Тұлпар Тұяқты, Қыран Қияқты Талант
Тауман Төрехановтың 80 жасқа толған мерейтойына
орай өрбіген ой
Адамзаттың өмірінен әдебиетті
алып тастаса сықырлаған қару мен
сыңғырлаған тиындар ғана қалады.
Андрей Битов
Хакім Абай айтқан «дертпен тең сөз өнері» әдебиет дәуірдің көркем шежіресі ғана емес, қоғамның барометрі, ол аз десеңіз бағыт берер бағдаршамы. Уақыттың күре тамырын ұстап, дертін дәр анықтайтын да, оны емдейтінде құдіретті күш те әдебиет. Әлемдегі көптеген катаклизмдердің ең басты себептерінің бірі – көкейден кетпес көркемсөз - әдебиет адамзаттан алыстап бара жатыр десек, бұл да ашып айтар ащы шындық. Соданда көркем әдебиет жайлы көкейтесті әңгіме. Оқырманның азаюы – қаламгердің жеке басының ғана қайғысы емес, бұл – мемлекеттік проблема. Әдебиет пен мәдениет - өркениеттің жүрегі. Сол әлсіреген жүрекке шуақ пен қуат сыйлайтын жанкештілер – жазушылар. Алла Тағаланың мейірі түсіп ерекше жаратылған, тағдырына тарыдай бақ, таудай азап бұйырған қарымды қаламгерлердің бірі – бүгінде 80 жасқа толған тау тұлғалы талант Тауман Алыбайұлы Төреханов.
Ақындары әкімдерін іздесе,
Ондай елдің маңдай соры бес елі.
Әкімдері ақындарын іздесе,
Бақыт нұрын кешеді, -
деген ешқашан ескірмейтін даналықтың парқын бір кісідей білетін ақылман басшылар бастап, халық қостап, мерейтойын туған елі тойлап жатқан Тауман Төреханов – Ақтөбе облысынан шыққан есімі мен еңбегі елге танымал тұлғалардың бірі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақтөбе облысының «Жаршы», «Ком-Таңы» газеттерінің редакторы, бірнеше мәрте облыстық партия комитетінің мүшесі болған ол облыстың шаруашылық, саяси, мәдени өміріне белсене араласып, туған жерін түлету жолында жанкештілікпен аянбай еңбек етті. Сол еңбек жоғары бағаланып, Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағын алды. Ол ұзын саны 30-ға жуық мемлекеттік марапаттардың, соның ішінде КССРО-ның медалінің, Қазақстан Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасының иегері, Шалқар қаласының, Шалқар аудандық құрметті Азаматы.
Кезінде М.Шолохов, М.Әуезов, Д.Сахаров, Л.Леонов, Н.Тілендиев, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова сынды ұлы тұлғалармен кездесіп, сапарлас, дәмдес, болған Тауман ағамыз олар жайында тағылымы мол естеліктер мен жолжазбалар жазды. Бұларда деректі, керекті, шығармалар. Дей тұрсақ та, Тауман Төрехановтың жазушылық талантын танытқан көлемімен ғана емес, көркемділігімен де баураған романдары мен повестерінің жөні бөлек, жолы басқа. Соңғы ширек ғасырын алаңсыз шығармашылық жұмысқа арнаған қарымды қаламгер «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тарих», «Зердесінде ұрпақтың», «Адам әлемі» атты кітаптарын бірінен соң бірін оқушыға ұсынды. Бұлар повесть, әңгіме, очерк, тарих эсселер Төрехановтың өзіне тән таңбасын танытты. Тәуелсіздіктен қуат алған қаламгер сол еңбектерінің ізін суытпай «Ғасыр қасіреті» атты роман-дилогия, «Кісенделген Дала» есімді деректі-роман трагедия, «Тарихтан қанды іздері» деп аталған өткір сюжетті роман-эпопея жазып, жазып жарыққа шығарып, әдебиетімізге үлкен үлес қосты. Бірінен соң бірі жарық көрген бұл көркем шығармалар мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларда жоғары бағаланды. Осының бәрі аз еңбек емес.
Ал, «Дала Геркулесі» атты тарихи роман жазушының жаңа биігі. Осының бәрін ой елегінен өткізсек қарттық пен ауруға мойымай осыншама қыруар еңбек жазған қайратты қаламгерді Геркулеске теңесек те, Атлант мұхитын жападан жалғыз ерсілі-қарсылы қырық мәрте кешіп өтіп, оның табанынан кабель тартып шыққан Сайрус Филд сынды жанкешті еңбеккер десек те артық емес.
«Дала Геркулесі» - қарт қаламгер Тауман Алыбайұлы Төрехановтың жазбауға болмайтын, ерме ме, кеш пе, әйтеуір бір жазатын шығармасы еді. Оның біздіңше, бір емес бірнеше себебі бар. Ресей отаршыларына қарсы ұлт азаттық көтерілісі жазушының жылдар бойы жүрегіне түнеген тақырып. «Жабық тақырыпты» жаза алмай жүрген жазушы бұл шығармасын жазбаса оның өзегін өрт, жанын дерт шалар еді. Бұл – бір. Екіншіден – автор қазақ халқының отаршыларға қарсы қол бастаған жаужүрек батыры Көтібар мен оның қаһарман ұлы Есеттің тікелей ұрпағы. Үшіншіден – романда суреттелетін тарихи ұлы оқиғалар өткен өлкеде туып-өскен, екі ғасырдың куәгері болған қария – дариялардан Ұлы Дала шежіресіне қаныққан, өз еліміздің ғана емес шетел архивтеріндегі құнды құжаттармен танысқан қаламгерде бір романға емес, бірнеше кітапқа арқау болап мол материал жиналып қалған еді. Қуаныштысы – қарымды қаламгер сол мол материалды суреткерлік сүзгіден өткізіп, көркем шығарманың желісіне көгендей алған. Бас кейіпкер Есет батыр бейнесі қалың оқиғалар ортасында өріліп, нақты іс-әрекеттері арқылы сомдалған. Романның композициясы мүсінді, диалогтар кейіпкерлердің жан дүниесін жарқыратып ашып тұр.
Тауман Төреханов табиғатты шығарма оқиғасына орайластыра, кейіпкер көңіл-күйіне байланыстыра суреттейді. Бір ғана мысал, «Доңыз қысының қарлы көрпесі ұлыған қасқырдай ақ басқан бораны Ұлы Құмды да әбден иықтап алған, бет қаратпайды. Бар тіршілік – мал, жан құмның терең қазан шұңқырына сіңіп кеткен. Тек құм беттегі шағыл бастарынан ауылдың қой төбеттерінің біріне-бірі қосылып ұлыған дауыстары күндіз-түні бір семер емес. Бұл Шеңгел қорадағы ұлыған иттерге Сарыжал беттегі қыстақтардың да ұлыған иттері қосылады. Біресе, жарысып, созылып, біресе қысқа қайырып, кейде тіпті абадал, қырылдап шыққан төбеттердің қайғылы «ән» салғандай үндері құлақ тұндырады (144-бет). Күні кеше сәмбі талдай солқылдаған, «...бұл күндері қартайған, қайратты, жуан ту биенің жалындай қап-қара сала құлаш шаш аппақ аққудың қанатындай, құмның күзгі ақ шиіндей жіңішкеріп, сиреген, қызыл күрең масатыдай құлпырған беттері суалған, сай-сай әжім басқан жанарлары күңгірт жағадай көмескіленген» (144-бет)7 Нарбике қабылдауымен берілген табиғат суретін кейіпкердің келісті кескінделген портреті толықтырып тұр.
Тауман Төреханов әрбір жаңа шығармасында жаңа биіктен көрініп жүрген, үзіліссіз ізденіп, үздіксіз өсіп келе жатқан жазушы. Оған осы романдағы диалогтар да дәлел. Сөзіміз жалаң болмас үшін мына бір жолдарға көз жүгіртіп көрелік:
- Батыр ата, ішкі беттен екі салт атты келе жатыр. Жүрістеріне қарағанда, жай жүріс емес деп қалдық.
- Ана жігіттер біле ме бұл хабарды, - деді батыр.
- Онда ауыл жігіттеріне кез келген оқыс оқиғаға дайын тұрсын деп айт, хабарла, - деді де қарт батыр киіне бастады. Іштей: «Жайшылық болғай» деп қойды.
- Орынбор бастығы Пероб (Орынбор генерал-губернаторы Василий Александрович Перовский) Ақтөбенің маңындағы жерді алып жатыр. Осы суық хабарды жеткізушілер болды.
- Сонда қай жерге дейін алған? – деді батыр ызалы кескінмен.
- Құралайлыға дейін бөліп алыпты.
- Ақтөбеден бері өткен болды ғой сонда. Халықты тағы ығыстырып қуады десеңші. Сорлы болған ел қайда барып күн көрер» (156 бет).
Осы шағын диалогтан да автор шалымдылығын, аз ғана тіл қатысуға оқиға динамикасын арттыратын қуат дарытып, кейіпкер характерін ашатын, жан дүниесінен хабар беретін жүк артқандығын аңғаруға болады.
«Жаңа күн жарқырап алтын сәулесін әжелердің үлкен табаққа салған шашудай шаша бастады (223 бет), «Шағырдың жалынындай тез сөніп кетті» (261 бет) сынды шығарма табиғатына сай теңеулер де автордың алымдылығына дәлел.
Орайын тауып, орынымен берілген Есет толғаулары да шығарма ажарын аша түскен. Сол толғаулардың бірі:
Мен мен едім мен едім,
Қатарға салса қайыспас
Қас қара нар мен едім!
Шабуыл салса, шаршамас
Шыны тұлпар мен едім!
Су шашырап, жел тимес
Аудармас қара кеме едім!
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұңқар мен едім!
Тегеуірінім теріс біткен,
Тепсем желік сындырған
Қыран бүркіт мен едім! –
деп келеді (231-232 беттер).
Тауман Төрехановтың очерктерін, әңгімелерін, эсселерін, повестерін айтпағанда, «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті» (дилогия), «Кісенделген Дала», «Адам әлемі» тарихи деректі романдарын, өткір сюжетті «Тарихтың қанды іздері» эпопеясын оқып танысқан едім. Уақытысында бірқатар шығармаларына республикалық ақпарат құралдарында пікір де жазғанмын. Сол шолу мақалаларымда қаламгердің көп адамға ұқсай бермейтін өз өрнегі, өз қолтаңбасы, өз стилі бар екенін айтқанмын. Ал мына «Дала Геркулесі» атты роман қарт қаламгердің қара сөздің қайыспас қара нары екенін тағы да бір мәрте дәлелдеді.
Тауман Төреханов шығарманың көркемдігіне ғана емес, безендірілуіне де көңіл бөлетін талғампаз талант. Бір ғана мысал, «Дала Геркулесі» кітабының дизайны әсем жасалған. Мұқабаның сыртқы бірінші бетінде шошақ бөрікті, қыран белдей тізесінде былғары қоржын ба, дорба ма қомақты бір зат жатқан, омырауы есіктей ашық ақ көйлекті, өткір көзді, батыр да батыл тұлғалы ер адам суреті бетті жаба берілген. Сурет астында Iset Kutebar деп ағылшын тілінде жазылған. Кітап беттерінің бірінде бұл суретті автор қайдан алғанын жазыпты. Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюковтың 1865 жылы Лондоннан ағылшын тілінде жарық көрген «Есет – Дала серкесі» атты көлемді (39 бет) мақаласынан алынған екен. Ал бұл сурет генерал-адъютант Н.П. Игнатьевтің Орта Азия, Орынбор өлкесіне баратын миссиясының артиллерия подпоручигі Муренконың 1858 жылы Есеттің Катенинмен кездесу алдында Жем бойында 2 маусымда түсірілгені белгілі болды. Бұл суретті Ресейдің, Орта Азияның, Еуропаның ағымдағы баспасөздері кезінде жарыса жариялаған болатын.
Перовский бірде былай деп жазыпты: «Да, Исет – герой народа! Исет – батыр! Исет – би своего народа. Исет рыцарь эпохи, как отец Кутебар – хищник! Исет – привидение призрак. Исет – в конечном счете, легенде народная. Да, Исет алтайская лиса в ковыльной киргизской степи. Да, Исет – вольный ветер своей степи, поймать не возможно! Ищи ветра в поле! Исет очень хитрый и умный. Да, я поймал бы и отдал бы его на растерзание Василию Васильевичу, а!» (394 бет).
Иә, Есеттің ұлттық, халықтық тұлға екенін дұшпандары да мойындаған. Ресейдің В.В.Тимнің басқаруындағы «Русский художественный листок» журналы (№31, 1859ж.): «Имя Исета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественник его Кенесары, убитого сороковых годах, или как героя Кавказского Шамиля» дей келіп: «Исет хороший семьянин: его опасности разделяли с ним несколько братьев и мать, которая по слухам, есть женщина редкого ума и энергии» (370-371 беттер) деп жазса, ал Ковалевский: «На степных перепутьях встретил и батыра Исета Кутебарова, еще то того, как он возглавил антиколониальное движение в Приаралье...» депті (210 бет).
Есет Көтібарұлының 1858 жылы 4-маусымда Орынбор-Самара губернияларының жаңа басшысы генерал-губернатор Катенинмен кездесуін шебер суреттеген. Орынборды «сайқал орда» деп атай келіп: «Губернатор мырза есіңде болсын, тапталған, жанышталған, қорланған ар-намыс, кек, өшпенділік, иә, ерте ме, кеш пе бұрқыраған тау бұлағындай атылады (274 бет). Анасынан құл, күң болып туған ешкім жоқ! Тағы айтамын, тақ-билік туыстар арасындағы қарым-қатынасты да талқандайтын жезөкше қатын сияқты. Халықтың ой-пікірін, ұсынысын әрдайым тыңдау керек. Арыстанның арланы да ұрғашысының ырылын тыңдайды. Бұл жердің иесі де киесі де қазақ! Дей келіп (449бет), халыққа қызмет ету керек. Мен сол халықтың қызметшісімін. Найзаның ұшымен, қылыштың күшімен, әмірліктің уымен халықты бағындыру әркез кекшілдікті туғызады. Халықты айламен, алдаумен, алдарқатумен ұзақ ұстай алмайсың. Кешегі Перов билік басында ұзақ отырады. Ондай құлқы мен ниеті қарам, қаныпезер адамдар ұлтқа қауыпты!» дейді Есет батыр (433 бет).
Осы кездесуден соң ел ата мекендеріне оралды. Аяғы аз ба, көп пе бейбітшілікке алып келді...
Тауман Төрехановтың бірқатар шығармалары тәуелсіз қазақ еліндегі бүгінгі тынысына арналған. Кейбір ақыл айтқыш «білгірлердің» Франциядағы «Жаңа роман» өкілдерінен бастау алған көп томды романдардың «уақыты өткен» дегені негізсіз, бос сөз. Көлемді романдар да өмірдің өзімен бірге жасасып келеді. Сол классикалық мектептен өнеге алған жазушы Тауман Төрехановтың «Ғасыр қасіреті», «Кісенделген дала», т.б. романдары қыран қияқты шығарма.
Тауман аға тарихи көркем шығармаларыңыз арқылы өзіңізге мәңгілік ескерткіш орнаттыңыз.
Құрлықтан дария, жазушыдан жазғыш көп. Қарымды қаламгер Тауман Төреханов әдебиет көшіне көлденеңнен қосылған көк атты көп жазғыштың бірі емес, табиғи талант. Ата-баба аруағына сыйынып, мұқалмаған болат қаламыңа сүйеніп, жемісі мол күзге жеттің, енді жеңісі көп жүзге жет, тау тұлғалы Тауман аға! Денсаулық мықты, қалам сүтті болсын.
Сәбит ДОСАНОВ,
М. Шолохов атындағы
және В. Пикуль атындағы
Халықаралық сыйлықтардың лауреаты,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Ресей әдебиет
академиясының академигі