Тұлпар тұяқты, қыран қияқты шығарма

sabit dosanov

Сәбит Досанов – жазушы, Халықаралық М. Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Россия академиясының педагогика және әлеуметтік ғылымдарының академигі, Россия әдебиеті Академиясының академигі, профессор.


Кітап оқу дегеніміз – басқа адамдардың
ойларының көмегімен өзіндік ойларыңды тудыру.
Николай Рубакин

Жаңа жыл қарсаңында «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан көлемі қырық баспа табақ тарихи романды оқып шыққанда, ойыма табандылығымен әлемді таң қалдырған әйгілі өнертапқыш Сайрус Филд оралды. Көлеміне көк дөненнен жүйрік көңіл болмаса көз жетпейтін алып мұхит Атлантты жападан-жалғыз ерсілі-қарсылы қырық мәрте кешіп өтіп, оның табанынан кабель тартып шыққан жанқиярлық еңбекті ерлік демей не дейміз?! Осы ауыр еңбекке өз еркімен жегілген американдық азаматтың бар мақсаты екі алып құрлық арасын телеграф байланысымен жалғастыру еді. «Дала Геркулесі» атты көлемі қырық баспа табақ романның авторы Тауман Төрехановтың жанкешті еңбегі сол Сайрус Филд табандылығымен қарайлас .
Қазақ тарихында екі Есет бар. Оның бірі – Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуына атсалысқан Бөгенбай батырдың күйеу баласы Тама Есет (1667-1749 жыл). Екіншісі – Қабақ елінің атақты батыры Шекті Есет (1803-1889 жыл). Белгілі жазушы Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» атты тарихи романы осы екінші Есеттің – Ресей отаршыларына қарсы көтерілісінің басшысы Есет Көтібаровтың ерлігін ел тағдырымен тығыз бірлікте суреттеген тұлғалы туынды. Автор өз шығармасына Кіші жүз қазақтарының патша отаршыларына қарсы күресін арқау ете отырып, Есет батыр мен оның Қарағұл сынды үзеңгілес серіктерінің бейнесін мінсіз мүсіндеген. Үнемі іс-әрекет үстінде сомдалған бас кейіпкер Есет батыр мен оның үлкен ұлы Назар бейнесі әсіресе әсерлі.
Романда орайын тауып орынды келтірілген жыр жолдары да бар. Соның бірі:

Есет батыр ер екен,
Қарт бурадай қаһарлы.
Патшаға қазақ бағынбас,
Ер Есеттің күші азбай, –
деп басталып:
Ер Есет – елдің көсемі,
Толастамас аруағы!
Патшаның құрған торына,
Түспей кетті, бағынбай! –

деп жалғасады. Ел есінде сақталған мұндай жырлар да бас кейіпкер – батыр Есеттің бейнесін айшықтап, айқындай түседі.
Бұл тағылымы мол тұлғалы туынды көлемімен ғана емес көркемдігімен де салмақты. Ең бастысы – күні бүгінге дейін көпшілікке белгісіз болып келген тарихи деректер мен архивтік құжаттар және екі ғасыр куәгері болған көнекөз қарттардың естеліктерімен, шет елдерден табылған тарихи суреттермен аса бағалы. Бір өзі үлкен бір ұжымның жұмысын жалғыз өзі атқарады деуге тұратын тарихи романның авторы Тауман Төрехановтың қайратына таң қалмасқа шара жоқ. Олай дейтініміз, ол ордабұзар отызда да, қиып түсер қырықта да, оны айтасыз алқынбаған алпыста да емес, жетпіс сегіз жастағы сырқат қария. Қайратына қарасаң жігіт, біліміне қарасаң дария. Осынау сексенге иек артқан өмірінің аттай алпыс жылын жазуға арнапты ол. Соның отыз жылында аудандық, ауданаралық, облыстық газеттердің редакторы болған екен. Жергілікті баспасөздің арғымақтың өзін аяңшыл етер ауыр жұмысы мен күнделікті өмірдің күйбеңі біраз қаламгерге қолбайлау болды. Ой еркіндігі мен тарихи тақырыпты тұсаған қызыл империяның тар тұсауы бауырыңды жазбақ тұрмақ адымыңды аштырмағаны көпке мәлім. Соданда «жабық тақырыпты» жазуға құмар Төреханов ойында отыз жыл піскен идея мен тақырыбын игеруге тәуелсіздіктен кейін ғана қол жеткізді.
Соңғы жиырма жылын алаңсыз шығармашылық жұмысқа арнаған қарымды қаламгер «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Зердесінде ұрпақтың», «Адам әлемі» атты кітаптарын бірінен соң бірін оқушыға ұсынды. Бұлар повесть, әңгіме, очерк, тарих эсселер болатын. Тәуелсіздіктен қуат алған қаламгер сол еңбектерінің ізін суытпай «Ғасыр қасіреті» атты роман-дилогия, «Кісенделген Дала» есімді деректі-роман трагедия, «Тарихтың қанды іздері» деп аталған өткір сюжетті роман-эпопея жазып шықты. Бірінен соң бірі жарық көрген бұл көркем шығармалар мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларда жоғары бағаланды. Осының бәрі аз еңбек емес. Енді, міне, «Дала Геркулесі» жарыққа шықты. Осының бәрін ой елегінен өткізсек қарттық пен ауруға мойымай осыншама қыруар еңбек жазған қайратты қаламгерді Геркулеске теңесек те, Сайрус Филд десек те артық емес.
«Дала Геркулесі» – қарт қаламгер Тауман Алыбайұлы Төрехановтың жазбауға болмайтын, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жазатын шығармасы еді. Оның біздіңше, бір емес бірнеше себебі бар. Ресей отаршыларына қарсы ұлт азаттық көтерілісі жазушының жылдар бойы жүрегіне түнеген тақырып. «Жабық тақырыпты» жаза алмай жүдеген жазушы бұл шығармасын жазбаса оның өзегін өрт, жанын дерт шалар еді. Бұл – бір. Екіншіден – автор қазақ халқының отаршыларға қарсы қол бастаған жаужүрек батыры Көтібар мен оның каһарман ұлы Есеттің тікелей ұрпағы. Үшіншіден – романда суреттелетін тарихи оқиғалар өткен өлкеде туып-өскен, екі ғасырдың куәгері болған қария – дариялардан Ұлы Дала шежіресіне қаныққан, өз еліміздің ғана емес шет ел архивтеріндегі құнды құжаттармен танысқан қаламгерде бір романға ғана емес, бірнеше кітапқа арқау болар мол материал жиналып қалған еді. Қуаныштысы – қарымды қаламгер сол мол материалды суреткерлік сүзгіден өткізіп, көркем шығарманың желісіне көгендей алған.
Романда өмір шындығы кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар арқылы сенімді бейнеленген. Автордың тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаларға жұлдызша арқылы түсінік, дерек беріп отыру да өзін ақтаған шығармашылық тәсіл. Орынбордың Манай базарындағы қақтығыс, Көтібардың Жыланкөз атты тұлпармен қақпадан қарғуы, Көтібар Бәсеновтың Орынбор түрмесіндегі ой-толғамдары кейіпкер бейнесін ажарлы ашқан.
Хан Кене мен Есет батырдың кездесуі, Есеттің Бронислав Залесский мен әңгімесі, батырдың Жанғожаны іздеп баруы... романның ең бір көркемдік биікке көтерілген тұсы. Есеттің Врангель бастаған екі жазалаушы отрядпен кездескеннен кейінгі толғанысы оқушыны толқытады: «Иә, біз де өтеміз бұл жалған дүниеден кім өтпеген, ә? Олардың осы боз далада келбеті қалды, күлкісі қалды. Міне, бүгінгі ұрпағы қалды. Ертең бе, бүгін бе, біз де өтеміз-ау. Бірақ келесі ұрпаққа қандай игілік қалдырып өтеміз, мәселе осында! Біреулер еліне қайғы, ал енді біреулерге елі қайғы. Сол қайғыны арқаламай өткенге не жетсін!» (308-бет). Батыр толғанысы оқушыны бей-жай қалдырмайды.
Тауман Төреханов табиғатты шығарма оқиғасына орайластыра, кейіпкер көңіл-күйіне байланыстыра суреттейді. Бір ғана мысал. «Доңыз қысының қарлы көрпесі ұлыған қасқырдай ақ басқын бораны Ұлы Құмды да әбден иықтап алған, бет қаратпайды. Бар тіршілік – мал, жан құмның терең қазан шұңқырына сіңіп кеткен. Тек қана құм беттегі шағыл бастарынан ауылдың қой төбеттерінің біріне-бірі қосылып ұлыған дауыстары күндіз-түні бір семер емес. Бұл Шеңгел қорадағы ұлыған иттерге Сарыжал беттегі қыстақтардың да ұлыған иттері қосылады. Біресе, жарысып, созылып, біресе қысқа қайырып, кейде тіпті абалап, қырылдап шыққан төбеттердің қайғылы «ән» салғандай үндері құлақ тұндырады» (144-бет). Күні кеше сәмбі талдай солқылдаған, «... бұл күндері қартайған, қайратты, жуан ту биенің жалындай қап-қара сала құлаш шаш аппақ аққудың қанатындай, құмның күзгі ақ шиіндей жіңішкеріп, сиреген, қызыл күрең масатыдай құлпырған беттері суалған, сай-сай әжім басқан жанарлары күңгірт жағадай көмескіленген» (144 бет). Нарбике қабылдауымен берілген табиғат суретін кейіпкердің келісті кескінделген портреті толықтырып тұр.
Тауман Төреханов әрбір жаңа шығармасында жаңа биіктен көрініп жүрген, үзіліссіз ізденіп, үздіксіз өсіп келе жатқан жазушы. Оған осы романдағы диалогтар да дәлел. Сөзіміз жалаң болмас үшін мына бір жолдарға көз жүгіртіп көрелік:
– Батыр ата, ішкі беттен екі салт атты келе жатыр. Жүрістеріне қарағанда, жай жүріс емес пе деп қалдық.
– Ана жігіттер біле ме бұл хабарды, - деді батыр.
– Біледі, біледі, батыр ата.
– Онда ауыл жігіттеріне кез келген оқыс оқиғаға дайын тұрсын деп айт, хабарла, - деді де қарт батыр киіне бастады. Іштей: «Жайшылық болғай» деп қойды.
– Орынбор бастығы Пероб (Орынбор генерал-губернаторы Василий Александрович Перовский) Ақтөбенің маңындағы жерді алып жатыр. Осы суық хабарды жеткізушілер болды.
– Сонда қай жерге дейін алған?-деді батыр ызалы кескінмен.
– Құралайлыға дейін бөліп алыпты.
– Ақтөбеден бері өткен болды ғой сонда. Халықты тағы ығыстырып қуады десеңші. Сорлы болған ел қайда барып күн көрер. (156 бет)
Осы шағын диалогтан да автор шалымдылығын, аз ғана тіл қатысуға оқиға динамикасын арттыратын қуат дарытып, кейіпкер характерін ашатын, жан дүниесінен хабар беретін жүк артқандығын аңғаруға болады.
«Жаңа күн жарқырап алтын сәулесін әжелердің үлкен табаққа салған шашуындай шаша бастады» (223 бет), «Шағырдың жалынындай тез сөніп кетті» (261 бет) сынды шығарма табиғатына сай теңеулер де автордың алымдылығына дәлел.
Орайын тауып, орынымен берілген Есет толғаулары да шығарма ажарын аша түскен. Сол толғаулардың бірі:

Мен мен едім мен едім,
Қатарға салса қайыспас
Қас қара нар мен едім!
Шабуыл салса, шаршамас
Шыны тұлпар мен едім!
Су шашырап, жел тимес
Аудармас қара кеме едім!
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұңқар мен едім!
Тегеуірінім теріс біткен,
Тепсем желік сындырған
Қыран бүркіт мен едім! –

деп келеді (231-232 беттер).
Тауман Төрехановтың очерктерін, әңгімелерін, эсселерін, повестерін айтпағанда, «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті» (дилогия), «Кісенделген Дала», «Адам әлемі» тарихи деректі романдарын, өткір сюжетті «Тарихтың қанды іздері» эпопеясын оқып танысқан едім. Уақытысында бірқатар шығармаларына республикалық ақпарат құралдарында пікір де жазғанмын. Сол шолу мақалаларымда қаламгердің көп адамға ұқсай бермейтін өз өрнегі, өз қолтаңбасы, өз стилі бар екенін айтқанмын. Ал мына «Дала Геркулесі» атты роман қарт қаламгердің қара сөздің қайыспас қара нары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кітаптың дизайны әсем жасалған. Мұқабаның сыртқы бірінші бетінде шошақ бөрікті, қыран белдей тізесінде былғары қоржын ба, дорба ма қомақты бір зат жатқан, омырауы есіктей ашық ақ көйлекті, өткір көзді, батыр да батыл тұлғалы ер адам суреті бетті жаба берілген. Сурет астында Iset Kutebar деп ағылшын тілінде жазылған. Кітап беттерінің бірінде бұл суретті автор қайдан алғанын жазыпты. Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюковтың 1865 жылы Лондоннан ағылшын тілінде жарық көрген «Есет – Дала серкесі» атты көлемді (39 бет) мақаласынан алынған екен. Ал бұл сурет генерал-адъютант Н.П. Игнатьевтың Орта Азия, Орынбор өлкесіне баратын миссиясының артиллерия подпоручигі Муренконың 1858 жылы Есеттің Катенинмен кездесу алдында Жем бойында 2 маусымда түсірілгені белгілі. Бұл суретті Ресейдің, Орта Азияның, Еуропаның ағымдағы баспасөздері кезінде жарыса жарияланған болатын.
Романның аты ұлы жиһанкез жазушы, дипломат Егор Ковалевскийдің Есет батырмен кездескендегі кескіндемесінде таңдана берген бағасынан алынған екен. «Исет был сложен как Геркулес, его атлетические формы, его дикая красота и приемы полные отваги могли поразить европейца, и имели сильное влияние в кругу его соотечественников» депті ол. «...Есет біздің елімізге өзінің жиырма шақты қырғыздардан тұратын нөкерлерімен келді. Мен бұл адамға қызыға қарап тұрдым. Өздеріңіз көз алдарыңа елестетіп көріңіздерші: бойы ұзын, аса ірі кісі, жалпақ бет, ат жақты, үлкен бадырақ көзді, жүзіне қарап, аса қуатты адам екенін білесіз...» деп жазыпты С.Турбин өзінің «Әскери жинақ» атты кітабында (1864 ж., №4, 280 бет).
Кітап мұқабасының соңғы сыртқы бетінде Есеттің қырынан отырған, биік шошақ бөрікті суреті беріліпті. Суретті поляк демократы-суретшісі Бронислав Залесский батырмен кездескенде әңгіме барысында карандашпен салып алған. Ол 1865 жылы Парижде француз тілінде жарық көрген кітап-альбомында басылған. Кітапта Есет жайлы: «Для этой эпохи – это была интереснейшая личность, очень популярная в степи» деп жазған. «Қазақ сахарасына саяхат» кітабы – «Киіз үйде» бөлімі – Есетке арналған, заманында Еуропаның ондаған тілінде жарық көріп, көрмелерде ылғы бірінші орын алған екен.
Кітапта Бронислав Залесскийдің Есет батырдың киіз үйінде болған кезінде оның, қырынан отырған суреті, қонақасы үстіндегі батыр мен демократ екеуінің әңгімелері, батырдың киіз үйі мен қазақ әйелінің суреттері де берілген. Альбом Стокгольмның антикварлық магазинінде бүгін 1700 еуро тұрса, Мәскеудің антиквариат магазинінде 5500 еуро тұрады екен. Әрине, түрлі-түсті бояумен аса көлемді, әдемі етіп жасалған. Ал бұл кітап-альбом Батыс Еуропа кітапханаларында бір данадан ғана сақталғанын баяндайды автор.
Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» романы Лондонның, Париждің, Германияның, Польшаның, АҚШ-тың, Ресейдің, Орта Азияның заманында ағымдағы баспасөздерінде жарияланған, не мұрағаттарында сақталған құжаттарын, жиһанкездердің, дипломаттардың, Ресей әскери басшыларының жазбаларын, рапорттарын және ХІХ-ХХ ғасырларда ғұмыр кешкен көкірегі ояу, көзі ашық зерделілердің, тарихи тұлғалардың, ғалымдардың естеліктерін еске ала отырып жазылған.
Бұл еңбек үш - тараудан тұрады. Бірінші тарауы халық батыры, заманының атышулы серкесі, серісі атанған Көтібар Бәсенұлы Есет батырдың әкесіне арналған. Отаршылар кезінде Көтібар батырдың соңына шырақ алып түскен. Қазақ жерін, елін отарлаушылардың батырды қалай қапыда өлтіргенін автор тарихи деректерге, мұрағаттық құжаттарға сүйеніп жазған.
Жасы жетпіс жетіге жеткен, бұрын-соңды таралғысына ешкім жармаса алмаған замана серкесі, дәуірдің серісі болған Көтібар Бәсенұлы батырды кім өлтіргені жайлы күні бүгінге дейін түрлі пікірлер зерттеушілер арасында айтылып келді. Автор сол тарихи шындыққа жанаспайтын кәуесетке патшалы Ресей отарлаушыларының, шенеуніктердің бір руды екінші руға, бір аталықты екінші аталыққа айдап салған сайқал саясатына, олардың өкшесін жалаған ел ішіндегі жандайшаптарына нүкте қояды. Орынбор-Самара губернияларының генерал губернаторы В.А. Перовскийдің тікелей бұйрығымен бір жыл бойы Жайық жағасындағы әскери жаттығу алаңында екі естекті киллерлікке үйретіп, ақыры Жағалбайлы елінің қыс қонысына отарлаушыларға қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастыруға жинала бастаған ел ерлерінің басшысы Көтібардың түн ортасы ауа күзетін алып, ұйқыда жатқан батырдың басын балтамен шауып, қапқа салып жатқан қарақшыларды қолға түсіреді. Жағалыбайлы Жанғасқа бастаған ел азаматтары оларды тірілей өртеп жіберді. Бұл шұғыл шешім генерал губернатор үшін өте тиімді еді. Себебі Көтібарды кім өлтіргені , кім жұмсағаны жайлы тірі куә жоқ.
Екінші бір оқиға. Көтібар, Достан, Қайдауыл батырлармен отарлаушыларға қарсы күрескен даңқты батыр Арыстан Тінәліұлының қазасы жайлы да автор бұлтарпас деректермен батырды жандармерияның өздерінің жолдарынан қалай алғанын баяндайды. Ішкі Ресей жағында тексіз, жүгенсіз жүрген қаңғыбас Бөріқұлақ дегенді жоғарыда айтылған киллерлерді жаттықтыратын алаңда екі жыл үйретіп Арыстан Тінәліұлының есігіне қара жұмысшылықа, жалшылыққа жібереді. Есет, Қарағұл бұл қаңғы басқа бірден қарсы болады. Бірақ... Есік қызметшісі - жалшысы бола жүріп, сенімге ие болды, ақыры жылқышы, бас жылқышы, кейін «жоғалып» кетіп, іш жақтан губернатор жинап берген аз қолмен 1855 жылдары наурыз айында, көктемгі ел көшіп жатқан ала сапыран қарбалас кезде Арыстан батырды Бөріқұлақ қылышпен шауып өлтіреді. Шенеуніктер: «Арыстанды шөмекейлер өлтірді» деп ел ішіне жандайшап өсекшілерін жіберіп, Әлімұлы рулардың ағайынды екі аталығын жауластырып қояды. Бұл қанды оқиғаларды автор жеріне жеткізе баяндаған.
Бұл бөлімде Тама Есет Көкіұлы батыр жайлы да біраз мағлұмат берілген. Сондай-ақ заманының Нострадамусы атанған Мөңке би, Самрұқ (ел ішінде Саңырық деп кеткен) туралы бұған дейін белгісіз болып келген әңгімелер де шығарманың шырайын арттыра түскен.
«Есет жолы» деп аталатын екінші бөлімінде қазақ елінің Батыс өлкесін отарлаушылардың қанды-қансыз, зорлық-зомбылыққа толы езіп жаныштауына қарсы халықты көтерген ұлт-азаттық көтерілісі, бұл тарихи істегі батырдың тактикасы мен стратегиясы баяндалған. Е.Ковалевскийдің, Б.Залесскийдің, В.А.Перовскийдің, В.В.Григорьевтың, Н.Игнатьевтың, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюков жазбаларының орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк тілдеріндегі қысқартылып алынған түпнұсқалары, оларға автордың түсініктемелері берілген.
Күні бүгінге дейін Есет Көтібарұлының туған жері, жылы, дүниеден озған мезгілі кеңестік дәуірдегі барлық дерлік құжаттарда, оқу құралдарында қате беріліп келгендігі де орайымен орнықты баяндалған. Автор батыр ғұмыр кешкен заманының мұрағаттарына сүйеніп, Есеттің туған жерін, жылын, тіпті туған, қайтыс болған айларын, мазарының қай жылы, қашан тұрғызылғанын, оған кімдер қатысқаны, кейін қазақ елі тәуелсіздік алғансын халықтың өз қаржыларына Есет-Дәрібай кесенелер кешенін қайта қалпына келтіргені де нақты деректермен әсерлі суреттелген. Автордың бұрынғы ықпал теориясымен (теория влияния) айтылған, жазылған, оқытылып келе жатқан бағаларға өз көзқарасын білдіруі тарихшылар үшін де құнды дерек.
Халық батыры, биі, халқының пір тұтқан әулиесі Есет Көтібарұлының қазақ жерін, елін басып алушы отарлаушыларды жиырма жылға бөгеген ұлт-азаттық қозғалысы, көтерілісі жайлы автор небір тарихи оқиғалардың пердесін ашады. Батырдың бұл ұлы істегі тактикасы, стратегиясы нақтылы мұрағаттық деректермен баяндалады. Есетті қалайда қолға түсіру жайлы Перовскийдің Орынбор-Самара шекара комиссиясының директоры В.В.Григорьевке берген бұйрықтары, тапсырмалары түп нұсқасында берілген. Батырды ұстау үшін жүздеген командирлер, ондаған мың әскер, қарулар сол жылдары шығын болғанын автор нақты деректерге сүйене отырып баяндаған. Перовский бірде былай деп жазыпты: «Да, Исет – герой народа! Исет – батыр. Исет – би своего народа. Исет рыцарь эпохи, как отец Кутебар – хищник! Исет – привидение, призрак. Исет – в конечном счете, легенда народная. Да, Исет алтайская лиса в ковыльной киргизской степи. Да, Исет – вольный ветер своей степи, поймать не возможно! Ищи ветра в поле! Исет очень хитрый и умный. Да, я поймал бы и отдал бы его на растерзание Василию Васильевичу, а!» (394 бет).
Иә, Есеттің ұлттық, халықтық тұлға екенін дұшпандары да мойындаған. Ресейдің В.В.Тимнің басқаруындағы «Русский художественный листок» журналы (№31, 1859 ж.): «Имя Исета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественник его Кене-Сары, убитого сороковых годах, или как героя Кавказского Шамиля» дей келіп: «Исет Кутебаров сын не менее известного хищника Кутебара. Он приобрел себе почет и славу как национальный герой» депті (350 бет). Осы журналда: «Исет хороший семьянин: его опасности разделяли с ним несколько братьев и мать, которая по слухам, есть женщина редкого ума и энергии» (370-371 беттер) деп жазса, ал Ковалевский: «На степных перепутьях встретил и батыра Исета Кутебарова, еще до того, как он возглавил антиколониальное движение в Приаралье...» депті (210 бет).
Есет Көтібарұлының 1858 жылы 4 маусымда Орынбор-Самара губернияларының жаңа басшы генерал-губернаторы Александр Андреевич Катенинмен кездесуі қазақ тарихында қалған елеулі оқиға болды. Автор бұл кездесуді аса сүйсіне, шебер суреттеген. Автор мұны Н.Игнатьевтың жазбаларының тұпнұсқасы арқылы және В.В.Григорьевтың естеліктері негізінде баяндайды. Батыр губернатор алдында бойын тік ұстап, тайынбай, тайсалмай тура шындықты жайып салады. Орынборды «сайқал орда» деп атай келіп: «Губернатор мырза есіңде болсын, тапталған жанышталған, қорланған ар-намыс, кек, өшпенділік, иә, ерте ме, кеш пе бұрқыраған тау бұлағындай атылады (274 бет). Анасынан құл, күң болып туған ешкім жоқ. Тәуелді тұтқын болып туған да сәби жоқ! Тағы айтамын, тақ-билік туыстар арасындағы қарым-қатынасты да талқандайтын жезөкше қатын сияқты. Халықтың ой-пікірін, ұсынысын әрдайым тыңдау керек. Арыстанның арланы да ұрғашысының ырылын тыңдайды. Бұл жердің иесі де киесі де қазақ! дей келіп (449 бет), халыққа қызмет ету керек. Мен сол халықтың қызметшісімін. Найзаның ұшымен, қылыштың күшімен, әмірліктің уымен халықты бағындыру әркез кекшілдікті туғызады. Халықты айламен, алдаумен, алдарқатумен ұзақ ұстай алмасың. Кешегі Перов билік басында ұзақ отырды. Ондай құлқы мен ниеті қарам, қаныпезер адамдар ұлтқа да қауыпты!» дейді Есет батыр (433 бет).
Осы кездесуден соң ел ата мекендеріне оралды. Аяғы аз ба, көп пе бейбітшілікке алып келді...
Кітаптың үшінші бөлімі тарихи тұлғалардың ХХ-ХХІ ғасырлардағы кейбір ұрпақтарының тәуелсіз қазақ еліндегі бүгінгі тынысына арналған.
Осы күні оқырмандарды былай қойып кейбір әдебиетшілердің өздері де көлемді шығарма көрсе оқымай жатып шошитын бір жаман әдет пайды болды. «Мына кірпішті кім оқиды, оны оқып отыратын уақыт қайда?» дейді ондайлар. Шығарманың оқылу, оқылмауын оның көлемі емес көркемдік қуаты, көтерген жүгі шешеді. Дарынсыз қаламгердің 10 беттік әңгімесін не 100 беттік хикаясын оқудан Л. Толстой, М. Шолохов, О. Бальзак, Т. Драйзер сынды сұңғыла суреткерлердің роман-эпопеяларын оқу әлдеқайда пайдалы, жеңіл емес пе? Кейбір ақыл айтқыш «білгірлердің» Франциядағы «Жаңа роман» өкілдерінен бастау алған көп томды романдардың «уақыты өткен» дегені негізсіз, бос сөз. Көлемді романдар да өмірдің өзімен бірге жасасып келеді. Сол классикалық мектептен өнеге алған жазушы Тауман Төрехановтың мына «Дала Геркулесі» атты романы – тұлпар тұяқты, қыран қияқты шығарма.
Құрметті Тауман Алыбай ұлы, Сіз бұл тарихи көркем «Дала Геркулесі» романыңыз арқылы өзіңізге мәңгілік ескерткіш орнаттыңыз. Құттықтаймын Сізді!
Құрлықтан дария, жазушыдан жазғыш көп. «Дала Геркулесінің» авторы әдебиет көшіне көлденеңнен қосылған көк атты көп жазғыштың бірі емес, табиғи талант. Ата-баба аруағына сыйынып, мұқалмаған болат қаламыңа сүйеніп, жемісі мол күзге жеттің, енді жеңісі көп жүзге жет, тау тұлғалы Тауман аға! Денсаулық мықты, қалам сүтті болсын.

Алматы, Қазақстан Республикасы,
қаңтар, 2009 ж.