығармаларымның басымда пайда болып, қағазға түспегені болса олардың жазмышы солай болды ұққан жөн» деген екен. Сол айтқандай жазушы адамның жай жүретін кезі жоқ. Жазбағанның өзінде санасындағы ойлармен жанталасып жүреді. Әдеби шығарма да перзент секілді. Оның өмірге он екі мүшесі сау келіп, кейін оның өзіңнің ғана емес, халықтың да көз қуанышына айналғанын қалайсың. Чеховтың да ойы осыған сайса керек. Кез келген адамда ғаламат ойлар болуы мүмкін. Бірақ оны қағазға түсіру тек сөз зергерлерінің ғана қолынан келеді. Ал енді осынау әдебиеттен баспасөздің бейнеті аз дей алмайсың. Тақырып табу, оны зерттеу, таразылау, сараптау... Қысқасы, жоқ дүниеден жұп-жұмыр нәрсе жасау тек журналистің қолынан келмек. Ал өмір бойы жазып келген адамға жазбай қалудан артық қасірет жоқ. Жазып жүрмін. Бұған дейін оннан аса кітабым оқырманға жол тартқан.
«Газеттің ісі - от» дейді осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңғандар. Отыз жылдан аса осы «оттың» ортасында жүрдіңіз. Сізді осы салаға не айдап әкелді?
Біздің буынның балалық шағы соғыстың сұрапыл күндеріне тап келді. Мұғалімізді майданға әкетті. Тылда малшы ауылда жәрдемші болып жұмыс істеп жүргенмін. Кейін «майданға тұз жетпей жатыр» деп шахтер-тұзшы болдық. Содан «Кішкенетұз» деген жерде сүйменші болып, мұз ойып, тұз тасып еңбек еттік. Одан біраз өткенде «колхоздың малын қасқыр жеп жатыр» деген әңгіме жетіп, бәріміз қолға қосауыз алып, қасқырдың ізіне түстік. Кейін Шалқар қаласына келіп газет-журналдармен танысып, қала мәдениетіне ден қоя бастаған кезім еді. Бір күні бір жігіт «Қалалық атқару комитетінен сізді шақырып жатыр. Тез жетіңіз!» деп жетіп келді. Бардым. Барған бойда менің қолыма «Социалистік Қазақстанның» бір нөмірін берді де, «Тез мынаны оқып, мазмұнын айтшы» деді. Төртінші кластан кейін мектеп көрмеген мен бір жерін түсініп, бір жерін түсінбей, ежіктеп оқып берген болдым. Бас хатшы атқару комитетінің жауапты хатшысы Досов деген үлкен кісіні шақырып алып «Мына баланы жұмысқа алу үшін бұйрық жазыңыз!» деді. Сөйтіп 16 жасар бозбала – мен әп-сәтте халық депутатты Шалқар қалалық кеңесінде іс-қағаздар жүргізушісі болып шыға келдім. Содан бастап Ақтөбе облыстық «Социалды жол» газетінде қысқа хабарларым шыға бастады. Кейін жасы үлкен ағалардың ақылымен КазГУ-ге оқуға келдім. КазГУ-ді үздік бітіріп, оқуымды жалғастыруым үшін Ленинградқа жолдама алғаныммен, кәрі әке-шешемді тастай алмай, елге оралдым. Осыдан кейінгі өмірім өзің айтқан «өрттің» ішінде өтті» (күліп).
«Сіз тарихи тақырыптарға қалам тарттыңыз. Бұл Сіздің қалам ұстар алдында тұңғыш таныған һәм тілдескен адамыңыз Ілияс Есенберлинмен болған кездесуден кейінгі әсер емес пе?»
Ленинградқа бара алмай, елге оралып, Біршоғыр шахта поселкесіндегі мектепте жұмыс істей бастаған кезім. Келе салысымен елден «Біршоғыр тау көмір шахтасының белгілі геологы (кейіннен атақты жазушы атанған), Ілияс Есенберлин деген мықты адам бар» деп естіп, іздеп бардым. Жарықтық, жақсы адам еді! «Жазуға бел байлаған жігіт екенсің. Күнделік жаза жүр. Не түйгеніңді жүрегіңде салып, таразылап, қағазға түсіріп жүр» деп кеңес берді. Бұл кездесу менің жадымда ұзақ жатталды. Мен содан бері 173 күнделік жазыппын. Соларды қайтадан шолып, бір кітапқа жүк боларлық дүние сүзіп алып, дайындап қойдым.
Талай жыл «Жаршы», «Коммунист таңы» газеттерінде басшылық қызметтерде істедіңіз. Мәселен, Шалқар аудандық газетінде табан аудармастан 29 жыл бас редактор болыпсыз. Осынау жылдары бұдан бөлек те бірқатар қызметтерге шақыртулар мен болған ұсыныстардан бас тартыпсыз. Неге? Әлде шығармашылық ізденіске ден қойып па едіңіз?
Иә, облыстық комитет қайта-қайта шақырып, «Ырғыз ауданының атқару комитетіне төраға болып бар» деді. Бармадым. «Темір ауданына екінші хатшы болып бар» деп еді, одан да бас тарттым. Байғанин ауданына жібергісі келген, тағы «бармаймынға» бастым. Сондағы мақсатым - халық батыры Көтібар Бәсенұлының баласы батыр Есет Көтібарұлы туралы зерттеуімді бітіру. Рас, Кеңес үкіметі тұсында оны жарыққа шығара алмайтынымды сездім, цензура күшті еді ғой. Бірақ зерттеуімді тоқтатқаным жоқ. Кейін тәуелсіздік алғаннан соң бұл еңбегім «Дала Геркулесі» атпен үлкен кітап болып оқырманына жол тартты.
Цензура демекші, тыңнан түрен тартқандай тарихтың трагедиялы тұстары жайында сыр шертетін өткір сюжетті романдардың авторысыз. Оған «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», «Кісенделген дала», «Тарихтың қанды іздері» сынды бірқатар тарихи еңбектеріңіз дәлел. Бақсақ, олардың бәрі тәуелсіздік алған шақта ғана жарық көріпті. Түсінікті жайт. Осыған сәл тоқталсаңыз...
Мені қырқымнан шығар-шықпастан әкемнің бауыры асырап алған. Кейін Магнитогорск қаласында металлургия комбинатын салу үшін Одақтың жер-жерінен жұмысшы күшін жинаған. Соның ішінде мені бауырына басқан әке-шешем де кете барған. Олардың мені сонша әкеткісі келгенімен елдегілер әлденені сезсе керек, мені бергізбепті. Кейін студент болып жүргенімде аштық кезінде жоғалып кеткен әке-шешемді іздеп, Магнитогорск қаласына жол тарттым. Сөйтсем, сол жерде аштан қырылғандарды бір жерге көме салып, кейін ол жерді тегістеп, қала салып жіберген екен. Соны зерттеп жүріп, өзіміздің Арал қаласына келді. Осы жерде Дәрібай көлі деген көл бар. Соның жағасында қырылған адамдар туралы білдім. Кейін осыларды зерттеп-зерделей келе 12 баспа табақтай зерттеуімді машинкаға басқызып, сол тұстағы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Сапар Байжановқа келдім де, «Оқышы» деп алдына қойдым. Көзіне жас ала отырып оқып шықты да «Тауман, егер мен қазір үтір - нүктесін өзгертпестен қол қойсам, ертең газетке кетеді. Бірақ мынаны естен шығарма. Өзің де редакторсың. Жағдайды түсінесің. Менің ақылымды алсаң бұл қолжазбаңды сары майдай сақта. Бұл уақыты туғанда құнды дүние болмақ» деді. Сапардың сөзінің жаны бар еді. Ол кезде «Кеңес Үкіметі тұсында халық аштан қырылды» демек түгілі, «жүдеді» деудің өзі соншалық үрейлі еді. Цензура сұмдық-тың. Сапардың айтқаны айдай келді. Кейін бұл «Тарихтың қанды іздері» деген атпен кітап болып шықты. Иә, кітаптарымның көбі сол тұста жазылғанымен, Кеңес үкіметінің идеологиясына қайшы келетіндіктен жарыққа шықпады.
Қолыңыздағы жан түршігерлік жалғыз суреттің жайы мені қызықтырып отыр. Бұл суреттің Сізде сақталғанына қарағанда, біраз сыр жасырған болуы керек.. Осы туралы айтып беріңізші. (Ағаның қолында қол-аяғы жоқ сәбидің суреті)
Бұл сурет - «Ғасыр қасіреті» кітабыма жүк болған деректің айғағы. «Ғасыр қасіреті» - бүкіл адамзатқа қайғы-қасірет әкелген жиырмасыншы ғасырдың нәубетінен сыр шертеді. Онда Мұғалжар тауының етегіндегі академик А.Д.Сахаровтың атом ракеталарын сынайтын далалық лабораториясы залалы мен Арал теңізі апатының Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарының халқын, малын рак ауруына ұшыратқаны, қырғаны жайында өткір айтылады. Сол лабораторияның залалынан соң бұрынғы далада өсетін 300-ге жуық өсімдіктен тек 50-60 түрі ғана қалса, әйел-аналарымыз менің қолымдағы суреттегідей қол-аяғы жоқ сәбилер босанды. Менің қолымдағы - өзім түсірген сурет. Жалғыз көзді, қызылшақа терілі бұзаулар, екі басты қозылар туып, елде бұрын-соңды болмаған жантүршігерлік оқиға орын алды. Бұлай жалғаса беруге болмайтынын түсіндік. Жұрын, Шалқар аудандарының бірінші басшылары Ж.Әміров, Т.Алдияров үшеуміз қасымызға елдің жайын жақсы білетін бір ақсақалды ертіп, академик Сахаровқа келдік. Сөйтіп ақсақалдың аузымен елдегі жайды баяндатқыздық. Сахаровтың түрі сұрланып, қатты қобалжыды. «Мен мұны жоғары жаққа айтайын. Бұл мәселені қарастырамыз» деп қалтырап кеткені әлі күнге көз алдымызда тұр.
Қайсыбір жылдары Германияда сапарда болғаныңызда бір қызықты жайттың куәсі болған екенсіз. Неміс жерінде қалған «совет солдатының» ұлы туралы әңгімеңізді естігім келеді.
Оның рас. Бір жылдары «Герман-Қазақстан достығы» қоғамының және Берлиндегі Гумбольдт атындағы университеті студенттерінің шақыртуымен сол жаққа жол түсті. Университет студенттері менен Кеңес баспасөзі мен тәуелсіз Қазақстан баспасөзі жайында лекция оқуымды өтінді. Лекция оқып бітер кезімде сом денелі, денесін түк басқан жігіт ағасы маған жақындап келіп, сөйлей бастады. Аудармашы аударып берді. Ол «Менің әкем - Қазақстанның Қызылорда деген жерінің тумасы. 1945 жылы 30 сәуірде неміс жеріне полк басқарып келген. Кеңес полковнигі болған. Сол кезде қатты жараланып, қаладағы бір арканың түбінде жатқан кезінде 17 жастағы неміс қызы тауып алған. Кілемге орап әкеп, үйіндегі жертөледе жасырын емдеген. Кейін менің анам – неміс қызы оған ғашық болып, бала көтереді. Бірақ ол кезде КГБ-ның рұқсатынсыз неміс қызына үйлене алмайсың. Бір жағынан немістер жауымыз деген уақыт. Кейін әкем өзі бәрін баяндағанда КГБ-ның адамдары екі иығынан екі погонын жұлып алып, бүгінгі күннен бастап Қазақстаннан көзіңді құрт» деп қайтарып жіберген. Мен сол кезде іште қалған бала едім» дейді етжеңді ел ағасы. Өзі сол Гумбольдт университетінде экономика пәнінен дәріс беретін оқытушы екен. «Екі-үш фирмам бар. Дәулетім бір басыма жетеді. Енді үйленбек ойым бар. Бірақ неміс қызына үйленгім жоқ. Отбасын қазақ қызымен құрғым келеді. Аға, соған жәрдем беріңізші» деп бетіме қарап тұр. Әкесінің зиратының суретін көрсетті. Кейін әкесінің туған жерін іздеп Қазақстанға келді. Қызығы сол, ақыры сол «неміс жеріндегі немереміз» қазақ қызына үйленді. Бұл жайында біраз газет берді де.
Қарт журналистің жолсапар очерктерінің өзі бір төбе. Сапарлас болған ұлтының ұлылары туралы айтары да аз емес. Әлі де қолынан қаламы түспеген жазушыға «жазар көбейіп, жүз жасаңыз!» деп тілек айттық.
Сұхбаттасқан Динара ІЗТІЛЕУ,
Ана тілі, 2011 ж., 17-30 наурыз,
№11-12(1056-1057), 15 бет.
http://anatili.kz/?p=5981