МЫҢ АЙДЫҢ ЖҮЗІН КӨРГЕН…

tauman torekhanov

Мың айдың жүзін көрген қаламгер ақсақалымыздың сөзі де мың бір дауа. Жазғандары жанға сая. Олай дейтініміз – ақылман қарттың айтқаны көңіліңді кірбіңнен тазартып, жазғандары жүрегіңе даңғыл жол салады. Сөйтіп өзі де, сөзі де, жазғандары да тәрбие құралдарына айналады. Өйткені, қазыналы қарттың тағдыры солай. Көргендері, естігендері, басынан өткізгендері кейінгі ұрпақ үшін өмірлік сабақтың қасиетті кітабы. Ізіне ергендердің иманшарты. Кемеңгерліктің алтын тұғырында тұрған Тауман Алыбайұлы Төреханов өзінің «Тағдырлар тайталасы» атты жаңа еңбегімен тағы бір жаңа әлем ашты.


Менің пайымдауымша, шығар­ма­шылық адамы жас ерекше­ліктеріне бөлінбейді. Яғни, ол қартаймайды, қайта тәжірибесі толысып, қарымы ұлғайып, кемел­дене береді. Сондықтан қаламгердің әрбір шығармасы – тың әлем. Тынымсыз еңбек оқырмандарын тағы бір таңға­жайып әлемге жетелейді. Саяхаттатады, сергітеді, сезіміңді байытып, ой-өрісіңді кеңей­тіп, танымыңды тереңдете түседі. Сондықтан да жазушы-журналист Тау­ман Алыбайұлының жаңа еңбегін осылай бағалаймын. Сонымен қатар қарт қаламгер қазір көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан очерк жанрын да өз естелік­терімен бірге қайта оралтқан. Бұл қазақ қалам­герлері ақсақалдарының бірегейі болып отырған жазушының журналистік ұста­ханадан суғары­лып шыққанын көрсетсе керек. Қарт қаламгер өз қала­мынан шыққан дүниенің қара­пайым, қалың оқырманға арналған ұғы­нықты, көп­шіліктің жанына жақын болуын қада­ғалап отырғандай. «Тағдырлар тайтала­сын» оқып отырып, аға буынның бәрінің бір-бірімен хат алысып, күнделік жүргізіп отыра­тынын тағы да жүрегің жыли есіңе түсіресің. Олардың жазу­ға деген құрметіне, өз көрген-білгендерін қағазға түсіруге деген ұсынақты­лығына тәнті болғандайсың. Бүгінгі қолына қалам алып жүрген жастарға бұл да бір бойларына сіңіріп, болмыстарына орнықтырар құнды қасиет екені анық. Бір нәрсе керек болса ғаламтор ақтарып, дайыннан дерек алып жүретіндер, өздерін өздері осылай дағдылан­дырса екен дейсің.

Осы ғұмырына дейін қаламгер Тауман Алыбайұлы өзінің шығар­ма­шылық сапар­ларында көрген-білгендерін және өз ғұмыры­ның кейбір оқиғаларын күнделік-мемуарына қырағаттап түсіріп жүрген. Аз ба, көп пе? Бізге белгілісі – екі жүз елу күнделік. Классик жазушы Сәбит Мұқановтың алыс-жақынмен жазысқан хаттарының өзі 141 том болған деген дерекке сүйен­сек, Тауман Төреха­новтың жаз­ған­дарын да сараламай хатта­сақ, бірнеше том болары анық. Алайда, қаламгер оның қазіргі күні тек негізгілерін, әзірге бір бөлігін ғана кітапқа қосқан.

«Турасын айтсам, жас сексенді алқын­дыр­ған уақытта ойлана отырсам, тек өз ұрпағым-әулетім үшін ғана емес, жас ұрпаққа да, замана тұрғындарына да еске алуға қажет болар-ау деп, кітапқа айнал­дырып, жарыққа шығаруға тура келер деп ой түйдім», — дейді. Сол күнде­лік-мем­уардан екшеліп алынған қолжаз­балар «Тағдырлар тайталасы» деген атпен көлемді кітап болып, жарыққа шықты.

Бұл ғұмырнамада қаламгер өз өмірін­дегі тартысты тіршілікті: тірі жетімдік, аштық, өмір­ден баз кешу, еңсесі түсу, күнкөріс үшін алыс-жұлыс, көзі көрген жа­ман­шылыққа жан күйзелісі мен қынжылу­ларын нақпа-нақ сурет­тесе, енді бір қы­рында тамсанып-таңқалу, риза болу, жақ­сылыққа масаттану көркемделе беріледі.

Кітаптың бір бетін ашып оқысаң осы күнгі сүріп отырған өміріңе «шүкіршілік» етіп, қанағат тұтасың, енді бір бетін ашып оқысаң арманның ақ боз атын мініп, қиялыңнан қанат байлап, жақсы өмір сүруге, жақсылыққа ұмтыласың, жақсы болуға талпынасың…

«Тағдырлар тайталасы» кітабы – кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды естелік. Кітапты оқыған әрбір оқырман автордың тек жазушы ғана емес, зерттеуші екеніне де көз жеткізеді. Себебі, аталған еңбекте қаламгер шығарма­шылық сапарларындағы өзі демалған демалыс орындары болсын, сол жерлердің тау-тастары туралы молынан ақпарат береді. Ол жай ғана ақпарат емес, әрбір түсініксіз аталымның этимологиясына барып, оқырманына түсініп оқуына жол ашады. Сондай-ақ, оқырманына қазақы тәрбие, оның ішінде отбасылық, туыстық қарым-қатынас туралы тағылымдық мәні бар оқиғалар арқылы тәрбие бере оты­рып, жаңа идея туғызатын ой қорытындылары, әлемге танылған ұлылардан қалған ұлағатты сөздер, ұлттық ғұрпымызға қатысты түйін­демелер мен топонимикалық және ономасти­калық этимологиялық талдаулар жасаған.

Кітаптың тілі ұғынуға жеңіл, сөз орамдары дөп, сондай-ақ, оқырманын «қонақтарым», «жолаушым» деп еркелете тілдесе отырып, әрі қарай оқуға үндейді, кітаптың тұнық әлеміне жетелейді. Бұл еңбектің тағы бір құнды тұсы – біз кітаптарын оқып, ұлық тұтатын ұлы тұлғаларымыздың алдынан дәріс алған кезінде өз аузынан естіген өмірге қажетті сөздерін дәл сол қалпында жеткізуі.

Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, белгілі журналист-жазушы Тауман Алыбайұлы Төреханов алпыс жылға жуық мағыналы ғұмырын баспасөзде өткізді. Сол кезеңдерде КСРО-ның талай жерлерін көріп, небір ұлы тұлғалармен кездесіп, ой бөліскен сәттерінен сыр шерте отырып, автор оқыр­манды тағылымды ойларымен толғантады.

Кітапты оқи отырып, «қаламгердің басы­нан не өтпеді екен?» деген ойға келесіз. Қарт қаламгер өз еңбегінде көрсеткендей, Белинс­кийше айтсақ: «Тағдырдың айықпас тәлкегіне тап болу – ит болып үруге, мысық болып мияу­лауға, қасқыр болып ұлуға, түлкі болып құйрықты бұлғаңдатуға, қоян болып қашуға бұйырды». Дегенмен, журналист-жазушы өз өмірінде қиындыққа толы қилы оқиғалар болса да тек адалдық пен әділеттікті ту етіп ұстады. Сондықтан, жақсы адам болып өмір сүру үшін қандай қасиеттер қажет, міне, оның жауабын осы кітаптан таба аласыз.

Қаламгер ойы – тұнып тұрған ұлылардан қалған сөздердің қорытындысы. Мәселен, Сақ дәуірі ғұламаларының мына бір «Арамның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте. Жақсы­лық пен жамандық әркімнің басынан өтеді. Сондықтан араздаспай, таласпай тату жүрсек не етеді?! Ынтымағы бар болса, бұл дүниенің қызығы бәріңе де түгел жетеді» деген ұлағатты сөздерімен ой қорытындылаған тұсы қазіргі эгоизм етек алған заманда әрбір адамға күнделікті ойына оралып отыруы керек дүние.

Тауман Алыбайұлы Төреханов мағына­лы ғұмырдың биік бір белесіне шыққанда өмір жолынан түйгенін «Тағдырлар тайталасы» кітабы арқылы қалың жұртшылыққа жеткізуі үлкен ерлік іс. Қарт қаламгер тағдыры сондық­тан да тұғырлы.

Гүлмира ӨТЕМІСОВА,
доцент, филология ғылымдарының кандидаты.
Алматы Ақшамы
11.03.2016