Ғасырлар Тоғысындағы Ұлы Тұлғаға Ағасының Батасы Мен Бағасы


tauman torekhanov

Телефоным қайнаған самаурындай «тасып кетті».
- Сізді мазалап тұрған Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесінен. Сіздің «Қанмен жазылған тағдырлар» кітабыңызда Елбасы – жайлы лебіздер айтылған екен. Сол лебіздерді қағазға түсіріп және «Егемен Қазақстанда» жағымды баға берілген «Дала Геркулесі» кітабыңызды жіберсеңіз. Күтеміз,- деді.
Сонымен:


Адамның кім екенін білгің келсе, қолына билік бер.
Шығыс даналығы.


Кеше:
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Орталық партия комитетінің секретары болып тұрғанда, Ақтөбе облыстық партия конференциясына келді. Конференцияда 25 минут сөйледі. Делегаттардың Нұрекең сөзіне риза болғаны сонша, түгелдей орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты. «Міне, осылай сөйлеу керек, бұл секретардың келешегі шексіз, нағыз ел басқаратын Адам» десті. «Демекең мына азаматқа орынды сөзсіз өзі босатып беру керек», деп жатты. «Елді осындай білікті, шешімі нық, анық тұлға басқарса, мына атом полигондарынан құтылар едік, кәнекей», деп жатты. (Тауман Төреханов. Қанмен жазылған тағдырлар. - Атамұра, 1999. - 345-346 б.).
... арада үш жүз жылдай уақыт өткенсін, 1991 жылы Қазақ халқы өзінің ұлы қайраткер-демократы, нар мүсінді, алтын азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауында тәуелсіздігін, егемендігін, тұтастығын алды... ұлы қайраткеріміз, тәуелсіз елдің көсемі, қазақ ұлтының ұлы қанынан жаралған Нұрсұлтан Әбішұлы аман болғай! Әлем таныған қайраткердің өмір жасы ұзақ болғай!» (Тауман Төреханов. Қанмен жазылған тағдырлар. - Атамұра, 1999. - 409-410 б.). Бұл бағалар 1980 жылдардағы автордың қойын дәптерінен алынып, жоғарыдағы кітапқа енгізілді.
Бүгін:
«Дала Геркулесі» кітабын ұсынамын. Қолтаңба:
Нұрсұлтан Әбішұлы Сіз Өзіңіздің стратегиялық сұңғыла, салиқалы саясатыңызбен ғасырлар тоғысында Тәуелсіз Қазақ Елінің негізін қалап, Әлемге танылған, танылып қана қоймай, мойындатқан ұлылығыңызбен, даналығыңызбен ғасырлар тарихында Алтын әріппен жазылған, жазыла беретін ұлы Есіміңізді қадырлеуші сексеннің сеңгіріндегі ағаңыз Тауман Төреханов, ұлы батыр Есеттің төртінші ұрпағы.
Нұрсұлтан Әбішұлы Сізді ұлы Қарасай батырдың, әулиелердің – Ата-Бабалардың, Әз Аналардың аруақтары әркез қолдап, қорғай жүргей деген ақ тілекпен амандығыңызды, абыройыңызды тілеуші ағаң –

Тауман Төреханов,
журналист-жазушы, ҚР мәдениетінің қайраткері,
21 тамыз, 2010 ж.