Ұлы сәулетші еді
СӘУЛЕТШІ ТӨЛЕУ БӘСЕНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА
100 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА
Қазақстан Республикасының (Қазақ ССР-інің) мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан журналистикасының ардагері, Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Тауман Төрехановтың қазақтың тұнғыш ғалым сәулетшісі Төлеу Бәсенов жайлы төрт эпизодтан тұратын естелік - эссесын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Әдебиетте Мұхтар Әуезовтың, ал музыка
саласында Ахмет Жұбановтың есімдері аталғанда шексіз
құрмет пен ілтифат сезімі қалай тез оянатын болса,
сәулет өнерінде Төлеу Құлшаманұлы Бәсеновтың есімі
соншалықты көңілге ыстық, жүрекке жылы тиеді!»
Әбдісағат Тәттіғұлов,
ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері,
академик, сәулетші.
ӘКЕМ ЕСТЕЛІГІНЕН:
– Ол заманда мен жиырма алтыға аяқ басқан жігіт едім, - деп бастады сөзін әкем. – Бұл ұлу жылының әсет айы аяқтала келген мезгілі. Ел Ұлы-Құмның Күнгей, Күркей, Тораңғы бойларынан көшіп, Орда қонған табаны арқылы Шолақ жидедегі Есет бұлағының төңірегінде айнала қоныстанған. Қыс ауыр болды. Көктем, жаз басы құрғақшылық болып басталды. Әсет айы туа даланы өрт шалғандай ыстық аптап, жалын меңдетіп жіберді. Сол сүмбіле туа халық топалаң тиген қойдай қырыла бастады.
Бұл аурудың қандай ауру екенін білетіндер елде аз да жоқ еді. Содан Құлшаман молда ағадан сұрадық. Ол бірден: «тырысқақ ауруы», деді. «Бұл ауру тігерге тұяқ қалдырмай, халықты жайпап кетеді, сақ болыңдар. Себебі аса жұқпалы ауру ғой» деп қатты ойға кетті.
Халық күн өткен сайын қырыла бастады. «Сен тұр, мен атайын» бес-алты жігіт күніне 13-17 адамды жер қойнына береміз. Кей күндері уақыт жетпей қабірді бел буардан қазып, бетін топырақпен жабамыз. Тек бір артықшылығы әр мәйтті жеке көмеміз. Иә, сол сүмбіле туа бір күнде 19 адамды жерледік. Ұмырт үйріле соның бірі – Құлшаман молданы жер қойнына бердік. Кәлима қайырып, әйет оқып, жаназа шығаратын жалғыз оқыған, білікті молда ағадан да айырылып қалдық. Таңның атуы ауылдарды аралап, өлген адамдарды алаша, киізге орап, сол Есет бұлағының Тілеген қопасына қараған төскейге әкеліп жерлей береміз. Солай абыр-сабыр болып, ертеңгілік ауылдарды аралауға жинала бергенімізде, жеңешем Ақбала екі баласын ерітіп, бір баласын арқасына салып киіз үйге кіріп келді.
– Қарағым Шашақ жаным (әкем елінде Көтібар атасы сиякты омырауына, бешпентінің екі өңіріне түрлі-түсті ирандық моншақтарын тағып жүреді екен. Салт атты, сабау қамшылы, желкілдеп жүретін жігіт болғандықтан жеңгелері «Шашақ», «Шашақ қайным» деп атап кеткен), мына үш жетімді, деді екеуінің қолдарынан ұстап, біреуін арқасынан түсіріп, осыларды аман алып қалу үшін, мына апат аурудан, іш жаққа - жатақ еліне алып кетейін. Қол ұшыңды бер, деп мүдіріп қалды.
– Жеңеше, қандай көмек керек, біз дайынбыз. Бұл үш бала - ертеңгі үш отау, үш ел ғой дедім. Ал іркілмеңіз, жеңеше, айтыңыз деп едім, жеңешем шешіліп кетті. Бүгін, осы бүгін бір түйе тауып бер. Иә, бірақ бір түйеге төртеуміз сыймаймыз-ау деп ойланып тұрғаным, - деді.
– Онда былай істейік, жеңеше. Қазір екі кебеже тауып әкелейін. Түйе дайын. Сол кебежелерді жазылаған түйеге теңдеп байлаймын. Екі балаңы сол екі кебежеге отырғызамыз. Ал өзіңіз арқаңдағы кіші балаңызды алдыңызға алып, түйенің екі өркешінің ортасына отырасыз. Мен Шалқар көліне дейін түйені жетектеп алып барайын, дедім.
– Ақыл-ойың дүрыс-ақ. Бірақ, Шашақ-ау, мына халық қырылып жатқанда, сені алып кетуіме болмайды ғой. Олардың жүзін жасыратын, жер қойнына беретін өздерің емессіңдерме. Олардың ішінде небір арда азаматтар, келешегі кемел балалар да бар. Ит-құсқа жем қылмай, қасиетті топыраққа берулерің керек, - деді.
Иә, деп басымды изеуден басқа шара болмады.
Сонымен, жеңешем Ақбала Құлшаман ағамның зайыбы екеуміз сол екі баласын екі кебежеге отырғызып, өзін арқасындағы кіші баласымен жазылы түйенің екі өркеші ортасына мінгізіп шығарып салдым.
– Ол балалар кімдер, барма, жеңешеңіз тіріме? - деген менің сұрағыма әкем біраз отырып, терең бір демалып, әңгімесін жалғастырды.
– Құлшаман атаңнан қалған тұяқтың біреуі – Төлеумұхаммед, екіншісі – Нәбимұхаммед, ал кішісі, қателеспесем, Әбибулла болар. Былан-талай заман басталды. Елді атты казактар дейміз, немесе халық қарашекпенділер деп атайды, олар малдарымызды айдап қуып кетеді, жас қыздарымыз бен ажары бар келіншектерді аттарына өңгеріп алып кетіп жатса, елдің іші екіге жарылып бірі – ақтар дегенді, екінші жағы-қызылдар дегенді жақтап елдің мәйектей ұйып отырған бірлігін бұзып астан-кестенін шығарды. Сөйтіп Ақбала жеңгемізден, тумаларымыздан көз жазып қалдық. Жеңгем, тумаларым деген сөздеріме түсініңкіремей отырған боларсың, балам, біз бір Бәсен бабадан өрбіген, өскен бұтақтармыз. Бәсен бабаңның «Бес Бәсен» атанған бес баласының бірі – Тоқпан бай. Ол осы Ұлы Құмда он мың жылқы, бес мыңдай ірі қара өсірген адам, бай. Оның ұрпағы – Құлшаман. Одан қалған сол екі үш бала, жаңа аттарын атағанмын ғой. Ал біз Көтібар атаданбыз. Арамыз екі-үш ғана әулет. Есіңде болсын, Құлшаман мен Ақбала әжең, Жақсыбай атаң ұлы әулие Есет батырдың қабіріне топырақ салғандар. Құлшаман сүйегі сол Есет бұлағының басында, ал Жақсыбай атаң Есет қорымында жатыр, деп салалы ақсақалын тамыр-тамыр қолымен бір сыйпап қойды.
Иә, балам, «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман алда екен. Елді енді аштық жайлады. Халық аштан қырылды, жіңішке ауруға шалдықты. Туған ағам Толыбай сол жіңішке аурудан қайтты. Жеңгем, қызы аштан өлді – інім Есімбай іш жаққа кетіп, жоқ болды. Сөйтіп осы бір аласапыран заманда Құлшаман ағаның балаларынан, жеңгемізден хабарсыз қалдық. «Торғай жаңбыр жауса, балапанын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» заманы келді. Одан отан соғысы басталды. Ол аяқталды. Ел есін жия бастады. Міне, сен де ер жеттің. Әрине, соғыс жылдары мектебің жабылып қалып, колхозда малшы жәрдемшісі, тұз шығарушы, аңшы болдың. Енді оқу іздеп Алматыға барғалы отырсың. Ұзын сонар хабардан естимін, жеңгем Ақбала екі баласымен Алматы шаһарында тұрады дейді. Төлеумұхаммед пен Нәбимұхаммед үлкен қызметте көрінеді. Тұрақтарын біле алмадым. Нәби осы Ақтөбеде бір бастық көрінеді деп естідім, бірақ Шімкентке аусыпты.
Балам, жолың болсын, айтайын дегенім – сол менің Ақбала жеңешемді тауып алсаң, бәрі белгілі болады. Айтпақшы, Қалыбек атадан Сүлейменнің жетім қалған баласы Бекежан да сол шаһарда деп есіттім. Ғұлама оқымысты дейді. Тауып алыңдар. Елден сәлем айтыңдар, деп сөзін аяқтады әкем.
Әке мен бала әңгімесі 1950 жылдың мамыр айының аяғында болған еді. Бұл жылдары да әке қуатты болатын, пайғамбар жасына жеткеніне қарамастан, ойы анық еді.
Еске сала кетейік, 1965 жылы Ақбала әже ел қарттарының қолдауымен Шолақ жидедегі Есет бұлағының төскейінде жатқан отағасысы, атақты молда Құлшаман қабіріне тәу етіп, әйет оқып, қайтқан еді. Ақбала әже ғасыр жасап, дүниеден өтті, Кеңсай зиратында.
ҚЫСҚАША ҒАНА МӘЛІМЕТ. Иә, бұл жылдары осы жолдардың авторы есейіп қалған еді. Еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық Кеңесінде екі жылдай іс жүргізуші, кейін аудандық газетте аға әдеби қызметкер болып, соңында Алматыға оқуға аттанғанмын. Еске алсақ, біз Шалқар қара шаңырағы атанған орта мектепті осы елуінші жылдары тәмамдаған Мұхамбетқазы Тәжин (қазір КР Сыртқы істер Министрі Марат Мұхамбетқазыұлы Тажиннің әкесі), Дәулет Үмбетжанов – Қазақ ұлттық ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болған, Рамазан Нұржанов – облыстың екінші басшысына дейін көтерілген, т.б. жастар С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына студент болып қабылданған едік.
Бала күннен газет, журналдарды сүйіп оқитын едім. Лекциялардың арасындағы үлкен үзіліс кезінде университет алдындағы киоскыдан «СҚ», «ЛенЖас» газеттерін сатып алып, үзбей оқитынмын. Бір күні «Төлеу Құлшаманұлы Бәсенов СССР Архитектура Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды» деген хабарды «СҚ» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінен оқыдым. Енді ол ағаның үйін іздедік. Иә, Виноградов көшесінің 42 үйінде тұратынын білдік. Үш бала бардық. Әжемен кездестік. Әке сәлемін айттық. Әже қуанып қалды. Шай берді. Кетерімізде: «Төлеу мен жеңгелерің Мәскеуде. Осы бүгін-ертең келіп қалар. Телефонмен хабарласып тұрыңдар. Ағаларың келгесін, міндетті түрде үйге келіп, сәлемдесіп, танысыңдар, деді әже. Сол күні ағаларың Бек Сүлейменов, жеңгелеріңнің бар туыстары, Ахмет Жұбановтар келеді.
ТӨЛЕУ ҚҰЛШАМАНҰЛЫ БӘСЕНОВТЫҢ ӘҢГІМЕСІНЕН. Бұл жылдары қызметіме байланысты Орталық комитеттің шақыруымен Алматыда жиірек болатын едік. Әр келген сайын әжеге, Төкеңе сәлем беретін едім. Бірде Төкең:
– Тауман уақытың барма, көшеге шығып, біраз демалып, әңгімелесіп қайтайық, - деді жүзі жылына қарап. Мұқан Төлебаев көшесіне шықтық. Бір бос орындыққа отырайық дегендей болды Төкең. Отырдық. Аға темекі тартпайтын, арақ-шарап ішпейтін, ішетіндерді жақсы көре бермейтін. Бір кезде әңгіме елге, ата-бабаларға, әз аналарға ойысты. Оң қолымен діземді басып қойып, анасы, біздің ұлы әжеміз Ақбала жайлы әңгіменің тиегін ағытып жіберді. Есіткен, тыңдаған әңгімені, көрген көріністі еш уақытта ұмытпайтын, жадыма сақтайтын қасиетіммен ағаның бұл әңгімесін есіме алып, айтып көрейін.
... Жаз айының сарыалтын күзге аяк басқан кезі болар. Әжем (иә, анамызды бәрімізде әже деп өстік қой) түйені шөгеріп, өзі түсті де, біздерді кебежелерден көтеріп алды. Сонсын батыс жақтағы екі мазарға қарап отыра қалып аузын жыбырлатып, айта бастады, бірдеңелерді. Біз Нәби екеуміз әкеміздің намаз оқитын, құран шығаратынын білетінбіз. Мен бұл уақытта жетіге, ал Нәби төртке аяқ басқан едік. Көптеген көріністер есте қалатын. Әже орнынан тұрды да:
– Балаларым мына қос мазарда ұлы аталарың жатыр. Атын атауға маған әйелге рұқсат жоқ. Әкең екеуміз сол жедді айының соңында осы атаңа келіп қабіріне топырақ салғанбыз. Ата ұлы әулие, аруақты пенде, елін жау тұяғынан қорғаған батырлар, болды, - деді. – Тәу етіңдер, бастарыңды иіңдер, - деді. Иә, кейін білдім ғой, Есет, Дәрібай аталардың мазарлары екен, - деп барып Төлеу аға бір үлкен ойдың ұшқынын сездірді.
– Келесі күннің кешінде үлкен көл жағасындағы зілманкелі ауылға келдік. Кейін білдім, Шалқар болды. Әжем бір ірі денелі адамға алып келіп, «бұл нағашың, осы атаң оқуға береді» деді. Бұл шойын жолы бар ауыл болды. Соның қасында қызыл кірпіштен екі қабатты зәулім үйге алып келіп, «осында оқисын, менің үйімде жатасын» деді әлгі нағашым. Мүнда екі кластық орыс-қазақ балалары оқитын мектеп бар екен. Бірақ атам бір түнде жоқ болды. Оқу жайына қалды. Әжем біздерді тағы жолға алып шықты. Бұл Қонжар интернат мектебі болды. Есіме түсіремін қазіргі Темір, не Жұрын ауданына қарайды екен.
Мектеп-интернатта жақсы білім алдым. Әсіресе, арифметикадан терең білім беретін Темірбеков деген ұстазым болды. Содан Ақтөбе губерниясына келіп, жастар ұйымына кірдім. Оң-сол қолды танитын болып қалдық. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып кеттім. Бұл мені Орынбор жұмысшылар факультетіне жол ашты. Мұнда сенің бір кезде КазГУіңде ректор болған, Қазақ ССР Министрлер Советі Председателінің орынбасары болған Асқар Закаринмен етене таңысып, жолдас, дос болып кеттік. Екеуміз де математикадан үздік оқыдық. Екеуіміз де факультетті өте жақсы бітірдік.
Алдымда төрт таңдау тұрды: Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің математика факультеті, Казан университеті, Томск институты және Ленинградтың азаматтық құрылыс инженерлерін даярлайтын құрылыс-архитектура институты. Иә, қазақтың ою-өрнегінің, сәуетшісі болу анамның ақ сүтімен бойымда, ағзамда тұрақтаған еді. Осы мақсат, арман жетектеп Ленинградтан бір-ақ шығарды. Бұл арманды оятқан сол кезде Ленинградта оқып жүрген Құдайберген Жұбанов аға еді. Мен ол тұлғаға сондықтан да борыштымын ғой. Есінде барма, екеуміз сол бір жылдары сыртқы есігін ашқанда төрі көрінетін жалғыз бөлмелі үйге барғанымыз. «Иә, иә», деп айта бердім. Ол оқиғаны кейін айтамын.
... Ленинград. Нева өзені. Қыс басталды. Оқудан қол тимейді. Тек жалғыз жексенбі күні бірер сағат Неваны жағалап, қызықтап қайтатын едім. Қара сұр бұлт қаланы жауып алған. Жатақханаға қайтуға жинала бергенімде үш боз бала ұстай алды. Әй-шәйға қаратпай, үстімдегі әжем тігіп берген түйе жүнін салып сырыған күпімді шешіп алып: «бұл бит, қайдан Нева жағалап жүрген» деп, күпімді Неваға лақтырып жіберді. Толқын арасында күпім ете барды. «Кет!» деп түйгіштей бастады. Қашып кеттім. Қыс бойы сырт киімсіз қатып-сеніп, үсіп, жаурап жүрдім. Кейін институтта бірге оқып жүрген Қаптаулық Асқар Сариджа Хасбулат Нұхбековичтің ішігін кезек киіп күн кештім. Есіңде ме, ол Алматыдағы қазақ батыры Амангелді Имановтың атты статуясының мүсіншісі. Оны Әліби Жангелдин ашқанда өзің де қатысқан едің ғой, ә?
Солай кейін 70-80 жылдары Мәскеуде Нұхбековичпен үйінде, шеберханасында талай кездескенмін... Иә, ол бір ұзақ әңгіме.
* * *
АСҚАР ЗАКАРИННІҢ ТӨЛЕУ БӘСЕНОВ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІНЕН БІР ШТРИХ. Сол Мәскеу, Ленинград қалаларындағы оқудан кейін Асқар Төлеу досымен Алматыда кездеседі. Аман-саулықтан кейін Асқар: «Мен Мәскеуде, баяғы Орынборда рабфакта математикадан дәріс берген білікті ұстазға кездесіп қалып едім. Ұстаз қолымнан ұстай алып: «Бәсенов қайда?» деді. Сонсын сені айтып едім, сәл іренжіп: «Бәсеновтен ұлы математиқ шығатын еді ғой» деп тамсанып қалды, дейді. Сонда Төлеу Бәсенов: «Иә, сәулет өнері ақ анамның ақзасымен, қанымен келген менің әнім еді ғой» депті. «Ал математика менің машықтанған жырым болды емес пе?» деген екен.
ӨЗІМ КӨРГЕН КӨРІНІСТЕР. 1953 жылдың қысы. Бұл жылдары Қазақ университетінің үшінші курс студентімін. Калинин көшесі мен Ұйғыр (қазіргі А.Байтұрсынов атындағы) көшесінің қиылысындағы студенттік жатақханада тұрамыз. Бөлменің есігін аптығып ашқан жатақхана вахтері:
– Студент Төреханов телефонға! Қонаева сұрайды. Тез, жүр, - деді.
Түн. Аяз. Төлеу ағаның үйіне жеттім. Аға бірден:
– Кеттік, - деп есікке қарай беттеді.
Ол жылдары Төкең Виноградов көшесіндегі қызыл кірпіштен қалаған екі қабат 42 үйде түратын. Бір квартал жүріп Фурманов көшесіне шықтық. Бір төрт қабат үйдің бірінші қабатындағы қар борап, басып тастаған есікке тоқтады. Сәл тұрды да:
– Есікті қақшы! – деді.
Есікті іштен ашқан бала сәлемдесті де, «кіріңіз» дегендей ишарат білдірді. Бірден көзге шалынғаны: бір бөлме, ескі киім-кешек, еденде отырған ақ шашты, бетін әжім алған, тарамыс денесін орап, тоңып отырған әжені көрдік. Қасында жаңағы есік ашқан бала, тағы бір ержеткен ер бала отырды. Төлеу аға екі дізесіне отырып, қарт әжеге сәлем беріп, қолын алып, бетіне бетін тақады. Қарт ана кемсеңдеп, егі егіне тимей басы қалтырап кетті. Сөніп бара жатқан кәрі көздерінің алдын сарғайып кеткен жаулығының бір шетімен қайта-қайта сүртті. Сонсын барып, көзін ашып, ағаны құшақтап, басын төсіне басты. Сәлден кейін аға қалтасынан бір қағазға ораған түйіншекті алып, жырым-жырым болған бешпентінің қалтасына салды да, орнынан тұра берді.
Көшеге шықтық. Аязды түнде Мұқан Төлебаев көшесімен біраз жүрдік. Аға да үн жоқ. Мен де мазаламадым. Үлкен қайғылы бір ой үстінде жүрді-ау деймін. Жаңағы қарт әже кім, балалар кімдер, кімнің отбасы өзі айтпағасын сұрамадым.
ҚЫСҚА БІР АҢЫҚТАМА: Иә, Төлеу ағаның мінезі тұйықтау, сырын, ойын көп шаша бермейтін сияқты болып көрінетін маған. Ал Нәби Құлшаманұлы ашық, ақжарқын ауызын ашса, аржағынан жүрегі көрініп тұратын адам еді. Иә, екеуінің әкесі де шешесі де бір. Жақсыбай ата да бала болмағансын туған Құлшаман ағасынан Нәбиді еншілеп алған еді. Бұл қазағымның дәстүрінде бар нәрсе ғой. Айтар болсам, Төлеу (Төлеумұхаммед) – қазақтың тұнғыш ғалым сәулетшісі болса, Нәби (Нәбимұхаммед) – қазақтың алғы легтегіндегі түсті және сирек кездесетін металдар инженері еді. Д.А. Қонаевпен, Шығыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысы болған Протазановпен Мәскеуде институтты бірге, бір жылы тәмамдаған. Нәби Жақсыбаев Социалистік Еңбек ері, КСРО депутаты болды, Қазақстан КП Орталық комитетінің мүшесі де болған...
Иә, сонымен Төлеу ағамен болған сол бір қызық әңгімені тарқата түсейін.
Қалай есіне түскенін білмей қалдым, бір кезде діземді түртіп қойып:
– Тауман, саған күні бүгінге дейін сол бір жылғы түнде, қыс аязы қыраулаған әженің кім екенін білмей, жұмбақ болып қалды-ау деп жүрсін ғой, ә? Аға ажарына қан жүгіріп, маған үлкен қара көзін тоқтатып қарады.
– Иә, аға, кейде ойыма ол ақ әжені аламын.
– Сөз басында айттым ғой. Ленинградқа оқуға баруыма бір себепші болған қазақтың тұнғыш грамматика оқулығын жазған ғалым, тюрколог Құдайберген Жұбанов деп. Ол әже сол ұлы тұлғаның жесірі. Қасындағы балалары. «Халық жауының» семьясы деп үй-баспана бергізбей қойды. Сол суық бір бөлмеде шиеттей балаларымен тұрды. Көп жағдайда материалдық көмек береміз Нәби екеуміз. Ахмет Жұбанов ағаң да Нәукең (жұбайы) екеуі жасырын келіп жәрдем береді. Енді осы әжеңе үй-баспана алып беремін деп шешкенмін сол уақытта. Арада ай өтпей ол мәселе оңтайлы шешіледі де. Сенің диплом жұмысыңды машинкадан өткізіп, түптеп берген сондағы ер жеткен баласы. «Қазақстан мұғалімі» редакциясында істейтін еді. Ал енді түсіндің бе? – деп аға жайнай түсті. Мен түсіндім деп басымды изей бердім.
П.К. Пономаренконың қазақ халқына, интеллигенциясына қырғидай тиуі. Жатақханаға телефон қонырауы соғылған. Вахтер мені телефонға шақырды, Төлеу ағаның дауысын бірден таныдым.
– Тез үйге кел! - деді де телефон трубкасын тастай салды.
Аға үлкен жайсыз күйде екен. Әншейінде жып-жылы бетіме қарап, сабақ үлгерімімді әжем екеуі жарыса сұрайтын. Жеңешем Гауһар Ахмет қызы Қонаева-Бәсенова шайын дайындап, әдемілеп шай беретін-ді. Үйінің жоғары қабатында кабинеті болатын. Ағаның ажарын көріп, тұлабойым мұздап кетті. Кітаптарды жинастырып жатыр екен, басын көтеріп алып, салқын жүзімен:
– Сені Асқардан бір жетіге сұрап алдым. Елге бар да, мына конвертті Малсақбаев деген ағаңа бер. Тек өз қолына! Тағы айтамын, ешқайда соқпа, ешкімге көрінбе. Сонсын саған бес жерден сорғышталған бір конверт береді. Соны жоғалтып, не ұрлатып алмай, тек қана менің қолыма бересің. Түсіндің бе? Басымды, жағымды изей бердім...
– Мен ойланып тұрып қалыппын. Иә, Асқары Зақарин болды-ау дедім. Себебі сол жылдары ол кісі КазГУ-дың ректоры болатын. Сонсын Төкеңе жылылықпен қарадым.
– Поезға билетің, міне. Ал, алып баратын конвертің – міне, - деп берді де: - Қазір жүресін. Поезға өзім отырғызып жіберемін, - деді.
Сонымен, Шалқар аудандық мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне – бөлімшесіне келдім. Ол кісі орнында болмады. Шамасы менің келетінімді ол бастық білген болар, еңгезердей ірі бір сержант мені қарсылап алып, бір бөлмеде тұрған диванды нұсқап:
– Осында жатасын. Ешқайда шықпайсын. Тамақты әкеліп беремін. Дәретханаға өзім алып барып, қайта әкелемін. Ал бастық ертең ертеңгісін жұмыста болады. Түсіндің бе? – деді.
Сол сержант мені келесі күні бастықтан шыққасын бірден поезға отырғызып жіберді.
Төлеу Бәсенов зейнетке шыққан жылдары мен Оталық комитеттің шақыруымен және Қазақстан журналистер одағының басқарма мәжілісіне жиі-жиі келіп тұратынмын. Міндетті түрде әжеге сәлем беремін, елден әкелетін дәм-тұзды ұсынамын. Бірде:
– Тауман уақытың бар ма? Көшеге шығып сәл серуендеп қайтайық, - деді Төкең ажарлана түсіп.
Мұқан Төлебаев көшесімен жоғары қарай көтеріле беріп едік: «Мұхтар Әуезов ұстазыңның үйі ғой мынау. Осы үйді салуға Мұхаң жобаларын сыздырып алды ғой, сонда талай кешкілік келгеніміз есің де ме?» деп оң жақ қолын көтеріп көрсеткен. Абай даңғылымен Күляш Бәйсейітова көшесіне жетіп, бір арқалығы бар орындыққа отырдық. Байқаймын, ентігіп қалды. Сол жақ қабырғасының үстін қолымен баса берді...
Ұзақ отырып әңгімелестік, бір кезде:
– Аға осы құпия мерзімі өтті ғой. Баяғыда мені елге жібердіңіз. Тапсырмаңызды мүлтіксіз орындаған сияқтымын. Сол конверттің құпиясын ашпайсыз ба? – дедім.
Аға төсінен қолын алып, маған тура қарап:
– Иә, өзім де ойлайтын едім. Ол қаламгер адам ғой, ертеме, кешпе сұрайды-ау сол конверт жайлы дейтінмін, - деді ажары көмескіленіп:
– Пономаренконы білесін бе? Есіңде бар ма?
– Иә, Қазақстанға Брежнев, Пономаренко келді ғой Шаяхметовтың орнына дедім.
– Дұрыс, Қазақстанның интеллегенциясын жинап алып, сөз арасында қазақ халқын «дикарлар», мал баққаннан басқа ештеңе білмейтін тағылар, ал интеллигенциясы сауатсыз, қоқыс деп сөкті. Шыдамым таусылды. Рұқсатсыз орнымнан ұшып тұрып, секретардың бетін қайтардым. Ұлы Отан соғысы кезінде, жылдарында еңбектеген баладан, еңкейген кемпір-шалға дейін Отан соғысына еңбек етті. Шұлық, қолғап, тон, киім тігін жөнелтті. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Шімкентте жасалды, жіберілді. Фашистер басып алған қалалардағы елді мекендердегі барлық адамдар дерлік Қазақстанға жөнелтілді. Михайл Шолоховтың семьясы да келді, бәрін қазақ халқы асырады, бақты! Жұмыс берді! Кешегі Леонид Брежневтың семьясын да баққан осы Алматы, қазақтар! Сіз қателесіп айтып тұрсыз деп едім, «мынаны залдан шығарыңдар!» деп айғай салды.
... КГБ-ны соңыма түсірді. Мені молданың баласы, «халық жауының» семьясына үй бергіздің, анауың қате, мынауың қылмыс деп, бәле жапты. Мен Қазақ ССР Министрлер Советінің құрылыс архитектура басқармасының бастығы едім ол жылдары, қызметтен қуды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі депутаттығымды тоқтатты. КГБ шақыртып алып: «Әкең молда болыпты, т.б. кіналарды тақты. Ашуым келіп кетті. Әкем молда болса, мені неге сүннетке отырғызбаған. Қажет пе, бәрін көрсетейін» дедім. «Керек емес» деді. Содан: басыма ой келді. Малсақбаевпен сөйлестім. Ол турасын айтты: «Маған Сізді, ініңізді, әкеңізді жақсы білетін қарттар барма, болса, аттарын атаңыз. Мен тауып алып, олардан қолхат жаздырып алып сізге жіберейін. Ол оправдательный документ бола алады. Тек сенімді адам жіберіңіз» деді. Сол қағазды әкелуге сені жұмсап едім ғой, - деп бір кеңейіп дем алды.
Пономаренко мені Қырғызстанға жер аудартты. Онда бірнеше ай жұмыс істедім. Ол Қазақстаннан кетті, мен Алматыға қайта оралдым.
Сол сен әкелген конверт Мәскеуден СССР КГБ-сынан мені ақтап оралтқан еді, арада бірнеше ай өткенде...
ТҮЙІН. Қазақтың тұнғыш ғалым-сәулетшісі Төлеу Бәсеновтың еліне сіңірген еңбегін істес болған азаматтар оның туғанына жүз жыл толуына орай айтар, жазар, еске алар. Қазақстан архитектура Одағы өзінің осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласында өткізген кезекті отырысында Төлеу Бәсеновтың туған өңірі Ақтөбе қаласында Ескерткіш орнатуға, көше атын беруге облыстық әкімдікке ұсыныс жасаған еді. («Казправда», 29.05.07 ж.) Ұлы ақын, мемлекеттік қайраткер Олжас Сүлейменовтың мына бір ұлағатты сөзі еске орала береді. «Ұлы мәдениеттер өзінің кішкентай өкілін де жоғалтпайды, ол сонысымен ұлы, ал кішкентай мәдениет өзінің ұлы өкілдерінде оп оңай жоғалтып алып жатады, ол сонысымен де кіші» деген еді.
Төлеу Бәсеновтың Алматы шаһарының заманында бірінші бас сәулетшісі болғанын ескеріп «Алматы ақшамы» (16 шілде 2009 ж.) айқарма бетін беріп, аса көрегендік білдірді, академик Әбдісағат Тәттіғұлов, Алматы қаласының Әкімдігі бір қатар игілікті шаралар белгілеп отыр.
Иә, республикалық дәрежеде атап өтетін істі – ірі тұлғаны кішірейтпейік, жоғалтып алмайық. Ұлылар аруақтары сонда ғана риза болады, бұрынғының кісісі – бүгінгінің кішісі болмасын, өлдің – өштің демейік.
Тауман Төреханов, жазушы-журналист,
Алматы қаласы, 12 қыркүйек 2009 ж.