Талғам мен талаптан киген сауытты
(жазушы-журналист Тауман Төреханов – 80 жаста)
Таң сыз бере егістікке қойған қарақшыдай стол басына келіп қонжиған, содан әлі отыр. Тыпыр етер емес. Арқасы мүжіле бастаған ағаш орындыққа ара-тұра басын қойып, бір нәрсе ойланып алады да, ақ қағазға қайта шұқшияды. Құдды бір аңқасы кеуіп шөліркеп келіп, тұныққа бас қойғандай. Сары тап болған сарғыш беттердің арасынан алтын көмбе тауып алардай-ақ сапырылыстырып бір нәрсе іздеп, сарылып отырғанына да талай уақыт өтіп кетіпті. Әлсін-әлсін, бояуы айшықтана, әдемі түске еніп келе жатқан мынау дүниеге терезе көзімен бір қарап қояды. Шіркін уақыт десеңізші! Қолынан қаламын тастамай ақ қағазды ермек еткеніне де елу-алпыс жылдың жүзі болып қалыпты. Содан бері қаншама жылдардың «шыңы мүжіліп», қаншама көктемнің жылғасы тартылғанын енді байқап отырғандай.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған абыз қария, қаламымен қазақ жұртына танымал жазушы-журналист Тауман Алыбайұлы Төреханов туралы бұлай толғана берсең толағай сырлардың сырына сүңгіп, өткен ғасыр қойнауынан бірақ шыққаныңды да білмей қаласың. Өйткені, ол кісінің ғұмырнамасы жай бір қараған жанға сырын аша бермейтін шалқып жатқан Шалқар көліндей телегей, адамгершілік пен азаматтықты тереңіне байлаған моп-момақан ғана.
Тауман аға 1931 жылы Шектіден Жағалбайлы еліне сонау Жайық бойына сапар шеккен ер Төлеген суын ішіп, атын шалдырған Шалқар көлінің маңындағы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жер ананың исінген сәтінде, яғни наурыздың 15-де дүниеге келіпті. Бұл батыс өңірде жаңару, көрісудің екінші күні. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсы. Қыстан аман шыққан елдің өкпесі болса кешіріп, үлкендеріне сәлем бере баратын күн. Тағы бір жылын артқа тастаған көнекөз қариялардың күншуақтап қыр басына тоңқан қағып шығар шағы. Жер-дүниеге жан бітіп, қурап қалған талдың да тамырына нәр жүгіретін, дала саршұнағы қыстай жатқан інінен шығып, күнге қарап көзін сығырайта сәуле аулайтын, ертеңгі жаздың болашағын болжайтын осы бір күннің қадір-қасиеті батыс қазақтары үшін ерекше. Жыл сайын осылай жадырай келетін құт-берекеге толы наурыз айы жер бетіндегі адамзатқа жылылық пен мейірімділік нәрін, қуанышын үйіп-төгіп әкелгенімен, ол дүниеге келген жыл қазақ халқы үшін аса бір қолайлы кезең болмайтын. Қара жердің өзін қанға бояп, әрлі-берлі жосыла шапқан қызылдар мен ақтардың кескілескен тұсындағы сол бір аумалы-төкпелі заман, ел басына төнген ашаршылық пен кеңестік репрессия Төреханұлы Алыбай шаңырағына да біраз қайғыны үйіп-төккен. Бірақ жаратқан ием жар болып періштесі қақты ма қайдам, әйтеуір құдай сақтап бала Тауман аман қалады. Осы бір қиын-қыстау кез туралы сондағы он жасар бала кейін өскен соң куәгер ретінде көргені мен көкірегіне түйгенін «Тарихтың қанды іздері» атты кітап қылып жазып шықты. Мұндағы жан түршігерлік оқиғалар өз алдына бір әңгіме.
Тәукеннің арғы тегі батыр, бағландар, соған орай барлық бабалары да байлық пен барлықта өскен. Ал Тауман аға дүниеге келген сол жылдарды әйтеуір құдай да бәрін бұл баладан қызғанғандай құртып-ақ қойыпты. Ашаршылық жайлаған 30-шы жылдары әлсіреп қалған, онсыз да егістігі жоқ, тек мал шаруашылығымен айналысатын Шалқар өңірі көп уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмады. Кеңестік дәуір біржола орнап, 1950 жылдардың жылымығы түскенге дейін соғыс, соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығын ел аз тартқан жоқ. Мойындарына қыл шылбыр болып түскен жоқшылық пен кедейшілік қамытын ауыл азаматтары оны кейінгі 70-80 жылдарға дейін сүйреумен келді. Осы бір қиын тұсқа балғын шағы тап келген Тауман аға балдәуреннің бейкүнә күндерімен ерте қоштасты. Буыны қатып, бойы бекімей еңбекке араласты. Он жасында малшыға жәрдемші, тұз шығарушы, колхоз аңшысы сияқты қара жұмыстар істеп, еңбектің ащы дәмін ерте татты, қара нанның қадірін білді. Арғы бабадан жеткен, бойында тулаған асау қан болса керек, қайда жүрсе де намысын жіберген жоқ, қатарынан қалмады. Жастайынан естіп өскен «Атадан ұл туса, он жасында ат жалын тартып ерге қонар» деген үлкендер сөзін құлағында мықтап сақтады. Бабасы Бәсеннің өзі бір ғасыр жасаған, нағыз қара күштің иесі болған көрінеді. Ол кісі 1727-1830 жылдары осы Шалқар маңының дәм-тұзын татыпты. Кіші жүздегі Кете руының белгілі төбе биі, атышулы байы, сөз қадірін білетін көсемсөз шебері Боздақ бидің оң жақта отырған кенже қызы Нарбикені айттырғанда жиырма бесте екен. Боздақ бидің қатарласы, Бәсеннің ағасы Досалы ара ағайын жүріп екі елді құда болмаққа шақырып, алыс-беріс, сый-сияпат жасауға барғанда көпті көрген Боздақ би:
- Қалың малға қыз сатпай, халқының қадірін білетін жиен тапсам деп едім, осы айтқаным айтқан. Қызымның ғұмырына жететін төрт түлікті өзім-ақ санап берем, тек балам бақытты болсын. Бағы мен бақыты Бәсен болғай. Бауырларынан ұлағатты ұл, қылықты қыз өрбісін. Әркімді таңдап қонар бақ пен бақыттың барар жері дүние-мүліктің шаһары емес, еліне сыйлы, үбірлі-шүбірлі шаңырақ болса, нағыз байлықта, бақыт та сол, - деп бата қайырған көрінеді көпті көрген кемеңгер. Дуалы ауыздан шыққан дауалы сөз сонау жасағанның құлағына жетті ме қайдам, міне, содан өрбіген ұрпақтың бәрі батыр, бағлан, елінің, жерінің қадірін білген, тұтам жерін жауға бермеген көкжалдар болған. Бәсен мен Нарбикеден тараған қазақ тарихында Бес Бәсен аталып кеткен Шектідегі Жандәулет, Ақпан, Тоқпан, Көтібар, Көбес ұрпақтары батыс өңірде аттарынан дүйім жұрт қорқатын атақты батырлар. Айман-Шолпан жырындағы тарихи тұлға Көтібардан белгілі халық батыры Есет, одан Назар, одан Тауман ағаның атасы Төрехан тарайды. Батыста екі Есет бар. Көпшілігі әлі бұл есімдерді шатастырып жүр. Қарабура Таманың ұрпағы би Есет пенен батыр Есет екеуі екі басқа. Төрехан ақсақалдың арғы атасы Есет осы батырдың сойы. Сол ұрпақтың бүгінгі буыны сексенге келген Тауман Алыбайұлының түр-сипатында да қыран бүркітке ұқсас сол батырлар кескін-кейпінің ізі жатыр. Тәукең кейбіреулердің сөзі ұнамай қалған сәттерде қыран бүркіттей қомданып, алара қараса болғаны көз жанарымен-ақ өзгені сұсы басып, екіжүзді мен жағымпаздар түгілі батырсымақтардың да жүндері жығыла бастайды.
Сол Тәукең еңбекпен жүріп ес жиды, етек жапты. 1947-1949 жылдары қаршадай бала елгезектігі мен білімге құштарлығының арқасында еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық Совет атқару комитетінде іс жүргізуші болып қызметке орналасты. Он алты жасар ұланның бойындағы қуаты мен ата-бабасынан берілген табиғи талантын ауылдың тіс қаққан аға буын өкілдері де тез таныса керек, сол кезде шығып тұратын Шалқар аудандық «Социализм туы» газетіне әдеби қызметкер етіп алды. Қызметке келісімен-ақ өндірдей жас өзіне тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен орындап, шыр-көбелек айналдырып жүре берді. Күнделікті газет жұмысы қызықты да қызғылықты болғанымен, әлі де оқу мен білімнің бойында жетіспей жатқанын жас жігіт бірден түсінді, не болса да оқуға талпынды. Арман-қиялмен дүниені кезіп, ойналмай қалған ойындарының өтемі тұрды көз алдында... Өмірдің ләззатын білім мен ғылымнан алуға бел буған ол 1950 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетіне оқуға аттанды. Сол жылы жолы болып оқуға түсіп кетті. Жаратқанның пендесіне бір нәрседен таршылық қылғанымен, бір нәрсемен екінші жағын толтырып, толықтырып отыратын әдеті ғой. Тағдыр тұрмыс-жағдайда қысқанымен, оқу-ғылымда білікті, білімдар жандармен жүздестіруге, кездестіруге бұйыртты. Тауман Алыбайұлы студент болған жылдары өткен ғасырдың нағыз мәрқасқа ғұламалары, қазақтың біртуар азаматтары Төлеген Тәжібаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Бейсенбай Кенжебаев, Ибрагим Маманов, Орынбасар Төлегенов, Жұбаныш Аралбаев, арабтанушы Ата Әжікеев сияқты нағыз ұстаз-ғалымдардан дәріс алды, соларға еліктеп жатпай-тұрмай оқыды, ізденді, инемен құдық қазғандай тереңнен тартып бойына білім нәрін жинады. Адал еңбек, маңдай тердің арқасында университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Жақсы бітірген шәкірттеріне назарлары ауған ұстаздар қауымы бірауыздан қолдап, Ленинград университеті шығыстану факультетінің аспирантурасына жолдама берген, амал не, тағы да кінәлі - етектен тартқан жоқшылық. Баруға қаржы таппай қиналды. Жағдай болмаған соң қолын бір сілтеді де, Бершоғыр Шахта поселкесіндегі орыс-қазақ орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып кете барды. Осында жүріп ол Бершоғыр тау көмір шахтасының басқарушысы, ол кезде инженер-геолог, кейін аты әлемге әйгілі болған, Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінде де тайсалмай, дара шапқан, тарлан жазушы Ілияс Есенберлинмен танысты. Ол кезде ол кісінің Мұғалжар, Айрықтау, Шетырғыз, Ырғыз бойларында болып, ол Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс туралы «Қаһар» тарихи романына деректер жинап жүрген кезі болатын. Көп ұзамай біраздан кейін кетіп қалды. Бірақ бұл кездесу шығармашылығын тұрмыс билеп, екі ойдың жетегінде жүрген Тауман Алыбайұлының біржола әдебиетке бет бұруына көп септігін тигізді. Сол күндерден бастап қаламгерліктің жалынан мықтап ұстаған Таукең бар ғұмырын осы жолға арнауға бет бұрды, қолынан қаламын тастамауға ант етті.
1957 жылы Ақтөбе облыстық комитеті жас журналистті маман ретінде редакцияға қызметке жіберді. 1962-63 жылдары облыстық комитеттің Темір аймақтық өндірістік басқармасы бойынша шығатын облыстық «Жаршы» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің Шалқар аймақтық өндірістік басқармасы бойынша ашылған облыстық «Коммунизм таңы» газетін ұйымдастырып, оның бас редакторлығына тағайындады. Ал басқарма тараған соң Шалқар аудандық газетінде 1992 жылға дейін 29 жыл бас редакторлық қызмет атқарды.
Тауман ағаның қойшы-қолаң, жұмысшы, механизатор, яғни бір сөзбен айтқанда ауыл еңбеккерлерінің атынан ұйымдастырған мыңдаған топтама мақалаларын есептемегенде көлдей-көлдей газет бетінің түгелге жуығын алып жататын очерк, суреттемелерінің өзі 200-300-ден асып жығылады. Жалпы халықтың ауылдық жерлердегі һәм көзі мен тілі баспасөздің төменгі буыны аудандық газет десек, оның көрігінде шыңдалған журналистер әр уақытта алымды да шалымды, нағыз өз ісінің мамандары. Өйткені, егістікке түскен комбайндай жұтып жататын газет бетіне қажетті күнделікті мақалалар, өзі тістің суындай азғантай ауыл журналистерінен біріншіден - шапшаңдық пен жедел қимылды талап етсе, екіншіден - сауаттылық пен қырағылыққа міндеттейді. Сөздің мәні мен мағынасын астарынан, тереңнен іздейтін «дала академиктерінің» дұрыс жазылмаған тұшымсыз дүниелерді сынап-мінеп, күлкіге айналдыра салуы да оп-оңай-ақ. Оның үстіне, партиялық цензура, партиялық принципшілдік деген төбеңде төніп тұрған пәлең тағы бар. Қалт кетіп, саясатқа сай емес сөз саптасаң болғаны қой төлдетудің де кейбір мәселелерін қырық жыл қой баққан қойшыға үйретіп жіберетін партия нұсқаушысы мен идеология хатшысы төбеңе әңгір таяқ ойнатады.
Аудандық газет журналистерінің жүгі қаншалықты ауыр десек, бас редактордың арқалар жүгі одан екі есе. Өйткені ол аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, атқару комитетінің мүшесі, неше түрлі жоғарғы деңгейде өткізілетін конференциялар мен жиындардың құрметті қонағы, үзіліссіз делегаты, аудандық кеңестердің депутаты. Осындай сарсаңға салар сарсылма жиналыстардың бел ортасында Тауман аға бас редактор ретінде отыз жылдай жүріпті. «Шіркін-ай, сонда кеткен уақыттарымды жазуға арнасам ғой», - деп өкінеді кейде өткен күндерін еске алғанда қарт журналист.
Баспасөз қызметінің белді ұйымдастырушысы, қабілетті қаламгер ол кезде аудан, облыс көлеміндегі басшылар назарынан тыс қалмайтын. Мәскеуде өткен КСРО Журналистер одағының құрылтайына ТАСС бас директорының шақыруымен болып қайтқан, ал Қазақстан Журналистер Одағының құрылуынан бастап сегізінші съезіне дейін делегат болған, сегіз жыл басқарма мүшесі болып сайланған. Мұндай қоғамдық жұмыстар бір жағы уақытын ұрлағанмен, екінші жағынан дүниетанымын өсіріп, көп адамдармен таныс болуға көмегін тигізді. Бір жолы Шалқар өңіріне, аудандық газеттің редакторы болып жүрген кезінде, КСРО-ның белгілі академигі, дүниені алпауыт атом бомбасымен шулатқан А.Д. Сахаров келді. Мұғалжар тауының батыс өңіріндегі Жем өзенінің терең бір қойнауында «Ембі 5» әскери жабық қалашығы болатын. Академик осындағы құпия әскери қарумен танысуға келіпті. Сондай-ақ Арал теңізінің ортасындағы «Барсакелместе» де сол жылдары «құпия сынаққа» кірісіп жатқан. Академик А.Д. Сахаровтың атом ракеталарын сынайтын далалық лабороториясына айналған Қызылорда облысының Арал теңізі, Арал, Қазалы аудандары, Ақтөбе облысының Шалқар, Байғанин, Мұғалжар (бұрынғы Жұрын) аудандарының халықтары мен малдары, сол жерде тіршілік ететін жан-жануарлар тәжірибе объектісіне айналған болатын. Аз уақыттың ішінде халықты, малды обыр (рак) жайлап қынадай қырыла бастады. Бұл өңірде өсетін 280 түрлі өсімдіктің 50-60 түрі ғана қалды. Қол-аяғы жоқ доп сияқты сәбилер, екі басты, жалғыз көзді төлдер, терісі жоқ бұзаулар мен қозылар туып жатты. Міне мұны көріп шыдамаған Тауман Алыбайұлы Кеңес өкіметінің тәртібі бойынша көзі байлаулы, құлағы керең, аузы құлыптаулы болса да орын алған жағдайды өз аузымен емес, академикпен әңгіме барысында ауыл ақсақалының аузына салып айтқызған болатын. Қанша дегенмен дүние жүзіндегі ірі оқымысты ғой, сол кездесуде академик жүзінде үрей пайда болып, қатты ұялған-тұғын. Бұл туралы Тауман аға кейіннен кеңінен толғап, «Кісенделген дала» атты тарихи роман жазып шықты.
Тарихи роман демекші соңғы кезде Тауман Алыбайұлы тарихқа негізделген романдар жазуға біржола ден қойды. Соңғы жылдың өзінде «Атамұра» баспасынан тек қана тарихи негіздегі жеті повесі мен бес романы жарық көріпті. Бұлардың ішінде, әсіресе, Есет Көтібаров туралы «Дала Геркулесі» атты тарихи еңбектің алар орны ерекше. Көптеген шетелдік деректер, қолмен салынған Есет батырдың суреті алғаш осы кітап беттері арқылы оқырманына жол тартты. Бұдан да басқа өзі аман қалып, қанды шеңгелінен құтылған 1930 жылдардағы ашаршылық пен репрессияны баяндаған «Тарихтың қанды іздері», дәмдес, табақтас болған қазақтың біртуар ұлдары Асқар Тоқмағамбетов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Хамит Ерғалиев, Нұрғиса Тілендиев тағы да басқа дүлдүл өнер адамдары туралы «Көз көргендер еді» атты кітабы, «Ғасыр қасіреті» туындысы, басқа да шығармалары ешқандай боямасыз талап пен талғамнан сауыт киген дүниелер.
Тауман Алыбайұлының көп жылғы еткен еңбегі, төгілген тері өз уақытында бағаланды да, қазір де бағаланып келеді. Қазақ КСР-інің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, КСРО баспасөзінің үздігі секілді атақтарды есептемегенде бұрынғы және кейінгі мемлекет пен үкімет тарапынан барлығы жиырма бестің үстінде марапат алыпты. Мұның бәрінен де ең жоғары тұрған марапат - өзінің төл перзентіндей бойынан шығып қағазға түскен роман, повестеріне берген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алғыс хаты мен қалың жұртшылықтың жылы ықыласы.
Бүгінде арынан гөрі наны қымбатырақ заманда қаламының ұшын ары мен ожданына суарған қаламгерлердің азайып бара жатқаны белгілі. Тегіне тартқан Тәукең болса байыпты, байсалды қалпынан айнымаған баяғы сол қалпы. Қариялықтың таңы қылаң беріп жүрсе де арға суарылған қаламын қолынан тастамай келеді. Жұрт секілді барлы-жоқты нәрсені сүйкей салуға жаны құмар емес. Тарихи құжат, мұрағат жазбаларын, халық жадындағы естеліктерді зерделеп, зерттеп барып қағазға түсіреді.
Алпыс жылдан астам бірге ғұмыр кешіп келе жатқан бәйбішесі Балзада Шәмшіқызы екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген берекелі отбасы. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей тура мінезінен айнымаған қалам иесі бала-шағасын да, олардан тараған немере-шөберелерін де тура жолдан айнытпай тектіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Адалдықтың ақ туын жалау еткен Тауман аға бүгінде сексеннің биігінен қазақ журналистеріне сын көзбен қарай отырып, тәуелсіздікке қол жеткен қазақ елінің болашағына үлкен үміт артады.
Сансызбай МӘДИЕВ,
Филология ғылымының кандидаты,
Айқын, №55 (1722), 31 наурыз, 2011 ж., 24 бет.,
www.aikyn.kz