Бас басылыммен 69 жыл біргемін
Осы жолдардың авторын 1947 жылы еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық кеңес атқару комитеті іс жүргізуші етіп мемлекеттік қызметке алды. Сол жылы 16 жасқа аяқ басқан едім. Бірден республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті сүйікті досыма айналды. Аптасына кемі бір рет, не екі рет онда қысқа-қысқа хабарларым жарық көреді. Сол жылдан бастап газетті үйге жаздырып алатын болдым.
Менің газеттегі ұсақ-түйек хабарларымды көріп, аудандық партия комитетінің секретары Саттар Нұрмашұлы Имашев өзіне шақырып алып: «Сен КазГУ-ге оқуға бар. Жолдама береміз. Келешегің – баспасөз» деді. Иә, кейін Саттар Имашев Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болды ғой. Аудандық партия комитеті мені аудандық газетке аға әдеби қызметкер етіп жіберді. Бұл 1949 жыл болатын. «Социалистік Қазақстан» газетін одан әрі үйге жаздырып ала бердім. Әке-шешем, жеті бала – бәріміз бір бөлмелі, бір терезелі балшық үйде тұрамыз. Газет күн сайын келеді үйге. Бастан-аяқ оқып болған соң бөлменің қара қабырғасына шеге қағып, соған іліп қоямын. Рухани өсу кезеңі басталды. Сол жылы үйлендім. Сол жұбайым Балзада Шәмшіқызымен бірге өмір сүріп келе жатқанымызға 67 жылға аяқ басты.
КазГУ-ге оқуға түстім. Бұл 1950 жыл болатын. Жаңа дәуір басталды. Күн сайын киоскіден «Социалистік Қазақстан» газетін аламын. Бұл үдеріс 5 жылға созылды. Еңбек жолы басталды. Енді өзіме ұстаз болған «СоцҚазақстанды» одан әрі жаздырып алатын болдым. Газетке үзбей материалдар жазуыма байланысты 2 рет Құрмет грамотасымен марапатталдым.
Осымен заман өте берді. Еліміз егемендік алды. Сонда да «Егемен Қазақстан» бағдар беруші ұстаз болды. Өмірге, қоғамға тың көзқарас туды.
Турасын айтуым керек, «Егемен Қазақстан» республикада теңдесі жоқ, халық сүйіп оқитын дара басылымға айналды. Әр саны үйге келген сайын бәйбішем екеуміз таласа танысамыз. Сауытбек Абдрахмановтың Елбасымен сұхбаттары, еліміздің – қазақ халқының әлемге танылуы жайлы материалдарын, Жанболат Аупбаевтың сұлу сөздермен көмкерілген эсселерін кезектесіп оқимыз. Қоямыз. Ал газеттегі халықаралық тақырыптарға баға беретін шебер тілмен, түсінікті етіп жазатын Мамадияр Жақыптың екі бағаналық материалдарын жұма сайын асыға күтемін. Иә, баспасөзге 60 жылдай кірігіп, оның 30 жылын облыстық-селолық, ауданаралық, аудандық газеттерде басшы болған соң саяси тақырыптар аса қызықтырады.
Бүгінгі «Егемен Қазақстан» халқымызды отансүйгіштікке, патриотизмге, ұлы адамгершілікке, рухани өсуге тәрбиелейтін бірден-бір заңғар басылым. Соңғы ширек ғасырға жуық уақытта 13 тарихи-деректі романдар, повестер жазып, жарыққа шығаруыма ұстаздық еткен «Егемен Қазақстан» газетіне, оның автор, қаламгерлеріне бүтіндей қарыздармын!
Өз тәжірибеме сүйеніп, қарт қаламгер ретінде әр отандасыма «Егемен Қазақстанға» жазыл деп кеңес бергім келеді. Сен одан егемен еліңнің бүгінгі өмірімен танысасың, абыз ақсақалдарының сөзіне қанығасың, болашақ өміріңе бағдар аласың.
Тауман ТӨРЕХАНОВ,
ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер,
Шалқар ауданының құрметті азаматы.
Егемен Қазақстан
19.12.2015