Қарымды Қаламгер
Тауман Төреханов 80 жаста

Әдебиет ең алдымен – Сөз өнері. Қасиетті кітаптарда, «Ең алдымен Сөз болған» деп жазылған. Сол киелі сөздің қадір-қасиетін бір кісідей білетін, содан да өзінің бүкіл саналы өмірін тарыдай бағы, таудай азабы бар асыл сөз – әдебиетке арнаған қарымды қаламгерлердің бірі – 80 жасқа толған мерейтойы ел аумағында кең көлемде аталып жатқан Тауман Алыбайұлы Төреханов.

Тауман Төреханов жүріп өткен жазушылық жол әрі ұзақ, әрі қысқа. Баспасөзге саналы ғұмырының елу жылын арнады ол. Ұзақ дейтінім сол. Ал қысқа дейтінім – әдебиетке келген мезгілі. Бұл аға Бальзак жасынан да, ұлттық рухымызды оятқан ұлы суреткер Ілияс Есенберлиннен де кеш келді әдебиетке. Қуаныштысы – қаламы төселіп, үлкен дайындықпен келді. Сол жартығасырлық баспасөзде қызыл империяның қылышымен алысып-жұлысып жүріп жинаған-терген, зерттеген, ой елегінен өткізген бай қазынасынан еліміздің тәуелсіздік байрағы көтерілген кезде төкті де салды. Ұлы атасы жүз үш жыл жасаған Бәсеннің ағзасымен келген күш-қайрат, ақыл-ой, ағаны күндіз-түні еңбек етуге жетектеген. Соңғы он жылда ғана екі жүз баспа табақтан астам он кітап жазып, жарыққа шығарды! Ал ойлан! Солардың әрқайсысы сүбелі бір төбе, бір дөң, бір қыр, бір шың. Төгілген көркем сөз, маржандай тізілген жолдар, қыз шолпысындай, сыбдыр қаққан оюлы өнер, тау бұлағындай таза ағыс. Айтар едім, бұл ағаның қаламы ешкімге ұқсамайтын – өз өрнегі, өз соқпағы, өз стилі, өз жазу мәнері, өз үні, өз қолтаңбасы бар қаламгер.
Соңғы жылдары «Атамұра» баспасынан екі жүздей очерк, әңгіме, эссе, новелла: «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», «Зердесінде ұрпақтың», «Ұжмақ елі», «Жазбады-ау демесін», «Кісенделген Дала», «Адам әлемі», «Тарихтың қанды іздері», «Дала Геркулесі» атты еңбектері жарық көрді. Бұлардың бәрі де көлемді көркем шығармалар. Ұзын саны 11 кітап.
Қаламгердің бір ұлағаттылығы екі-үш сөйлеммен-ақ, ағаның, өз сөзімен айтсақ, «большевиктер ғасыры» атанған жиырмасыншы ғасырды «Ғасыр қасіреті» (дилогия, «Атамұра» баспасы, 2001, 624 б.) тарихи романында былай деп кескіндейді: «... ХХ ғасыр жеке адамдарға ғана емес, бүкіл халықтарға да, тіпті жерге де, суға да, ауа райына да, жан-жануарларға да, барлық өлі-тірі дүниеге де – жалпы, бүкіл әлемге қайғы-қасірет әкелді» деген эпиграфпен ашылады. Батыл, тың пікір.
Тауман Төрехановтың «Кісенделген Дала» атты романында Отан соғысының қанды майданынан, Берлин үшін шайқастан сары дорбасын арқасына, сүр шинелін иығына салған солдат Мәскеудің Белорус вокзалынан түсіп, қайда барарын білмей, аңырап тұрып қалды. Ақыры вокзал ішіндегі бір орындықта түрегеліп отырып көз іліндіреді. Солдат іштей: елге барғанда қайда барамын, кімге барамын, әке-шеше бақилық болған. Ал мен кіндіктен жалғызбын. Тоқта, осы қаладағы бір жоғары оқу орнына түсуге талаптанайын, елге мамандық алып оралайын деп Ізбасқан Далабаев орнынан ұшып тұрып Мәскеудің, Ломоносов атындағы Мемлекеттік университетіне келеді. Университеттің заң факультетіне қабылданады. Сол елуінші жылдары ММУ-ды бітіріп, Қазақстанға жолдама алып, Алматыға келеді. Үйленеді. Жоғары Кеңестің бөлім меңгерушілігіне алынады. Қуаныш қызмет ұзаққа созылмайды. Себебі юриспруденцияның теориялық жолымен жүргісі келеді. Сөйтіп, аса бір ірі тұлға – партократпен тілге келеді, жағаласады. Партократ жансыздардың бастығы генералға тапсырма беріп, қалай болғанда да Далабаевтың көзін жоюды тапсырады. Далабаев түстікке үйіне келген кезде, біреу пәтердің сыртқы есігінің қоңырауын қағады. Есікті өзі ашуға келгенде үшеу есік пен босаға арасына аяғын салып, есіктің шынжырын үзіп, кіреберіске Ленин суреті бар жүз сомдық қарала қағаз ақшаны шашып жібереді, сөйтіп, «сен 1 пара алып жатырсың» деп актілеп, табанда ұстап алып, түрмеге жабады. Он жылға сотсыз, әскери трибунал шешімімен айдалып кете барады...
Иә, енді бұл жердегі қақтығыс, трагедия адам айтқысыз оқиғаларды қаламгер өте шебер суреттеген.
Темірмен торланған қызыл вагон, іші ит байласа тұрғысыз бетті қаритын суық, надзирательдердің зәбірі, Мәскеу маңындағы саяси тұтқындарды қамайтын түрме – бәрі-бәрі аса нанымды баяндалады.
Соңында түрмеден босап, Алматыға оралған Далабаев үйіне келсе, әйелі жарық дүниемен қоштасқалы жатады, тілге келместен, көзін ашпастан сүйген жарының маңдайынан сүйіп, бір иіскегенін сезбестен кете барады. Ұлдары көше кезіп қарақшы болған, қызы маскүнем, жезөкшелікпен тәнін сатқан қайыршы. Осы жерде автор Джек Лондонның мына бір ескірмейтін даналық та қанатты сөзін келтіреді. «Саясаткерлер арын сататын; депутаттар халық сенімін сататын; жұмысшылар күшін сататын; әйелдер тәнін сататын заманға келдік» деп қызыл империяның уақытысындағы шындықты ашып айтады.
«Тарихтың қанды іздері» атты өткір сюжетті роман-эпопея Ақтөбе ОГПУ-дың майоры Виктор Иванов бастаған жазалаушы отрядтың Кіші құмдағы алғашқы операциясын суреттеуден басталады. Ұлы құм мен Кіші құм елін асырап отырған іргелі бай Көрғұлы аса білікті, би адам. Қосағы халық батыры Есет Көтібарұлының үлкені – Назардың қызы. Байларды тәркілеу басталған кезде жан ұшырып шетел асады. Біз сөз етіп отырған бұл роман-эпопея сонау қазақ жеріне ат тұяғын батырған атты казактар, 1928-1929 жылдардағы қазақ байларын тәркілеу, серіктестіктер құру, аяғы алапат аштық, қазақ халқының босуы, соңы «қанды-37», «қайғы-қасіретті-38» жылдардың бірқатар қанды оқиғаларын баяндай келіп, жиырмасыншы ғасырдың бел ортасына таяу аяқталған Отан соғысымен жинақталды.
Айта кету керек, большевиктердің қазақ халқына қолдан жасаған алапат аштығы жайлы талайлар қалам төсеген. Ал бұл тарихи деректерге негізделген роман-эпопеяда осы алапатты көзбен көріп, қолмен ұстағандай боласың. Еске алатын болсақ, кітап автордың әке-шешелері, бауырлары да осы аштықта құрбан болған. Арқырап жатқан Арал теңізінің Ақеспе, Талдыеспе, Кіші құмның Мелдікөл, Толағай бойларынан шұбырған халықтың кескін-келбетін оқу өте ауыр.
Романда баяндалатындай, аш-жалаңаш, жаяу босқындарды бастап, ел анасы да, жасы үлкені де атты казактардан тірі қалған жетімдерді бағып-қағып жүрген Дәржан келеді. Кітапта атамекенді, туған жерді, теңізді тастап келе жатқан халықта сан жоқ. Бірі құлап жатыр, бірі сұлап жатыр.
Романда жұмысқа айдап алып барып қосқан қазақ келіншектерінің трагедиясы шебер суреттелген. Тіл, жұмыс барысын білмейтін әйелдерді ұрып, соғып, ақырып, жекіріп, тапаншамен жасқап жүрген «буржейка» атты надзиратель Күмісайды сол бірінші күнгі таңсәріде теуіп өлтіреді. Күмісайдың күйеуі Есенқара өткен көктемде Арал теңізінде жылым салып жүргенде, сең жүріп кетіп, опат болады. Есенқара мен Күмісайдан қалған екі баланы Дәржан бауырына басады. Өкініштісі сол – ит байласа тұрғысыз бараққа қамалған балалар қызылша шығып қырылып қалады. Енді ол балалардың мәйітін қоятын мұсылман қорымы жоқ. Содан Дәржан қалашықтың шетіндегі қар басып құлаған барақ ішіне қояды. Өлімнен өлім. «Балдай екінші» атанған әйелдің күйеуі Әлімбек қарлы боранда тау басынан төмен қарай ағып келе жатқан вагонеткалар астында қалады. Оның сүйегін Шәмші жинап қапқа салып бараққа әкелді. Оны көрген әйелі отарбаға өзі түсіп, екі қолынан айырылады... жер ауған, босқан қазақтардың бақытсыз өмірін қаламгер одан әрі суреттей түседі. Сол құрылыста Шәмші стахановшы, бірінші жұмысшы болады. Кейін бір аварияны сөндіріп, мүгедек болады. Аты-жөні бірнеше түрде жазылғасын комиссия мүгедектігіне зейнетақы тағайындай алмайды. Бір қызығы, анасы Дәржаннан жалғыз тірі қалған баласы Шәмші үш жасы кіші болып құжатталған. Ақыры өмірден зейнетақысыз өтеді. Еске алатын болсақ, автор осы аштықта босқан, тозған, топалаң тиген қойдай қырылған қазақ өткен ізбен сонау Магнитогорскіге дейін сол өткен ғасырдың елуінші жылдардың соңында творчестволық іссапармен жүріп өтеді. Көзбен көріп, тірілерден сұрау, архивтік материалдарды зерттеу шығарманың шырайын арттыра түскен.
Осы роман-эпопея бастан-аяқ суреттелетін қазақтың марқасқа бір ұлттық тұлғасы бар. Ол – Матай Қоқанов (1886-1971жж.), Көтібар, Есет батырлардың әулиелердің, көсемсөз серкелерінің ұрпағы. Орта Азияда жоғары діни білім алған ғұлама, сол діни біліктілігі үшін большевиктер екі рет соттайды. Магнитогорск металлургия комбинатын, Беламор-Балтық каналын салуға қатысады. Түрмеден шығады. Туған атамекені Шалқарда он төрт жыл мешіт имамы болады. Матай атадан бір ұл, екі қыз дүниеге келеді. Үлкен қызы Ділда Матайқызы (Тасмағамбет келіні) мен Нұрғали екеуінің некесінен Қазақстанның көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, ұлттық тұлға Иманғали Тасмағамбетов туады. Әрине, бір мақалада 44 баспа табақтық роман-эпопеяны қамтыған ұзақ оқиғасына талдау жасауға, ақи-тақи баға беруге мүмкіндік жоқ. Романның бір ерекшелігі барлық кейіпкерлердің ат-жөні өзгермеген.
Еске алатын болса сол ОГПУ майоры Виктор Иванов соңында өзіне-өзі қол жұмсайды. Ал Сәдібай Көргұлинды Ақтөбенің сыртында жансыздардың өздері атып өлтіреді... Бұл «қанды-37», «қайғы-қасіретті-38» жылдар қазақ зиялыларына қырғидай тиген заман болып тарихқа енді.
Автор тың бір ой тастайды. Қызыл империя большевиктер қолдан алапат аштық жасап қазақ халқын қырып, кейін плебисцит өткізу үшін зиялыларды жоқ қылу стратегиясын – саясатын жүргізу арқылы өзіне кең тыныс алды. Тарихта осындай геноцидтен қырылған халықтан сол империяның бүгінгі мирасқорлары кешірім сұрап, өтемақы төлеу керек. Ерте ме, кеш пе осыны талап ететін қазақ ұлтының бір ұрпағы келеріне автор күмәнданбайды. Кітап бұл империяны зұлымдық империясы деген тоқтаммен түйінделеді.
Бүгінде есімі мен еңбегі қалың елге кеңінен танылған белгілі жазушы Тауман Төреханов өзінің кең тынысты романдарында қазақ халқы бастаған кешкен тарихи оқиғаларды трагедия халге жеткізе суреттейді. Сол қайғылы оқиғаларды оқып отырғанда жиырма жасар Кафканың: «Жан дүниеңді шыжғыратын шығармаларды оқу керек» деген сөзі ойға оралады. Ел алдында патриотпын деп кеуде кермеген Лев Толстой Порт-Артур жау қолына өткенде үнсіз, ұзақ жылапты. Тауман Төреханов романдарын оқығанда сол оқиға ойға оралады. Елін, жерін сүюді айғайлап айтпай, «жан дүниеңді шыжғыратын шығармалары» арқылы жеткізген қаламгер ұлттық рухты асқақтауға қуатты қаламымен қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл қай құрметке де лайық еңбек.

Сәбит ДОСАНОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген кайраткері,
«Парасат» орденінің игері,
Айқын. 18 мамыр, 2011 ж., 7 бет,
www.aikyn.kz