Қаламгер Қадамдары
Хронологиялық кейбір деректер
Тауман Алыбайұлы Төреханов 1931 жылы 15 наурызда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген.
1941-1945 жж. Отан соғысының тылында еңбек еткен.
1947 ж. Шалқар қалалық Кеңесіне – мемлекеттік қызметке алынған. Содан 1949-1950 жж. Шалқар аудандық газетіне аға әдеби қызметке ауыстырылған.
1955 ж. Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетін (казіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) үздік бағамен – қызыл дипломмен тамамдаған. Сол жылдары ұлы жазушы М.Шолоховты, А.Леоновты университет студенттеріне шақырып кездестірген. Оған себеп ол факультет жастар одағының хатшысы болған.
Университетте академиктер Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Төлеген Тәжібаев, Мәулен Балақаев, арабтанушы Әжікеев, логик Крывалов, тіл білімінің білікті маманы Жұбаныш Аралбаев, Бейсенбай Кенжебаев, тілші Орынбасар Төлегенов ғұламалардан, басқа да зиялылардан дәріс алған.
1953-1954 жж. ұлы қаламгер Ілияс Есенберлинмен кездесіп, әдебиетке деген көзқарасын қалыптастыруға жол салған.
1955-1957 жж. екі жылдай ұстаздық еткен. Содан кейін барлық саналы ғұмырын баспасөзге, қаламгерлікке бағыштаған. 30 жыл бойы облыстық селолық, ауданаралық, аудандық газеттердің бас редакторы болған.
«КСРО баспасөзінің Үздігі» ерекше белгісімен марапатталған.
КСРО және Қазақ ССР Журналистер Одақтарының Құрмет Грамоталарын алған.
Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Қазақ ССР-ның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағы берілген.
Қазақ ССР-ның 4 медалымен, содай-ақ «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын алған. Небәрі 23 награда иегері.
Халық депутаттары аудандық Кеңесінің 31 жыл депутаты болған. Бұл жылдары аудандық ономастика - топонимика комиссиясын басқарған.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамын ашып, оның тұнғыш басқарушысы болған.
Шалқар аудандық тарихи өлкетану музейін ұйымдастырып, ашқан. (1987 ж. Ресми құжаттар үйінде сақтаулы).
Шалқар ауданаралық, кейін аудандық газетін «КомТаңы», «Шалқар» 1963 ж. ашып, оның 30 жыл бас редакторы болған.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мұғалжар тауының терең аңғарындағы «Эмба-5» құпия-жабық әскери қалашықта академик Сахаровпен кездескен.
Еске алатын болсақ, осы өңірде 1830 жылдары Орынбор–Самара губернияларының генерал губернаторлары қазақ жерін одан әрі отарлай түсу үшін, Есет Көтібар бастаған ұлт-азаттық көтерілісті жаныштау мақсатында әскери гарнизондар салған еді.
Қаламгер іс сапармен жүргенде, 1981 жылы 15 наурызда Москва академиясының студенті Сәуле қызымен Ленинград (бүгінгі Санкт-Петербург) «Москва» қонақ үйінде Қазақстанның, Украинаның, Ленинградтың бір топ редакторларымен 50 жылдық мерей тойын өткізген.
Иә, 1858 ж. халық батыры Есет Көтібаров, Дәулеткерей Шығаев, тілмаш Николай Костромитинов осы Санкт-Петербургте болған екен. Бұл сапар жайында «Дала Геркулесі» атты кітабында толық айтылады. Ал бастауын Жошы, Әбілқайыр, Нұралы хандардан алатын Шығай ханның ұлы перзенті, даңқты күйші Дәулеткерейің осы еді.
1960 жылдары бір топ Одақ редакторларымен Москвадағы Останкино мұнарасының ашылу салтанатына қатысқан. Мұнара авторы техника ғылымдарының докторы, профессор Никитинмен кездескен.
2000 ж. Герман Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Достық қоғамының шақыруымен Берлиннің ағайынды Гумбольдт атындағы университетінің студенттерімен кездесіп, әңгіме дүкенін құрған. Кездесуді Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің дипломаты, неміс филологиясының докторы Әділбек Әлжанов (Dr. Adibek Alzhanov, Botschaftsrat Botschaft der Republik Kasachstan) басқарып, жүргізген.
Берлинде бәйбішесі Балзада Шәмшіқызымен Рейхстагта болып, Рахымжан Қошқарбаевтың ту тіккен төбесіне шығып, басқан іздеріне тәу еткен.
Ал 1970 жылдары «Алматы» қонақ үйінің директоры болып тұрған кезде Рахымжан Қошқарбаевпен бірнеше дүркін әңгімелескен. Әрине, бұл бөлек әңгіме.
Қаламгердің бірнеше кітабы Америка Конгрессінің, Герман Федеративтік Республикасының Гумбольдт университетінің, ҚР сондағы Елшілігінің, «Әлемдік кітап жәшігі» атанған Гамбургтың, Канада университеттерінің кітапханаларына сыйға тартылған.
1 қазан, 2007 ж. 19:20 сағатта телефон безектеп қоя берді.
– Аға, ағай кешіріңіз, мен Света деген қызыңызбын, - деді асығыстау сөйлеп.
– Осы жаңа ғана «Хабар» арнасы Түркиядан бір мәдени жаңалықтар беріп жатты. Қас қағымда Ыстамбулда тұратын бір қазақтың үйінің кітап сөрелерін жарық етіп көрсетті. Сол сөреде сіздің «Көз көргендер еді», «Зердесінде ұрпақтың», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Кісенделген Дала», кітаптарыңыз жайнап тұрды. Қуанып кеттім. Құттықтаймын!
Қызыма рахмет айттым.
Жазушының бұрынғы кітаптары жайлы республикалық баспасөздерде, радио, теледидарларда жазылған, көрсетілген пікірлер– ақпараттар «Кісенделген Дала», «Тарихтың қанды іздері» кітаптарына берілген.
«Дала Геркулесі» романынан кейбір деректер:
Заманының аты шулы тұлғалары: Ноғайлы, Едіге ..., Әлім – Шекті (Қаракесек). Қыр Шектісі, Сыр Шектісі. Қалу – Бөлек – Айт, Бұжыр. Айттан – Қабақ, Тілеу. Жалаңтөс дәуірінде Қабақ Ташкент шаһарының бегі болған. Тілеу Хан сарайының уәзірі. Қабақтың немересі Қалдыбай Қоқанда Хан болған. Кейін Бішкекке билік жүргізген...
Қыр Шектісінен көріпкел Мөңке, Төлеген, Саңырақ (Самұрық), тарихта қалған тұлғалар...
Қабақтан – Жапақұлы Бәсен (1727-1830 жж.) 103 жасаған ұлы Еңбеккер. Бәсенді ағасы Досалы Кете елінің іргелі байы, төбе Биі Боздақтың кенже қызы Нарбикеге (1733-1823 жж.) үйлендіреді. Бұл некеден Жандәулет, Ақпан, Тоқпан, Көтібар, Қөбес – «Бес Бәсен» тарихта қалды.
Көтібар Бәсенұлы(1756-1833 жж.) Адай бабаның ұрпағы даңқты бай, би Мұғалдың Айсары қызына үйленеді. Осы некеден Сарыбөпе, Сатай, Шынтемір, Матай, Есет + Дәрібай – заманында «Көтібардың алты көкжалы» атанған алты перзенті өмірге келеді. Сарыбөпе мен Шынтемір Сыр Шектісі Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған 1840 жылдардағы Қоқан хандығына қарсы азаттық соғысқа қатысады.
Есет Көтібарұлы (мамыр 1803 - желтоқсан 1889 жж.) ұлы әулие Бекет Мырзағұлұлының жиені. Батырдың жан жары Тағлима Адайдың Құлмұхамед байы, биінің қайратты қызы. Есет тұнғышы Назарға ұлы әулие Марал ишанның немере қызын алып берді.
Кітаптың сыртқы бірінші бетіндегі Есет Көтібарұлының және кітаптың ішіндегі Назардың фотосуреттері 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде Шоқан Уәлихановпен Михаил Венюковтың «Есет – Дала серкесі» деген мақаласында жарық көрген. Ал соңғы сыртқы беттегі Есеттің бір қырынан отырған фотосуретін поляктың демократ - суретшісі Бронислав Залесский қара карандашпен салып, 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған кітабында бір бөлім ашып соған салған. Әрине, бұл тарихи оқиғаларды білу үшін «Дала Геркулесі» кітабын оқу керек.
1750 жылдары осы Ұлы Борсық құмының бойында туған Көшім хан Ресей империясының Сібірді отарлауын жүз жылға шегерсе, Есет жиырма жылға бөгеген ұлттық тұлғалар еді. Ал Есет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің оқиғаларын кезінде «Колокол», «Современник», «Русский художественный листок», «Отечественные записки», «Русский архив», «Вестник Европы», «Русский инвалид», «Аугсбург - Цайтунг», т.б. ондаған басылымдар шулап жазды.
Романда мынадай дерек келтірілген. Есетті қолға түсіре алмай әбден қаны қарайған Перовский жынданып отырып, қағазға былай деп жазыпты: «Да, Исет – герой народа. Исет – батыр. Исет – Би своего народа. Исет – рыцарь эпохи, как отец Кутебар – хищник. Исет – приведение, призрак. Исет – в конечном счете, легенда народная! Да, Исет – алтайская лиса в ковыльной киргизской степи. Да, Исет – очень хитрый и умный. Я поймал бы и отдал бы его на растерзание Василию Васильевичу» (393-394 б.).
Иә, халқы Есетті сатқан жоқ, Есет халқын ешбір жау қолына құлдыққа берген жоқ! Біздің бұл келтірген деректеріміз кітаптағы жазылған мыңдаған оқиғалардың бірең-сараңы ғана. Кітапты оқыған адам ғана қанық болады.
Осы жаңа жыл қарсаңында жарық көрген «Дала Геркулесі» тарихи деректі роман жайлы республиканың Ата газеті – «Егемен Қазақстан» (25.02.2009 ж.), «Қазақ» – 1913 жылдан шығатын республикалық ұлт газеті (05.12.2008 ж.), «Президент және Халық» – республикалық қоғамдық-саяси газет (26.12.2008 ж.), «Ана тілі» – ұлт газеті (26.02.-04.03.2009 ж.), «Айқын» – республикалық қоғамдық-саяси газет, таралымы 198465 дана (11.03.2009 ж.), Тәуелсіз мемлекеттер Достығы елдеріне тарайтын «Мир» телеарнасы (12.02.2009 ж.) жүргізуші тележурналист Дәулетхан, «Нұр-Дәулет» газеті – Ақтөбе (08.12.2008 ж.), «Шалқар» газеті бірнеше санында ақпараттар беріп те үлгерді.
Кітап авторының Әлемге тарайтын Ресми Сайтынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде, орыс, ағылшын тілдерінде берілген көптеген тарихи деректермен, басқа да толық ақпарат – мағлұматтармен танысуға болады.