Қаламгер Елмен Қауышты

Журналист-жазушы Тауман Төреханов өзінің сексен жасқа толу мерекесін ел құшағында, туған өлкеде өз оқырмандарымен кездесу аясында өткізуге келді.

Бұл күндері Алматы қаласында тұратын қаламгердің жүріп өткен жолы кейінгі буын үшін тағылымды. Отыз жылдай Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетіне редактор болған ол осы кезде халықтың ортасында жүріп, аймақ шежіресін жинақтады, өткеннің өнегесің, бұрынғының тәлімін санасынан өткізіп, болашақ үшін қағазға түсіріп отырды. Соның барлығы кейінгі он-он бес жыл көлемінде бірнеше кітап болып жинақталып, көпшілік қажетіне ұсынылды.
Осындай мол еңбекпен Ақтөбеге келген қадірлі ағамен кездесу кеше облыс орталығындағы Достық үйінде өткізілді. Кешті Журналистер одағының мүшесі, облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Жанқабыл Қабақбаев жүргізді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин облыс әкімдігі атынан той иесіне құттықтау хат тапсыра отырып, ең ізгі тілектерін білдірді.
«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры, ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы әріптес ағаға ақ жарылқап көңілін ақтарыла білдірді. «Ел мерейін көтеретін нұрлы кездесу бұл, - деді ол, - сіздің тойыңыз, ең алдымең әдебиеттің мерекесі. Өмірде ылғи да жоқ іздеп жүретін адамдар болады, олар – қаламгерлер. Сіз көп жоқты тапқан адамсыз, сол үшін халық сізге риза».
Ақтөбелік аға буын журналистер Нұрқайыр Телеуов, Көпжан Жалдыбаев, Үбайдолла Жауылбаевтер ұзақ жылдар бірге қол ұстасып жүріп өткен жолдарды еске түсірді.
Белгілі жазушы Сәбит Досанов қаламгер ағасы туралы тебірене сөйледі: «Сіз «Дала Геркулесі» тарихи романыңызбен өзіңізге мәңгілік ескерткіш орнаттыңыз», - деп інілік ізетін білдірді.
Той иесі жүздесуде тебірене сөз алды. Өзі туып-өскен өлкенің жанына жақын адамдарымен кездескені өзіне үлкен қуат-жігер беретіндігін айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Ақтөбе газеті, 19 мамыр 2011 ж, 3 б.,
www.aktobegazeti.kz