Қазақтың тұңғыш сәулетшісі

СӘУЛЕТШІ ТӨЛЕУ БӘСЕНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА
100 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА


toleu basenov

Төлеу Құлшаманұлы БӘСЕНОВ 1909 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы №11 ауылында (қазіргі Есет Көтібарұлы Бәсенов ауылы) туған. Әкесі қайтыс болғаннан соң, туыстары оны әуелі Шалқар балалар үйіне жібереді, одан әрі Темір ауданындағы Құнжыр балалар коммунасында тәрбиеленеді. Алғашқы білімді алғаннан кейін 1925 жылы Орынбор жұмысшы факультетінде оқиды. 1933 жылы Ленингарад сәулет- құрылыс инженерлер институті сәулет факультетін бітірген.




Ол - тұңғыш кәсіби қазақ сәулетшісі. Қазақстандағы қазіргі сәулет мектебінің негізін салушы, сәулет саласындағы алғашқы ғалым педагогтардың бірі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы, КСРО Архитектура академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстан сәулетшілер Одағын ұйымдастырушы және оның тұңғыш төрағасы. Қәзіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс Академиясының негізін салушы.


1951 жыл. Осы жолдардың авторы Алматыда Қазақ университетінің журналистика бөлімшесінде оқып жүрген студент-тін. Алғашқы екінші курс студенттері жан-жаққа қарап, оң қол-сол қолын танитын болып қалады ғой. Ару Алматыға да үйрене бастадық.
Бірде кезекті бір газеттерді қарап отырып: «Т.Қ. Бәсенов-СССР сәулет өнері (архитектура) Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды»,- деген жолдарды оқыдым. Көзіме оттай басылды.
Алматыдан жүргенде әкемнің: «Қалада Төлеумұхамбет (Төлеу), Нәбимұхамбет (Нәби)деген жақын туыстарың бар. Төлеу - Құлшаман атаңның балаларының бірі. Бәріміздің де Бәсен атадан тараймыз. Одан Көтібар, одан Есет атаң, Есеттен Назар. Одан Төрехан. Сенің тегің Төреханов. Төлеудің анасы - Ақбала менің жеңгем. Ол әжең де, осындағы Айдос деген атаң да қазақ қолөнерінің шебері болатын. Айекең қазір Алматыда жұмыс істейді екен. Оқу іздеп барасыңдар ғой, ағаларыңның үйіне барыңдар, әжеңмен танысыңдар, сәлем айтыңдар. Сол әжең бәрін айтады. Ал ол ағаларыңды таба алмасаңдар, үлкен ғалым Бекежан (Бек) Сүлейменов деген ағаларың бар. Нияз бидің тұқымынан. Кезінде Есет батыр атаның кеңесшісі болған. Үлкен адаммен танысқаннан зиянға қалмайсыңдар, балаларым» - деген-ді.
Біз үшеу едік. Үшеуімізде университеттің екінші курсында оқимыз. Олардың бірі қазір облыстың белгілі азаматтарының бірі – Рамазан Нұржанов те, екіншісі – ұзақ жылдар бойы халық ағарту орындарында, партия, кеңес аппараттарында қызмет істеген Төреғали Өтегенов (марқұм) еді. Міне, енді сөйтіп, газетті қолыма ұстап ол екеуін тауып алып, Төлеу Құлшаманұлының үйін іздедік, сұраумен тауып алдық. Виноградов пен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысындағы екі қатарлы қызыл кірпіштен салған әдемі үй екен.
Бізді әжеміз қарсы алды. Үшеуімізді тұрғызып қойып «тергеп» болып:
-Алда, айналайындар- ай, сен Шашақ қайнымның (менің әкемді туыстары, жеңгелері киіміне зер салып, шашпау салып жүретін болғасын «Шашақ» деп атапты) баласы екенсің ғой,- сен сол қайнымның баласы екенсің ғой, ал сен Жәми інімнің перзенті екенсің ғой деп үшеуімізді бастап үйге алып келді. Үйде Төкеңнің Ғали деген баласы бар екен. Ол кейін Дондағы Ростов қаласында ауыл шаруашылығы өндірісін электірлендіру институтын бітірді, Алматы машина құрылыс зауыттың бас директоры болды. Өкінішке орай ол қайтыс болды. Ерте кетті. Сол Ғалидың баласы Алмат қәзір Ұлттық банктың бас дизайнері. Кәдімгі теңге жобасын жасағандардың бірі. Әже шай әзірлеп, қойдың қарнына тыққан сары майын («сары майды магазиннен сатып алып, қарынға салады екен», - дедік.) қойып, өзді-өзіміз аба-жаба болып жатқанда, көп адамдар кіріп келді.
Бәрі де : « Әже, құтты болсын! Балаңыз академик болыпты»,- деп кеуанның бетінен сүйіп жатты да, «баласы мен келінінің бүгін Мәскеуден ұшып келетінін» хабарлады.
Біз шамалы күмілжіп қалап едік:
- Бізге кешке қарай келіңдер, ағаларыңа сәлем беріңдер,- деп бұйрық райда айтты
Айтқандай біз кешке үйге келсек, үй іші толы адам екен. Біздің есімізде мықты сақталып қалғандар: Димаш Ахметұлы, Асқар Меңдіахметұлы Қонаевтар, композитор отбасымен Ахмет Жұбановтар, қаржы министрі Төлепберген Төлебаев, республикалық банктің басқарушысы Нұрғали Қарасаев отбасымен, Қонаевтардың әке-шешесі, Төкеңнің туған жиені Рахметулла Өтемісұлы Ерменов (кейін Новосибирскінің құрылыс инженерлерін даярлайтын институт бітірді). Республиканың орталық органдарында жұмыс істеді, қазір зейнеткер. Қазақтың бірінші кибернетигі туысымыз Мәжит Мұқанов, марқұм болды.
Содан кейін әжеміз бір азаматты ортаңғы бөлмеге шақырып алып, бізді таныстырды. Орта бойлы, аппақ, мұрынды, сұлу жүзді, өткір қара көздері адамға тоқтап қарайтын, шашын әдемілеп, оң жақ шекесіне жатқызып тарап қойған, толық денелі, жасы қырықтардан сәл ғана асқан, артық, оғаш қимылы жоқ мәдениетті адамды көрдік. Ол біздерді аса жылы шыраймен қарсы алды. Ол сол ағамыз – Төлеу екен. Әжені шақырып алды да, біздің кімдер екенімізді екжей – текжейлі сұрап білді. Бір кезде тұрғанымызда толық денелі, орта бойлыдан сәл биіктеу, бетінде шешек дағы бар, өткір қой көзді, мұрынды, жалтыр басты адам қонақтар отырған залдан шыға келіп, бізді сұрастыра бастады. Төкең мұны: «Бек ағаларың осы», - деп таныстырды. Атақты тарихшы Бек Сүлейменов дегеніміз осы екен.
Ұлағатты адам еді. Оның алдында университеттің дәрісханаларында ол адамды сыртынан бір-екі көргеніміз бар-ды. Қасында өзі сияқты қалың денелі, жауырыны шығыңқы, қара торы адам жүрентін-ді. Оны жоғарғы курс студенттері: «Қазақтың Белинскийі», - деп атайтын. Кейін байқасақ, - ол белгілі әдебиет зерттеушісі Есмағамбет Исмайлов екен. Бек аға екеуінің мініп-түсетін бір қара «Москвич» мәшинесі болды. Әлгі көлікке екеуі отырғанда, жауыр ат сияқты белі майысып, белағашы жерге тиетін, екеуі түскенде «уһ» деп демін бір алатын, кәдімгі кәрі есектей болып көрінетін студенттер болып біраз іштей күлетін едік.
Төкең аз сөйлейтін, тіпті сөзге сараң, бірақ адамға қараса өте терең, ойлы көзімен барлап қарап, іштей баға беретін адам сияқты болып сезіледі де, Бекең өте сөзшең, алғыр, адам талғамайтын, адамдармен бірден етене сөйлесіп кететін адам болып көрінеді.
Бір кезде Бек аға тамақ дайындалып жатқан бөлмеден асығыс шыға келген жасы отыздың үстіндегі ақсары, ұзын бойлыдан сәл аласалау, денесі әлі толық емес сұңғақ, бетінде, көзінің алдында күлкі мен қалжың үйіріліп тұратын әйелді қолтықтап бізге алып келді де:
- Гаухар Ахметқызы, қайныларың, міне, сәлем ет! - деп бұйыра айтты. Біз абыржып сасып қалдық. Үшеуміз де әлі бозбалалар едік, тік тұрдық.
- Қазақта қайын ағаға сәлем ететін үрдіс бар еді, Бек аға. Ал қайныларға... – деп жымиып күлгенде, әйелдің сұлу жүзіне қан жүгіріп, оны ажарландыра түсті.
- Немене, үш қайның бір қайнағаға татымай ма? – деп Бек аға жаңағы жеңгейдің біздерге иілуіне мәжбүр етті де:- Міне, жігіттер, Төкең ағаңның жұбайы Гаухар Ахметқызы Қонаева, - деді Бек аға.
Осы қуанышқа ортақтасуға жеңгелерінің аға – інілері, әке-шешесі, нағашысы – бәрі келді. Әже ана жақта тұрып:
- Көп жаса, бақыттты бол,- деп келініне батасын берді.
Біздің Төлеу Бәсенов отбасынмен алғашқы таныстығымыз осылай бастаған еді. Мұнан кейін етене араласып кеттік. Төкеңнің бір бөлмесінде биллиард тұратын. Сол жылдары Мәскеудің техникалық академиясының аспиранты Асқар Қонаев пен Рахметулла Ерменов екеуі кешкісін осы бөлмеде биллиард ойнап жататын еді.
Айдос Мұратов атаның көзіндей Төкеңнің үйіндегі қазақ ұлтық өнерімен оюланған шар айнаны, кебежені әркез қызыға қарайтынбыз. Байқасақ Айдос ата республикалық халық қолөнері Басқармасында қызмет істеп, «Құрмет белгісі» орденімен наградталған екен.
Араласа келгенде, Төлеу ағаның Санкт-Петербургтың (Ленинградтың) архитектура құрылыс институтын тамамдағанын білдік. Отызыншы жылдар ғой, оқыған қазақтардың да жағдайы нашар еді.
- Бірде, - деген сол бір студенттік кезін есіне алған Төкең. – Үстімде әжем тігіп берген күпім бар еді. Нева бойын жағалап келе жатқанымда, бір топ балалар тұрғызып қойып, «бұл не нәрсе» деп, үстімдегі күпіні тартып, шешіп алып, Неваға лақтырып жіберді. Сөйтіп, қыс ішінде жалаңаш қалдым. Қысты сырт киімсіз өткізуге тура келді. Әйтеуір шыдадық.
Төлеу Құлшаманұлы Бәсенов Алматыда еңбек жолын бастапты. Біраз уақыт Алматы қаласының Бас сәулетшісі болды. Алматы қаласындағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрының, Мәскеудегі бұрынғы Қазақ ССР халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің, Алматыдағы Үкімет Үйінің, «Алатау» кинотеатрының, Бүкілодақтық конкурстың жеңімпазы болған - қазақтың батыры Аманкелді Имановқа қойылған атты ескерткіштің, Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіндегі Даңқ мемориалдық ескерткіштің, М.Әуезов мұрағат - үйінің, қаладағы Ленин (қәзіргі «Достық») даңғылын жасаудың және басқа ірі ғимараттардың авторы болып еді.
Аманкелді Имановқа араналған ескерткішті Қазақ ССР, Жоғарғы Совет Президиумы Төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин салтанатпен ашқанда осы жолдардың авторы Әліби Жангелдинді, ескерткіш авторларын көру бақытына ие болды. Ол мың тоғыз жүз елуінші жылдар болатын.
Одан әрі Т. Қ. Бәсенов Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Мемлекеттік құрылыс Басқарамасының төрағасы, Мемлекеттік құрылыс Комитеті төрағасынын бірінші орынбасары қызметін атқара жүріп, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтындағы архитектура факультетінің сызба (начертательная) геометрия кафедрасын бірінші ұйымдастырушы, негізін қалаушы болды. Кейін бұл факультет Алматы архитектура құрылыс академиясы болып құрылып, шаңырақ көтерді.
Ол - Қазақстан сәулетшілер Одағын тұңғыш ұйымдастырушы және оның бірінші төрағасы болды. Реті келгенде айта кетейік, Ақтөбедегі Кеңестер Үйінің жобасын жасаушы, осы үйді салуға қол қойып, Республика бюджетінен қаржы бөлуге мұрындық болушы да осы Төлеу аға еді. Оның қырықтың үстінде кітап, еңбектері болып болды. Өмірінің соңғы айланында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи Мавзолейінің қалпына келтіру комиссиясын басқарып, оны қайтадан пайдалануға беріп үлгерді. Ол жайында «Ахмет Яссауи Мавзолейі» деген кітап жазды. Осы жолдардың авторы Т. Бәсеновтың бірнеше еңбегін, фотосуреттерін Шалқар өлкетану музейіне өз қолымен берді.
Табиғатында кішіпейіл, ақжарқын, ақкөңіл адам еді. Бірде сол елуінші жылдардың басында ҚазМУ-дың жатақханасына телефон соғып, үйіне шақырды.
Келдім. Мезгіл қыс. Күн кешкілік болатын. Төкең екеуіміз Алматының Фурманов көшесінің бойымен жүріп, Кировпен қиылысатын жердегі есігі көшеде шығып тұрған үйге келдік. Үйдің есегін ашқанымызда бір бөлмелі үйдің төрі көрінді. Үйтіліп отырған ақ шашты ана мен екі баланы көрдік. Төкең олармен ұзақ әңгімелесіп, қал- жағдайларын сұрады.
Кейін бір келгенімізде олар үй алып, халық қатарына қосылып, қалғанын көрдім. Кейін білдім, ол ғалым, қазақтың бірінші тілші - ғалымы, қазақ грамматикасының авторы, профессор Құдайберген Жұбановтың жесірі екен. Ұл, қыз сол ғалымның өмірінің жалғасы – перзенттері болады.
Төкеңді реніш үстінде отырғанын, жалпы, екі рет көрдім. Гаухар Ахметқызы «асты – үстіне түсіп», Төкеңді балаша жұбатып жатты.
Ол былай болған екен. Қазақтың ғылым мұнарасы, ордасы, айшығы аталатын университетіне осы заманғы үй – комплекс салу мемлекеттік дәрежеде шешілген. Бұл комплекске қаланың бұрынғы Ташкент көшесі мен бірінші Алматы арасынан жер бөлінген. Осы хабарды Т. Бәсенов шетелдік бір ұзақ сапардан келгесін естиді. Сәулетші бірден реніш білдіріп, ҚазМУ–ге араналған комплекс Алатаудың бауырында, биікте болу керек деп жоба мен құжатқа қол қоймайды. Бұл кезде Төкең Мемлекеттік құрылыс Кометитеті төрағасының бірінші орынбасары болатын. Шынын айтсақ, Бәсеновтың қолынсыз бірде-бір ірі құрылыс өмірге жолдама алмайтын, бірақ ол құжат Қазақ үкіметінде бекітіліп кеткен екен. Соны бұздырып, өзінің ойын дәлелдеп, ҚазМУ кешенін қазіргі қоныс тепкен жерге ораналастырады. Екінші бір реніші Алматыдағы қазіргі Үкімет үйінің өзі жоқта дұрыс емес қаланған қабырғаны бұздырып қайта қалатқанын, оған біраз қаржы кеткенін айтады.
Әрине, мұндай жылы сөздерді Төкең жайлы, оның жолдасы Гаухар Ахметқызы туралы көп айтуға болар еді. Гаухар Ахметқызы адам талғамайтын барын қонағына беретін, сөзшең, әзіл-қалжыңды айта білетін, көтере білетін ақжарқын жар болды, балаларына ана болды, өзіне лайықты бәйбіше болды. Гаухар жеңгей қызы Алуашпен жетпісінші жылдардың аяғында Есет бабаға тағзым етіп, Шалқарға келіп кетті.
Қазір ол Алматыда Бәсеновтер шаңырағының түтінін түтетіп жатыр.
* * *
Төлеу ағаның шәкірті, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сәулетші Әбдісағат Тәттіғұлов бір естелігінде ұстазы туралы былай деген болатын: «Әдебиетте - Мұхтар Әуезовтың, ал музыка саласында - Ахмет Жұбановтың есімдері аталғанда шексіз құрмет пен ілтифат сезімі қалай тез оянатын болса, сәулет өнерінде - Төлеу Құлшаманұлы Бәсеновтің есімін соншалықты көңілге ыстық, жүрекке жылы тиеді».
Иә, Төлеу Бәсеновтың қазақ сәулет және құрылысы саласына жасағанына орасан. Ел оны қазақтың тұңғыш сәулетшісі деп мойындайды. Оның осы жүз жылдық торқалы тойында, мәңгілік есіне қалдыру мақсатында респубика басшылығы өзі аштырған қәзіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс Академиясының атына аталса, сонымен берге, Ақтөбе облысында орталық қалада ескерткіш, көше және Шалқар ауданындағы өз осы топырақта туған Қорғантұз орта мектебін Төлеу Бәсенов атына берсе орынды болса еді.

Тауман ТӨРЕХАНОВ,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-журналист,
Ана тілі газеті, № 38(979), 24-30 қыркүйек, 2009 ж., 10 бет., Алматы қаласы.