Сексеніңіз Құтты Болсын, Жүз Жасаңыз, Аға!
Тауман Алыбайұлы Төрехановтың 80 жылдық мерейлі күніне орай Республиканың бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, жазушы, ақындар, танымал тұлғалар құттықтаулар жолдап, мақалалар, эсселер жариялап жатыр. Журналист-жазушының өмір жолдарына, шығармашылық қарымына, жалпы әулетіне бағышталған кино да түсіріліп бола келді.
Жазушы-журналистің сексен жылдық мерей күніне байланысты құрылған ұйымдастыру тобы-жинақтаушы алқа осы бір аса бағалы да жылы пікірлерді оның cайтына салуды жөн көрдік.
Төреханов Тауман Алыбайұлы (80 жылдығына орай): биобиблиографиялық көрсеткіш. - Алматы: Қазақ университеті, 2011. - 6,75 б. т.
Тауман Төреханов жазушы: Жазушыға жазбай қалудан артық қасірет жоқ / сұхбаттасқан Динара Ізтілеу // Ана тілі, 2011. - 17-30 наурыз. - 15 бет., www.anatili.kz
Жеңіс Шыныбеков. Адамдар. Жылдар. Тағдырлар айдарымен: Тегіне тартып туған Тауман // Алматы Ақшамы, 2011. - 26 наурыз. - 24-25 бет., www.almaty-akshamy.kz
Сәбит Аймұқанұлы Досанов. Халқына қаламымен танымал Тауман Алыбайұлы жайлы айтсам // Төреханов Тауман Алыбайұлы (80 жылдығына орай): биобиблиографиялық көрсеткіш. - Алматы: Қазақ университеті, 2011. - 6,75 б. т. - 28-42 беттер.
Сансызбай Мәдиұлы. Тау тұлғалы Тауман аға // Айқын, 2011. - 31 наурыз. - 24 бет., www.aikyn.kz
Еске сала кетейік, авторлардың бұл еңбектерін компьютерден өткізіп, Сайтына салдық.
Еліміздің елеулі де танымал ақыны, даңқты қаламгер Есенбай Дүйсенбайұлы Тауман Алыбайұлының 80 жылдық мерей күніне байланысты және немересі Айбек Ғалымбекұлының шаңырақ көтеріп, Отау тігуіне орай мынадай Жыр жолдарын қағаз бетіне түсіріп, жолдапты.
Есенбай Дүйсенбайұлы: Ардақты Тау аға!
Өлең тексін беруді жөн көріп, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Шашып өтер нұр-ақыл
Шарапат та, Бас та – Сіз.
Төрде абыздық құратын
Төрт жиырма жастасыз.
Есет батыр Бабаңның
Ерлігі қонған тектіден –
Өзіңізді қаламның
Геркулесі деп білем!
Өңім де түсімде
Өрлікке бұл қайранмын:
Жүрсіз әлі ішінде –
Әдебиет – майданның!
Сөзімде жоқ өтірік,
Өзіңізсіз мықтымыз.
Тайбурылша секіріп,
Сеңгір тауға шықтыңыз.
Біз де жұтар ма екенбіз
Сол шыңдағы ауадан?!
Құтты болсын бүгінгі
Той-мереке, Тау аға!
Отау тігіп Айбегің,
Қосты елге бір Жанұя
Ақыл-көркі сай дедім
Әндей келін - Әлия!
Атасы шыққан сексеннің
Тағын берсін екеуіңе.
Әжесі жеткен бақыттың
Бағын берсін екеуіңе!
Отаулары айналғай
Махаббаттың мекеніне!
Әмин!
21.03.2011 ж.
Ақын Есенбай Дүйсенбайұлының түзетілген ең соңғы нұсқасы «Шалқар» жырының мазмұнын да оқырманымыз бен көрерменіміз танысса артық болмас деп Сайтқа енгізіп отырмыз.
Ұлы ақын жазар өлеңнің
Ұйқасы – Шалқар.
Даңқа ерте бөлендің,
Шипа су – Шалқар.
Сынтастай сырға бай-ақ тым,
Нармая – Шалқар.
Алалы жылқы Аяққұм,
Жал-жая –Шалқар.
Бұрқаса дала бораны,
Күш қанша Шалқар?!
Тоғыз да жолдың торабы –
Станса Шалқар
Батырлығымен бабаның
Жоталы Шалқар.
Мөңке Би сынды дананың
Отаны Шалқар
Нағыз Есет құштарым
Нар мүсін Шалқар.
Айбын ғып алға ұстарым
Армысың, Шалқар!
Тау ағам болып жаралдың
Тектіден, Шалқар –
Геркулесі сол қаламның
Деп білем Шалқар.
Қанатың кеңге жайыпсың,
Жол қашты, Шалқар.
Генерал Жанасаевың –
Қолбасшысы, Шалқар.
Бойыңда ерте бекіген
Бұл дарын, Шалқар
Ұлық боп туған шетінен
Ұлдарың, Шалқар.
Сүт бетіндегі қаймақсың,
Құт басы Шалқар.
Ақтөбе деген аймақтың
Тұтқасы Шалқар.
Алматы қ., 16.03.2011 ж.
Дара ақын Есенбай Дүйсенбайұлының мына бір шумақ өлеңің эпиграф етіп ала отырып, «Жазушы Тауман Төрехановқа» деген мақаласын жариялап Сайтына салдық.
Ұйымдастырушылар тобы - жинақтаушы алқа.
Ардақты Тау аға!
Шықпастай елдің есінен
Қайрат – күшіңе қайранмын:
«Даланың Геркулесінен»
Қаламның Геркулесіне айналдың!
Жыр жауһары, Ұланғайыр, Алматы: Раритет, 2006 ж.
Алматы, 21.03.2011 ж.
Жазушы Тауман Төрехановқа
Мен Тауман Төрехановты сонау алпысыншы жылдардың орта тұсынан-ақ білуші едім. Батыс өңірдегі тарихи оқиғалардың бас штабындай Шалқарда біраз уақыт аудандық газет атын республикада оздырып, дүйім жұрт сүйсінген редактор ретінде дүрілдеп тұрған-ды... Көрген-түйгені көп, көкірегі көл-көсір қазына кісі екеніне кейінгі жылдары жүйе-жүйесімен жүйдірмелете шығарған үш-төрт кітабы арқылы көз жеткізіп отырмын. Ұзын ырғасы сексен баспа табақтан асып жығылатын көлемді роман-естелік, эсселері жұртшылық жүрегіне жол тартқан қаламгердің Жазушылар одағына мүше болуға әбден қақы бар деп ойлаймын.
Бұл кісі негізінде өте бір киын жанр – деректі проза саласында өнікті еңбек етіп келеді. «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», т.б., қалың-қалың кітаптарын қазақ халқының отаршылық езгіге қарсы әлденеше ғасырға созылған ұлт-азаттық күрестерінің көркем шежіресі, көпзамандық энциклопедиясы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені бұл шығармаларда шытырман да шырғалаң оқиғалар тізбегі жалаң баяндалмайды, суреткерлік шеберлікпен сипатталады. Сол себепті де мұнда толыққанды көркем-әдеби туындыға тән қадір-қасиеттің бәрі бар.
Осы пікірімізді дәлелдеу үшін: «Тау өңірі жазғы жасыл көрпесін жинап тастап, қуқыл тартқан. Күздің қорғасындай ауыр сұр бұлт қысты бұйдасынан ұстап, Мұзбел бойына алып келе жатыр. Таудың ерсілі-қарсылы соққан қара желі көк біткенді бүрінен айырып, сидитып тастапты. Жаздай ел отырған Дауыл бөгетінің бойында мал еңкейетін ештеңе жоқ», - деген бір үзік көлденең тартсақ та жетіп жатыр!
Авторымыз Әуезовті көп оқығаны, Ғабиден Мұстафиннің соңғы романдарынан образ жасау, сюжет желілерін тарту мәселесінде тәлім-тағылым үйренгені аңғарылды.
Соншама кеңқұлашты, мол ауқымды, ұлан-қайыр мерзім-мезгілді қамтитын оқиғалар мен қилы дерек-құжаттарды қиюластыра жазу мәнеріне тәнті боласыз. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тауман Төрехановтың аталған кітаптарынан тарихшы да, философ та, этнограф та, саясаттанушы да сан алуан сана сабағын алады, оқырман қауым ойға көркем нәр табады. Мұның бәрі-бәрі талант табиғатын айқын таныста керек.
Өз жазу мәнерін қалыптастырып болған, жанрын тапқан жазушы Т. Төреханов біздің бүгінгі қазақ әдебиетіне қазірдің өзінде-ақ қадірлі қазына қосып отыр. Ендеше, одақ мүшелігіне бір мақаласымен де қабылдаған барын ескерсек, он шақты кітап жазған ардагерді елеусіз қалдырамыз?! Ұлғайған жасына емес, ұланқайыр шығармашылығына қарайық.
08.02.2002 ж.