Ойшылдығымен де бағалы

tauman torekhanov

Оқырман қауымға «Дала Геркулесі», «Кісенделген дала» атты романдары, «Адам әлемі», «Ғасыр қасіреті» есімді деректі де керекті кітаптары арқылы кеңінен таныс қарт қаламгер Тауман Төрехановтың жаңа еңбегі «Тағдырлар тайталасы» өмірдің өз көріністерін келісті, көркем суреттелуімен құнды. Қаламгер мұнда ғұмыр кешіп отырған екі ғасыр тоғысындағы және өзіне дейінгі оқиғалар тарихын, өмір өткелдерін барынша байыпты баяндайды. Онда сонау ХХ ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап, 250-ден астам қойын дәптерлеріне түскен, оқысаң тамсандыратын, қызықтыратын, тәлім-тәрбие, өнеге-үлгі алатын, ой салатын, оқиғалар, эпизодтар бар. жазушылар мен саясаткерлердің өткір де шешен сөздері, жетіп-артылады. Автор жоғарыдағы дәптерлерден 2008 жылы бастап, 2015 жылы аяқтап, екшеп, елеп, тек қана 60 пайыздайын осы кітапқа енгізіпті. Былай қарасаң, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова жазып қалдырғандай: «Түрінен текеметтің көріп тұрмын, Әжемнің тарамысты саусақтарын» дегендей, әжелердің қырық құрау көрпелері сияқты, мың құрау, мың сөгу, мың қайта тігу еңбектері осы кітапқа айналған екен.


85-тің қыраулы жылдарын артқа тастаған қарымды қарт қаламгер бар саналы ғұмырын баспасөзде өткізді. Оның 30 жылдан астам уақытында басылымдардың бас редакторы болыпты. Сол кездері КСРО-ның талай жерлерін көріп, небір ұлы да ұлағатты тұлғалармен кездесіпті академик А.Сахаров, ұлы ақын Р.Гамзатов, атақты жазушылар М.Шолохов, Л.Леонов, Алматыдағы халық батыры Амангелді Имановтың атты ескерткішінің мүсіншісі, мәскеулік А.Сарыджа Хасбулат, сәулетші Т.Бәсенов, КазГУ-дің студенттік жылдары тәлім-тәрбие, білім алған ұстаздары М.Әуезов, академик І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, Б.Жарбосынов, классик қаламгерлер Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, дара композиторлар А.Жұбанов, Н.Тілендиев, басқа да ондаған аса ірі тұлғалармен кездескен, сырласқан сәттерінен сыр шерте отырып автор оқырманды тағылымды ойларымен толғантады.

Ақын, Тауман ағаның шәкірті Есенбай Дүйсенбайдың сөзімен айтсақ: күнделік кітаптың екінші бөлімі де: «Өз үніңмен, өз тілімен күмбірлеп, очеркінде зергер сөзі тұр гүлдеп». Осында автор дара қайраткер тұлға Олжас Сүлейменов жайлы теңдесі жоқ баға бере келіп: «Әлем, оның ішінде республика халқы, Семей өңірінің тұрғындары бір тұлғаға қарыздар болса, олар Олжас Сүлейменовке тікелей қарыздар. Олжас Сүлейменов бастамасын жүзеге асырып, атом сынағын тоқтатуға ұлы шешім қабылдаған ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа бүтіндей қарыздар!» деп жазады.

Автордың «Дала Геркулесі» тарихи деректі романы жайлы «Егемен Қазақстан» (25.02.2009 ж.) менің рецензиямды жариялаған болатын. Бір қуаныштысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры топ ғалымдармен Америкада бол­ған бір іссапарында мәдени-әдеби көрмеде басқа да белгілі әдебиетшілердің еңбектерімен қатар осы «Дала Геркулесі» атты кітабын көріп қуана төсіне басып, елге келген соң оқып, авторға ризашылығын білдірген екен.

Иә, сексеннің сеңгірін артқа тас­тап, тоқсанды алқындырған қарт қаламгердің осындай күрделі де көлемді еңбекті жарыққа шығаруы ерлікпен тең. Кітаптың стилі, тілі, логикасы, көркемділігі, полиграфиялық орындалуы бәрі анық, ашық, оқуға жеңіл.

Осыған дейін де «Атамұра» баспасынан оннан астам романдары, повестері жарыққа шығып, елге кеңінен танылған жазушының еңбегі көлемімен ғана емес, көр­кем­дігімен де, оқырманды бей-жай қалдырмайтын ойшылдығымен де бағалы.

Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Егемен Қазақстан
23.12.2015