Аса қадірлі Тауман Алыбайұлы!
Cіздің 2009 жылғы 30 шілдеде маған жолдаған хатыңызды және “Дала Геркулесі” деген кітабыңызды алып, риза болдым. Біз үлкенді сыйлап өскен халықпыз, сондықтан Сіз сияқты көпті көрген аға ұрпақтың, мейірім төккен ақ жаулықты аналарымыздың жүрекжарды тілектеріне құлақ түріп жүреміз, содан қуат аламыз. Қартың болса үйінде – жазып қойған хатпен тең. Бәріміздің де мақсат-мүддеміз – ортақ үйіміз, байтақ Отанымыз – Қазақстанның терезесін көгеріп-көркейген елдермен теңестіру.
“Атаға карап бала өсер, қарағайға қарап тал өсер” дегендей, Сіздер сияқты үлкендеріміз, барлық ғұмырын ел игілігіне арналған ағаларымыз төрімізде отырып, өмірден көрген, түйген, білгенін кейінгілердің санасына құя берсе ұлтымыздың, барша халқымыздың рухы асқақтай берері кәміл.
Бүгінгі күні тәуелсіз мемлекетіміз тұңғыш Елбасымыз Н. Назарбаевтың көреген басшылығымен әлемге танымал елдердің біріне айналды. Ел қазынасы қарышты даму жолына түсті. Сол арқылы халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жол ашылды. Барлық күш-қуатымызды жұмсай отырып, төрт құбыламызды түгендеп келеміз. Ақтөбе – ел өңірлері арасында керуен көшін тартқан қара нар мәретебесіне ие болды. Осындай қол жеткен табыстарымызды баянды ету үшін біз Сіз сияқты абзал ағалардың дуалы бәтуасына сүйенеміз. Сіздер аман болыңыздар, бақытты қарттық бастарыңыздан таймасын. Біз әрқашанда Сіздерге қарап, болашақ кемесінің бағытын түзеп, қамқор боламыз.
Тау-аға, ықылас-ниетіңізге рахмет!
Үлкен құрметпен,
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
Ақтөбе облысының Әкімі.
19 тамыз, 2009 ж.