Қайран Әкімжан!
18 ақпан, 2009 ж. Елдің бүгінгі хал-жағдайын білейін деп, Шалқар аудан Әкімінің орынбасары Зәпен Жақсыбайқызы Жұмабаеваға телефон шалдым. Қысқа аман-түгелден кейін:
– Ел азаматы Әкімжан ағадан айрылып қалдық, кеше, - деді. Біраз үнсіздік болды. Қайыр айтым қызыма.
Сол сәтте көзім алды жасқа оранып отырып, елге жедел хат жолдадым:
Шалқар, өлкетану музейіне – Дүйсенбаевтар әулетіне. Туған ардақты халқымыз, қымбатты бауырларымыз орны толмас қайғылы қаза – Елдің Арда Азаматы, ақиық еңбеккері, кісіліктің күрескері, күміс көмей Әкімжан Қондыбайұлының жалған дүниеден озғанын естіп, қатты қайғырып отырмыз. Ел, туыс, отбасы Сіздердің қайғыларыңызға ортақтаса отырып, марқұмның жатқан жері жайлы болғай, ел халқымыз аман болғай. Төрехановтар, Жұбаевтар әулеттері атынан Тауман, Иманбай.
Ойға түрлі оқиғалар орала берді. Бірден жезтаңдай ақын қызымыз Ақұштап Бақтыгерееваның:
Білмеймін, бұл қазақта жоқ па қайғы,
Ұлысын тірісінде мақтамайды,
Күресі әділдік пен зұлымдықтың,
Үстінде жұмыр жердің тоқтамайды.
Иә, бұл философиялық толғауға талдау жасамай-ақ қояйын. Бәрі түсінікті...
«Тірі өледі – жер қойнауы жатады. Ізі қалады – болса жақсы атағы» деген екен ұлы тұлға Жүсіп Баласағұн. Иә, Әкімжанның жер бетінде ақжарқын мінезі, ақ көңілі, тура сөйлейтін ашықтығы, алғырлығы, кісілігі қалды ғой. Иә, солай. Адам көп, кісі аз.
Тауман Төреханов,
Ақпан, 2009 ж.