Туған Аймақ Ажары Әрленген Екен
Жол үстіндегі әңгімелерден
Миллиондаған адамдардың ойларына келе бермейтін тың идеяларды ойлап тауып, батыл ұсыныстарды жасап, оларды өмірлендіретін тұлғаны ғана көсем – басшы деуге болады.
Автор.
Осы жолдардың авторы ғұмырының алпыс жылдан астамын өзінің атамекені - Ақтөбе облысының өңірінде қалдырған. 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған (геноцид) аштық – ашаршылықты, қанды 1937, қайғы-қасіретті 1938 жылды, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңдеріндегі малшыларға жәрдемшілікті, Шалқар аумағындағы Кішкенетұз карьеріндегі сүйменші- шахтерлікті, колхоз аңшылығын басынан өткізді. 16 жасында еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық кеңес атқару комитетінде іс-жургізуші – мемлекеттік қызметке алынып, кейін аудандық «Соцтуы» газетіне аға әдеби қызметкер болған. Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) студент, туған елге қайта оралып, барлық саналы өмірін Ақтөбе өңірінде халқына қызмет етуге түгелдей дерлік арнаған. Табан аудармастан үзіліссіз Ақтөбе облыстық селолық, аудандық газеттерінде отыз жылдан астам бас редакторы болған. Қазақстан КП Орталық Комитеті оның газеттерді жоспарлау, ұйымдастырушылық іс-тәжірибесіне арнап (1971 ж.) жинақ шығарған. Ақтөбе облыстық партия ұйымының 12 конференциясына шешуші дауыспен делегат, обком мүшесі, Шалқар аудандық партия комитетінің 27 жыл бюро мүшесі, ауатком мүшесі болған. КСРО журналистерінің құрылтайына, Қазақ ССР Журналистер Одақтарының 8 съезінің делегаты, екі шақырылымның басқарма мүшесі болып сайланған. Шалқар ауданының құрметті Азаматы. Соңғы жиырма жылын жазушылыққа арнап, Ақтөбе өңірінің тарихын баяндайтын он бір әдеби, тарихи кітап жазып, «Атамұра» баспасынан жарыққа шығарған.
Қаламгердің осы бір еңбектерін еске алған болар, Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтан журналист-жазушының 80 жылдық мерей тойын атамекенінде-туған жерінде атап өтуге шақыру алған еді.
АТАМЕКЕНГЕ АҚ САПАР
Алматы халықаралық әуе жайынан Қазақ елінің көк мұхиттай толқып жатқан көгілдір аспанына көтерілдік. Біз алтаумыз. 62 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан бәйбішем Балзада Шәмшіқызы, ТМД елдерінің және ҚР-ның еңбегі сіңген энергетигі ұлым Ғалымбек, келінім белгілі физик, композитор Емберген Терековтың қызы қаржыгер Балзада және қызым Светлана, жолсерік халықаралық М. Шолохов, В. Пикуль аттарындағы сыйлықтардың иегері академик жазушы Сәбит Досанов. Ұшақ он мың метр биіктікке шаққанда борт сырты минус 63 градусты көрсетті. Ұшақ салоны толы жолаушы. Тым-тырыс, жып-жылы. Жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Арада екі сағат өткенде борт сыртындағы ауа райы минус 43 градусқа дейін төмендеді.
Халықаралық Ақтөбе әуе жайы. Ұшақ ұшатын, қонатын трассалардан бастап бәрі жаңарған. Әуе жай ғимараты жолаушыларды ұшақтан түсіріп алу тіпті басқаша! Еуропалық бірінші класты әуе жайларындай, бәрі керемет жасалған. Ұшақтан жабық дәлізге аяқ басқанымызда, Республиканың, облыстың, танымал азаматтары қарсылап алды. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-Ақтөбе, «Актобинский вестник» облыстық газеттерінің бас құрылтайшысы–басшысы – дара ақын, көсемсөз көрігі, еліміздің қайраткер тұлғасы Мейірхан Ақдәулетұлы, облыс Әкімінің кеңесшісі Ғалымжан Жарылқасынұлы Төреханов, облыстық мемлекет басқармасы жетекшісінің орынбасары Қадырғали Ермұқан, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының хатшысы Жанқабыл Жұмағалиұлы Қабақбаев бастаған ондаған туған жердің арлы да ажарлы азаматтары қарсылап алды. Қуанышта шек жоқ! Құшақтасып көрісу, қауышу, көздерден бұршақтап атқылаған жас, ыстық ықылас-бәрі, бәрі болды. Иә, арада ширек ғасырдай кездеспесекте бір замандарда бірге қызметтес, дәмдес болған азаматтардан қалған аттөбеліндей топ еді ғой, бұлар. Осы бір сәтте жандай құрдасым Мұқағали Мақатаевтың: «Не біледі, осы жұрт не біледі? Бабалардың баласы-қариялар, сиреп бара жатқандай көрінеді». Солай, иә. Мұны, бұл жағдайды одан әрі көре түстік.
ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ САРАЙЫНДАҒЫ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Жергілікті халық «Достық үйі» деп кеткен екен, бірақ Халықтар Достығы сарайы (Дворец дружбы народов) деп атаған дұрыс. Атшаптырым кеңістікті алып жатқан бұл ғимарат –сарайдың осыдан екі жыл бұрын ғана тұсауы кесілген көрінеді. Тұсауын облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы бастаған халық өкілдері кесіпті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, Аслан Есболайұлы болып, елге қызмет етуге лайықты ғимарат екен деп жоғары баға беріпті. Басқа қызмет орындарын айтпағанда, көрермендер отыратын залының өзі сегіз жүз орындық әдемі әрленген, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген. Бір кеудесі кең залда осы жолдардың авторының шығармаларына арналған көрмеге кітаптарын қойыпты. Қыздарым кітаптарға қолтаңба жаздырып алды.
Көрермендер залы. Халық көп жиналған. Кешкі уақыт 17-і. Үлкен сахна ашылды. Біздің әулет жайлы сексен жылдығымызға арналған киноны жіберді. Отырғандар бірі түрегеліп, бірі отырып, қолсоғып жатты. Кинодан кейін сахнаның көлемді бетін жаба «Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер жазушы Тауман Төреханов 80 жаста» деген жазуы бар фото суретімен полотноны жарық еткізіп көрсетті. Иә, мен қатты абыржып қалдым. Біріншіден, туған елімнің сонша құрмет көрсеткеніне ризашылық танытсамда, өзімнен-өзім ұялдым да. Екіншіден, үш рет отадан өтіп, соңында екі көзіме де ота жасатып, тірі қалғаныма қайран қалып, осы жасқа жеткеніме шүкірлік еттім. Әрине, бұл жас кез-келген пенденің тағдырына жазыла бермеген ғой. Өзіммен 1937-1938 жылы бірінші класқа барған отыз шақты шәкірттен жалғыз Нұрадин Дүйісмағамбетов осы дүниеде бар екен. Университетте қатар оқығандардан Убайдулла Жаулыбаев, Зейнулла Әйтімов үшеуміз ғана жер басып жүрміз. Тағдыр осы!
Шығармашылық кешті Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының хатшысы Жанқабыл Қабақбаев жүргізіп отырды. Бірінші сөзді дарынды ақын, көсем сөз серкесі, майталман журналист Мейірхан Ақдәулетұлы алып, тарихи сөз сөйледі. Менің жұбайыма, өзіме, сый-сияпат жасады. Құттықтау легі көп. Республиканың танымал журналисі, Ақтөбе облыстық газетін ширек ғасыр басқарған, отыз жылдай бір ерде, бір бағытта қызмет істеген, адал дос болған Нұрқайыр Телеуов аға сахнаға шығып, мені көтеріп алып, дөңгелетіп жүрді. Отырғандарды шексіз күлкіге көміп салды. Еліміздің арда азаматы Бекет Құрмашұлы Есенжолов, шәкіртім Елемес Жұма, Ұмытқан Тұрлабек, Ұзақбай Төлебаев, әріптестер Көпжан Жалдыбаев, Убайдулла Жаулыбаев, бұрынғы Шалқар аупартком хатшысы Сәуле Алтаева, т.б. жолдас-жоралар, «жаман» ағасының қамқорлығын көргендер құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Сексенбай Күлімбетов ауруханадан сәлем жолдады. Бұрынғы Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Төребаев жұбайы Рауия құттықтады.
Шығармашылық кешке Ақтөбе облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ахат Ахметұлы Мырзалин келіп, облыс Әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Облыстық мемлекет басқармасы басшысының орынбасары Қадыралы Ермұқан, Ақтөбе облыстық телевидение басшысы Раукен Отыншин т.б. жауапты тұлғалар қатысты. 80 жылдықты құттықтаған ондаған құттықтау хаты берілді. Кеш соңы ойын-сауық, концертке ұласты. Артынан қаланың үлкен бір мейрамханасында жиналғандарға банкет берілді, ән шырқалды, күй тербетілді, би биленді. Мұндада қатары сиреп қалған ажарын әжім басқан ағалар, жеңгелер, тума-туыстар, жолдас-жоралар, нағашы жұрт өкілдері кездесті. Ақ тілектер айтылды.
ӘЛІ ЕСІМДЕ, БӘРІ ЕСІМДЕ КЕШЕГІ АҚТӨБЕ
Қызмет бабында отыз жылдай Ақтөбе шаhарында жиі болатынымызды айтпағанның өзінде, атамекенде талай табан ізі қалды ғой. Қазақ елінің батысын отарлау, экспанциялау сонау XVIII-XIX ғасырлардан бергі кезеңдегі оқиғаларды осы жолдардың авторы өзінің «Дала Геркулесі» тарихи-деректері романында кеңінен жазғанды. Қазақ жерін одан әрі басып алу үшін 1869 жылы Ақтөбе бекітісін салды. Әрине, тек қана әскери стратегиялық мақсатты көздеп жасалған қан-құйлы жоспар еді. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында біз қоныс аударғанға дейінгі Ақтөбе жалаңаш үлкен деревня болатын. Шым кепелі, тарғыл тасты, аяқ алып жүре алмайтын саз балшықты, әр жерде шашыраған шілдей, даланың жермен жексен, торғайға да пана болмайтын қара ағашы қана өсетін-ді. Шаhардың орталық көшелері болмаса, қала тұрғындары суды ат, ешек арбалармен, көбі жаяу таситын, су құдықтарында таң сәріден бастап түннің бір мезгіліне дейін кезекте тұратын қарияларды, әйелдерді көретін едік. Шаһар қараңғы түн құшағына оранғанда, үйіңді таба алмайтынсың... бәрі қорқынышты болатын.
МІНЕ, КӨЗ АЛДЫМДА БҮГІНГІ АҚТӨБЕ!
Соңғы он жылдағы бүгінгі шаһарды аралау, көру сексеннің сеңгіріне шыққан осы жолдардың авторына үлкен де мықты қуат, жастық жанар, ұшқыр ой, туған жерге деген сүйіспеншілікті қайта оятты-ау, шіркін-ай! «Қара ағаштан басқа ешбір өсімдік, тал-шыбық шықпайды, өспейді» деген бүгінгі қалада жайқалған орман сыбдыры, көгалды көшелер, түкті кілемдей өрнек салған гүлдер, су бұрқақтар, тұла бойыңды қытықтайтын таза да самал жел. Ал түнгі қаланы көру-бір ғанибет. От өзеніндей ағып жатқан авто көліктер, самалай салиқалы электр шамдары, жерге инең түсіп кетсе, қиналмай табасын, жап-жарық көшелер, қайырылыстар, тұйықтар, алаңдар.
Ал қалада соңғы жылдары бой көтерген ықшам аудандар, аспанмен тілдесіп тұрған биік ғимараттар, тұрғын үйлер, нарық тынысы-компаниялар, универсал магазиндер, мәдениет орындары-сарайлар, жаңадан пайдалануға берілген өнеркәсіптер бәрі, абаттандырылған, көз тартады.
Нұр-Ғасыр мешітіне тәу-тағзым етуге келдік. Жаның жай табады, тыныштық. Ұлыларға, әруақтыларға тәу етіп, аят оқыттық, садақа бердік. Мыңдаған адамның ойына келе бермейтін тың ойдың, идеяның куәсі болдық. Біздің делегацияны басқарып жүрген облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлының кеңесшісі Ғалымжан Жарылқасынұлы:
- Бұл Нұр-Ғасыр мешітінің жобасын сызуға Елеусін Наурызбайұлы тікелей басшылық етті. Мына біз көтеріліп келе жатқан қырық бес сатылы басқалдақ Мұхаммедтің қырық бес жасында пайғамбар атанғанын еске түсірсе, анау алпыс үш басқалдақ сатысы Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өткенін ойға оралтады. Осы ұлы идеяны Елеусін Наурызбайұлы ұсынған еді. Солай жүзге асты. Ал енді осы көшенің қарсы бетінде, анау алтын арайлы Свято-Никольский православный храмы-шіркеуі осы Нұр-Ғасыр орталық мешітімен қатар осыдан екі жыл бұрын бой көтерді. Бұл рухани орталықтардың ашылуына Қазақстан және Россия Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Дмитрий Медведевтер қатысты. Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаев атындағы қаланың орталық саяжайы қайта салынуда, абаттандырылуда керемет, айтуға тіл жетпеді, аралап көріп шықтық.
ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР
Дала, Дала, Даламенен келемін,
Дала көркін көрген сайын терезеге төнемін.
Сол Даланың сызы емес пе арқаға алғаш тигені,
Сол Даланың қызы емес пе жүрек алғаш сүйгені.
Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ.
Бозала таңда Ақтөбе облыстық телевидение басшысы Раукен Отыншин шақыруымен «Қайырлы таң» бағдарламасының қонақтары Сәбит Досанов екеуміз болдық. Сұхбат алды, тура эфирге шығатын. Кейін «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасына шақырды. Өткен кеште осы жолдардың авторы жайлы жарты сағаттық киноны Ақтөбе эфиріне шығарған екен. Ұялы телефон арқылы ондаған құттықтаулар алдым. Туған еліме, арда азаматтарына шексіз алғысымды айттым, айтамын да!
* * *
Сәске түс. Ауа райы өте қолайлы, денеңді үбетін қоңыр салқын жел. Екі джип автокөлігімен жолға шықтық. Басшымыз облыс әкімінің кеңесшісі Ғалымжан Төреханов. Академик жазушы Сәбит Досанов қаладан шыға бере:
- Мен бұл облыста отыз екі жыл бұрын, облыстық атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаев кезінде бір болғаным бар-ды, бірақ тек облыс орталығында ғана болдым. Сіз осы өңірдің тумасысыз. Тарихи романдарыңыз арқылы біраз жайтқа қанықпын. Дегенмен, Жер, Ел тарихын, шежіресін жетік білетін қаламгерсіз. Жол қысқарсын, өзгерген өңіріңіздің кешегісі мен бүгінін айта отырсаңыз, өтінемін,- деді.
- Жарайды, құлаққа жағар жайттар жетеді. Мына сол жағымызда қалып бара жатқан басын сонау Мұғалжар тауынан алатын Елек өзенінің бір сағасы Тоқпан сайы, бүгінгі ұрпақ «Тоқман» сайы дейді екен.
- Тоқпан кісінің аты ма?
- Иә, тарихта аты қалған 103 жыл ғұмыр кешкен Ұлы еңбеккер Шекті Бәсенмен Кете аталығынан шыққан іргелі бай, төбе биі Боздақтың кенже қызы Нарбике некесінен «Бес Бәсен» атанған Жандәулет, Ақпан, Тоқпан, Көтібар, Көбес тарайды. Тоқпан аты шулы бай болған. Мыңдаған жылқысы сәскеде осы өзен-сайға құлағанда, ағын су үзіліп қалады екен. Ел сол өзен-сайды замандастары «Тоқпан сайы» деп атап кеткен. Ал мына Бес тамақ аталатын бес сала басында Тархан, батыр, би, әулие Тама Есет Көкіұлы (1667-1750) мәңгілік ұйқыда. 83 жыл ғұмыр кешкен Ұлы тұлға дүние саларында: сақ болыңдар, ендігі жау батыстан депті. Ақтөбе қыратының батыс жағынан ұзын ор қаздырған. Ол орлар ізі ХХ ғасырдың ортасына дейін жатты. Енді көп ұзамай осы ұлы батырмен қоныстас мәңгілік ұйқыда жатқан заманының хан дәрежесіндегі биі, дәуірінің серкесі, серісі Көтібар Бәсенұлының кесенесіне жетеміз. Ол Елек өзенінен басын алатын Көктөбе қыратында. Міне, Ақкемер теміржол стансасына да келіп қалдық.
АУЫЛЫМ АҚКЕМЕРДІҢ АРНАСЫНДА
Бұл өңір Елек өзені жазғытұры тасығанда, кемерленіп аппақ ақ көбікке көміліп, бүкіл алапты су басып кететін болған. Соның нәтижесінде ну жайқалған орман етек алған, жағалары ит мұрыны өтпейтін тоғай-нар қамысты, кісі бойы бидайықты, етегі ажырықты, ойдым-ойдым кекірелі болып келген. Тоқпанның мыңдаған жылқысы көктемде осында құлындаған. Кемерленген су арнасы мамыр туа қайтқансын, жаңа ғана өзіміз басып өткен, «Тоқпан сайына» жаз жайлауға бет алады екен. Бұл сол Ақкемер атанған жер, Тоқпан, Көтібар, Көбес осыдан сонау Ойыл, Қиыл бойларын жайлап, қыс басына қарай Ұлы құмға қыстақтарына қайтқан.
Ақкемер ауылына жете бергенімізде, қалың өскен жасыл желекке оранған бір шоғыр тал етегінде автокөліктерін қаңтарып қойған қол көтеріп, жылы қабақ көрсетіп тұрған адамдарды кездестірдік. Бірден тани кеттім. Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жанкелді Жұмаұлы Құрмашов бастаған аудан азаматтары екен. Жылы жүздесу, құшақтасып көрісу болды.
- Ағалар, апалар сіздерді қарсылап алуға жолға шығып едік. Сәт сапар тілейміз,-деді Жанкелді. Әкім «Ақтөбенефтегаз» басшылары келіп қалып, солармен сөйлесіп жатыр. Ауылдарға табиғи газ беру–жеткізу мәселесі тұр ғой күн тәртібінде. Үлгерсе, сіздерге Көктөбеде, Көтібар баба кесенесі кешенінде кездесемін, деді.
КӨКТӨБЕ-КӨТІБАР БАТЫРҒА ТӘУ ЕТУ
Көтібар тек батыр болып қоймаған, өз дәуіріндегі елінің
төбе биі, кемеңгер көсемі болған. Халқы Көтібар – алмас
қылыш ел тірегі десе, Ресей патшалығы «Дала рыцары» деген.
Батыр, зердесінде ұрпақтың сақталар мәңгі есімің.
Кесене ҚҰЛЫПТАСЫНАН.
Жасыл желекке бөленген жусаны мен шағырлы, көде бозды жұпар иісті Көктөбе! Ауа райы қалағанымыздай қоңыр салқын, жібектей жұмсақ, бетіңді сүйіп өтетін жел. Ақын Қадыр Мырзалиевтың: «Маңдайымнан сыйпап өткен самалды, қазағымның алақаны деп білем» дегендей, ұлы да әруақты батыр бабаның мәңгілік ұйқыда жатқан Көктөбесі ұрпағын осылай жылы қарсы алды. Көліктерді шырақшы үйінің қасына тастап, батыр баба кешеніне жаяу көтерілдік.
- Ал аға, академик жазушы Сәбит Мұқанов бағалағандай, Көтібар Бәсенұлы қазақ-халқының қорғаны болған тұлға емес пе? Ұрпағы соны еске алып, мынадай мазар салған екен. Әруағы ұрпағын қолдап, қорғай жатқай - деп, Сәбит Аймұқанұлы бетін сыйпады.- Айтыңызшы, Тау аға, отарлаушылар қолынан қаза болған ғой батыр, ә?- деді де Сәкен ажары күңгірттеніп, бетіне кек сезімі келді.
- Бұл қанды оқиғаны зерттеп жүрген, Тау аға айтсын,- деді Ғалымжан Жарылқасынұлы.
- Иә,1833 жылдың терең бозқыраулы күзі. Қазақтың батыс өңірінің жерін, елін сүйетін жақсылары Жағалбайлының Жанқасқа сері еліне - Ақбұлаққа отарлаушыларға қарсы қарулы көтеріліс жоба-жоспары жайлы келісуге жиналатын болған. Көтібар бес-алты үзеңгілесін ерітіп бір-екі күн бұрын келген. Жанқасқа батырға арнайы үй дайындаған. Түн. Қара жаңбыр арты бұршақ, соңы қарға айналған лайсаң болған. Иә, Орынбор-Самара губерниясының бас губернаторы В.А. Перовский батырдың соңына шырақ алып түсіп, жолынан алу үшін екі естекті бір жыл бойы дайындап, осы бір күнді күтіп, батыр соңына түсіреді, батырдың күзетін алып, ұйқыда жатқан бөлмесіне кіріп балтамен басын шауып, қапқа салып жатқан жерде, Жанқасқа күзеті қанды оқиғаның үстінен шығады. Күзетшілер екі естекті жетектеп Жанқасқаға алып келеді. Табанда сері екі жауызды үюлі тұрған жыңғылға от жіберіп, өрт ішіне салып жібереді. Осы түнде Орта жүзден Сегіз сері жетеді. Қанды оқиғаны көріп, қатты қайғырып батырға арнап жоқтау жырларын шығарады.
- Тау аға, «Дала Геркулес» кітабыңызда Жыланкөз арғымақ жайлы айтқан екенсіз. Сонда Жыланкөз аттың басын осы Көктөбе басына ескерткіш жасатып қойған депсіз,- деді Ғалымжан жан-жағына көзін тоқтата қарап.
- Дұрыс еске алып тұрсыз. Орынбордың Меняльный сарайын, (жергілікті халық «Мынанай базары») деп кеткен. Мынанайдың диуалынан батыр Жыланкөз атымен секіріп, қолға түспей өтеді. Осы Көктөбеге аты қаратерге шомылып әрең жетеді. Мына, біз қазір сәлем беруге соғатын Сәмен мен Дәмелі тұрған Көтібар бұлағында отырған елге батырды жеткізіп, ат құлайды. Батырдың ағасы Самұрық (ел Саңырық әулие, көріп кел деп кеткен) аттың басын Көктөбе төбесіне жерлейтін етіп терең жер қазып көмейік, қасиетті киелі, батырдың жан-жолдасы болған ат қой депті. Содан батыр Орынборға әдейі бір топ адам жіберіп, аттың басын қоладан құйғызып ескерткіш жасатып, осы өзі жатқан жерге орнатады. Кейін Ресейден келген мұжықтар Көтібардың мазарының кірпіштерін тарқатып алып, бұлақ басынан үйлер тұрғызады, пеш салады, аттың басын-жезді Орынборға апарып сатып жібереді.
- Ал Бәйгікүрең қай аты? – деп Сәкең қайта сұрады.
- Бұл аты араб елінен туған атасы Құлмұхаммед 400 тай беріп сатып алған ақалтеке тұқымынан.
Тарпынан Бәйгікүрең жау келгенде,
Қара жер шыр айналар ол желгенде, - деп айтылған ат.
«Ат қосқан шілде ыстық түскен тамыз, Көтібар бұл шектіден туған нағыз. Бәйгіге үш жүз атты айдап еді, күреңі Көтібардың келді жалғыз», деген еді ғой заманында.
- Керемет деректер айттыңыз, Тау аға, рахмет!- деді жиналған топ.
- Көтібар ауылына соғып, Сәменге бір жандық сатып алып, садақа беріп мына ұрпақтары атынан аят оқыт деп малдың пұлын беріп кеттік.
- Жан берісіп, жан алысып ұлы Ата-Бабалар тәуелсіздік үшін күрескен еді. Ұлылардың бүгінгі ұрпақтары бақытты ғұмыр кешуде, бәрі бар. Табиғи газ елді мекендерге тартылуда, электр жарығы тіршілікке тіреу болуда. Бұл өңірдің бүгінгі тынысы.
Өзгерген өңір деп осыны айт! Аудан әкімі Серік Тілеулесұлы Шаңғұтов ауданда халық үшін жүргізіліп жатқан игілікті істерді баяндап берді.
Менің есімде қалғаны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тұрған кезінде Иманғали Тасмағамбетов нағашы бабасы Көтібар батыр кесене кешеніне соғып, тағзым еткен еді. Иә, бұл Ақтөбе сапарының кестесінде жоқ болатын. Ұлылық деген осы!
МҰҒАЛЖАР АСУЫ
Екі джип автокөліктері бірін бірі қуа, бірінен бірі оза күн еңкейе Жем (Эмба) қаласын жанай Мұғалжар тауының шатқалдарына кірді. Ауызда, жолдың жиегінде бірнеше адам қарсылап алды. Есіме түсті Серік Тілеулес ұлының бір сөзі «Аға, Жем қаласынан өте сіздерді біздің азаматтар қарсылап алады. Уақыттарың болса, сәл бөгелсеңіздер, дастархан жаюлы, асы дайын» деген еді. Иә, солай болды, рахмет! Тау ішіне «сүңгіп» кеттік.
- Ал, Тау аға, бұл не деген сұлу қыздай назданып жатқан иір-иір тау. Не айтасыз,-деп Сәбит Досанов,- сәл кідірейікші, таудың кешкі самалын жұтайықшы - деді.
- Тоқтадық. Иіссу сепкендей, жұпар иісті орманды тау. Ақ балтыр ақ қайың, үлбіреген үйеңкі, басы көк сүзген ырғайдай қарағай, кеудеңді көметін қараған мен саралжын, атты кісі түсіп кетсе көрінбейтін қара құйрық қамыс қыздың шолпысындай сылдыр қаққан бидайық, өлең-қоға бәрі-бәрі жайқалып тұр, жаныңды тербетеді: «Қарағай қамшым сабы ырғайда бар, тұнық су мал кешпеген тоғайда бар» деген халық әні есіме түсіп Сәкеңе айта салдым. Жылға, қыраттарда дуадақ, тырна, шіл, қоян, түлкі.... Сосын арқырап ағып жатқан бұлақ, тұнық су, мұнда балықтардың түрлері де, емдік сүлік те өседі, торала, итала, қоңыр қаздар да ұя салады, аққулар да қосағымен жүзеді. Үйтасты бұлақ, Жамантау, Жақсытау, Біршоғыр тау болып барлығы қарт Орал тауының таусылар аяғы - Мұғалжар тауы атанады.
- Сіздің бір шығармаңызда водородный атом ракеталарын сынақтан өткізетін далалық лаборатория жайлы академик А. Сахаров туралы жазған едіңіз. Сол осы таудың қай қолтығында?,- деді Ғалымжан Мұғалжардың басынан батып бара жатқан күнге көз тастап.
- Иә, осы жерде, осы тау қойнауында болған. Ресей империясы Мұғалжар тау қойнауын, Үлкен борсық, Кіші борсық құмдарын XVI-XVII ғасырлардан бастап зерттеп, стратегиялық мақсатта иелік еткісі келген. 1839-1840 жылдары «Эмбинская крепость»-бекініс салған. Содан кейін қазақты өз жеріне кіргізбейтін, малын жайғызбайтын, зират-мола салғызбайтын жарлық – циркуляр шығарған. Сөйтіп 1 миллион 33 мың 347 гектар жерін басып алған. Кешегі кеңес үкіметі арада 130 жылдай уақыт өткен соң «Эмба-5» әскери жабық қалашығын салды. Мақсат атом ракеталарын сынақтан өткізетін далалық лаборатория құру. Оны академик А. Сахаров бақылауға алған. Осы бір қайғылы қасіретті оқиғаны заманында халық түгелдей білмеді деуге болады. Бірақ осы жолдардың авторы еліміздің Тәуелсіздігінің екінші жылы 20 ақпан 1992 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне ашып жазған еді.
- Аға, өзіңіз тарихтың талай тереңін аштыңыз ғой. Көп жайтқа құлақтар болдық. Жазушы болғанмен, біз біле бермейтін оқиғалар аз емес қой,- деді Сәкең.
- Ал кеттік.
- Кеттік «Түнге қарай жол ұзарып кетеді» жүрейік деп автокөлікке отырдық.
Тау іші. Тау жолы. Бәйбішем Сәкеннің «Тау ішінде» өлеңін ыңылдап айтып келеді. Туған жер ауасы, туған жер бұтасы мен өсімдігі, туған жердің тасы-бәрі ыстық. Жата қалып аунағың келеді, әр тасын құшақтағың келеді. Сағыныш деген осы! Мұғалжар асуына таядық. Есет Көтібарұлының Ресей отарлаушыларымен жерімді бермеймін, халқымды тәуелді етпеймін деп ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырып, оған қолбасшылық еткен өңір осы еді. Әрегірек айтсам, осы өңірде Көшім 1515-1520 жылдары туған. Атжалын тартып, үзенгіге аяқ салған кезде Батыс Сібір жаққа Ертіс бойына барып мықты мемлекет құрған, хандық еткен. Мемлекет құрамында батыстың Жетіру тайпасының және керей, арғын, найман, үйсін рулары болған. Даңқы әлемге әйгілі Көшім хан атанған. Жанжары Сүзге деген заманының аса сұлу әйелі болған. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде айтылады бұл деректер.
Таудың ішкі жолы бұрынғы мен білетін, көрген, талай «ГАЗ-ик» пен, «УАЗ-ик» пен жұмыс бабымен жүрген жол емес. Тау іші тас жол, екі беті жарқыраған шам-жарық. Кідіріс жоқ. Тамаша! Иә, осы Мұғалжар асуында 1947 жылы Қазақстанды басқарып отырған Жұмабай Шаяхметов мінген «шолақ поезд» ақпан айындағы ақбасқын боранда бес тәулік боран ішінде тұншыққан. Осы жолдардың авторы ол кезде еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық кеңес атқару комитетінде іс жүргізуші болатын. Бірнеше жүз адам болып Жұмабай Шаяхметов поезын қардан қазып, аршып алуға барғанбыз.
1966 ж. Мамыр. Ахмет Жұбановты Шалқар сапарынан Жұрын ауданына (қазіргі Мұғалжар ауд.) туған жеріне шығарып салуға 20-30 автокөлік қаздай тізіліп Мұғалжар асуына келдік. Сарқырап ағып жатқан бұлақ, өткел бермеді, бірақ үш сағатта әупірімдеп үш автокөлікті өткіздік. Ал бүгін ше?
Тау ішіндегі сайрап жатқан жол қырат етегіне шыға бергенімізде, жолды бөгеп 4-5 мылтық асынғандар тұрды. Не орысша, не қазақша білмейтін сияқты. Суық қаруын көтеріп, қолдарын ерсілі-қарсы сілтейді. Әрең түсіндік, жол салушы шетелдіктер екен. Тау жолы жазықтыққа шыға тау-тау шебін тас үйген ауылға алып келді. Ауыл шетінде бір топ адам қарсылап алды. Сәлемдесті. Даланың тып-тыныш түні. Жусан иісі аңқып тұр, жарықтық!
- Ағалар сіздерді күтіп тұр едік. Бершүгір ауылының әкімі Сенбайұлы Темірлан Назаровпын! Сіздерге арнап қонақасы дайындап отырмыз бәрі дайын,- деп болды да қалды әкім. Шай, «Шалқар» суын іштік, шөлімізді бастық. Марқаның басын ұстап, балдай тәтті етін жеп, сорпасын ішіп, бір тыңайып қалдық.
«КӨЛ ШАЛҚАР КЕШТЕ КӨРДІМ АЙДЫНЫҢДЫ...»
Ұлы ақын Қуандық Шаңғытбаев айтқандай, түн ортасында Шалқар шаһарына жақындадық. Алдымызда жол жиегінде бірнеше автокөлік, бір топ адам күтіп алды. Бұлар Шалқар ауданының басшылары болды. Қалаға әкеліп, қонақ үйге орналастырды. Ертеңіне әкімнің жетекшілері Сәрсенғали Көпенов, Серікбай Төлемісов, Дариға Өтемісқызы Қарашолақова, Жұмамұрат Жанұзақов, Мұхамбетәли Есмағамбетов бастаған тұлғалар қабылдау жасады. Аудандық тарихи өлкетану музейінде болдық. Мәдениет сарайында халықпен кездесу өткізді. Біздің әулет жайлы киноны көрсетті. Үлкен полотноға салған суретімді ілген екен. Туған топырақ, жас қауым, ыстық ықылас көрісу, көңіл көтеру, бір жасап қалу - бәрі болды. Әрине, сый-сияпаты, қонақасы... өз алдына! Қалаға кірер жазықта екі аяғына отырып тік тұрып «сәлем берген» саршұнақтар, балпақтар, ақ, ор қояндар «қош келдіңіздер!» деп тұрғандай. Жолды орағытып бір қарап қызыл түлкілер өтеді алдыңнан. Қандай сағыныш! Туған жерге деген махаббат, сүйіспеншілік! Екі аяғын көтеріп «Сәлем беріп» тұрған балпақ ойыма бір оқиғаны салды-ау. Осында бір қызмет бабымен Ұлпан теміржол стансасынан өте бергенімде оқыс оқиғаға кезіктім. Үлкен сары жүнді балпақ тік тұрып ақситып аузын ашып тістерін шығарып қарсы алдындағы бүркітке айбат шегіп тұр екен. Енді қасқағым да бүркіт балпақты жезтырнағына орамақшы. Қос ауыз аңшы мылтығымды алдым да бүркітті атып салдым. Балпақ етпеттеп жата қалып, екі көзінен жас парлатты, қашпады, қорықпады менен. Туған жер – киелі жер ғой аңдары да бас иіп жатыр міне.
ЕСЕТ – ЗАМАНЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ
Для этой эпохи – эта была интереснейшая
личность, очень популярная в степях.
Бронислав ЗАЛЕССКИЙ, поляк демократы.
Үш автокөлікпен Есет-Дәрібай кесене кешендеріне барып тәу етіп, шырақшыға құран оқыттық. Қазақтың сатирик классик ақыны Садықбек Адамбековпен ширек ғасырдай жолдас, дос болғанмын. Ақтөбеге бет алсам, батыр, әулие Есет Көтібарұлына тәу етпей, аттап кете алмаймын дейтін. Жетпісінші жылдары бір келгенінде «Атыңнан айналайын Есет батыр, Күмбезің жермен жексен құлап жатыр. Күмбезіңді тұрғызардай, артыңда қалмаған ғой, бір ұрпақ іске татыр» деп көзіне жас алған еді. Сәбит Аймұқанұлына осы көріністі айтып, Тәуелсіздік алған соң 1993 жылы халқы өз қаржысына осы кесенені тұрғызғанын жеткіздім. Мына қызыл кірпіш сегіз жүз жыл азбай тұратынын айттым. Сәкен халыққа риза болды.
Шырақшы құран оқып болғаннан кейін Сәкең:
- Есеттің әкесін – халық батырын Көтібарды жауыздықпен жандармерия жолынан алды. Ал Есет дүниеден қалай өтті?- деді.
Есет сексен жетіге бес ай қалғанда өз ажалынан дүние салды.
- Аға, Сіздің «Дала Геркулесі» кітабыңызда Орынбор-Самара губерниясының бас губернаторы Перовскийдің Есетке кінжіп жазған сөзін келтірген екенсіз қалай еді, еске ала аласыз ба?
Иә, былай: «Да, Исет – герой народа! Исет – батыр! Исет – би своего народа. Исет рыцарь эпохи. Как отец Кутебар – хищник! Исет – приведение, призрак. Исет – в конечном счете, легенда народная. Да, Исет алтайская лиса в ковыльной киргизской степи, поймать не возможно! Ищи ветра в поле! Исет очень хитрый и умный. Да, я поймал бы и отдал бы его на растерзание Василию Васильевичу, а!» деген екен.
- Иә, Есет – заманының ұлы тұлғасы болған ғой, - деді Сәкең.
Осы сапарда Есет батыр ауылындағы Қорғантұз мектебінің бірінші класына 1937-1938 жылында барған едім. Мектепке бір қатар кітаптарымды естелік, қолтаңба жазып қалдырдым. Иә, өкініштісі – сол кластастарымнан ешкімді кездестіре алмадым-ау, елу жылда ел жаңа деген осы.
ТАРИХТА ҚАЛАТЫН ӘҢГІМЕЛЕСУ БОЛДЫ
Білмеймін бұл қазақта жоқ па қайғы,
Ұлысын тірісінде мақтамайды
Күресі әділдік пен зұлымдықтың,
Үстінде жұмыр жердің тоқтамайды.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
қазақтың танымал ақиық ақын қызы.
Сапар түйіні.
Кешегі тарих қойнауына кеткен мемлекеттің облыс халқын аяғынан тік тұрғызған, бұйрық жауатын, таныс, біліс ғимараты бүгіндері облыс әкімдігінің халыққа жайлы орны болған екен. Есімде қалғаны осы өңірдің тумасы, қазақтың тұңғыш ғалым сәулетшісі Төлеу Құлшаманұлы Бәсеновпен Алматыда бір кездескенімде: «Ақтөбе қаласының даму бас жоспарын жаңа ғана бекіттік. Облыс партия, Совет аппаратына арналған ғимарат салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлгіздім» деген-ді. Ол кезде Т. Бәсенов Республикалық құрылыс комитетін (Госстрой) басқаратын. Міне, сол ғимаратқа келіп тұрмыз. Екінші қабат, кешегі таныс сұсты дәліздер, кабинеттер. Бірақ бәрі жаңа стильде, соны, жанға жайлы тыныс.
Алматылықтарды бастап Әкім кеңесшісі Ғалымжан Жарылқасынұлы кабинетке алып келді. Әкім орнынан ұшып тұрып, кірер есік алдынан қарсылап алып, қос қолын ұсынып сәлемдесті. Көз алдыма осыдан отыз жылдай бұрынғы талай қабылдауында болғанымыз (редакторларды) келе қалды. Иә, сондағы дене пішімі-ұзын бойлы, жұқа етті, жазық, айшықты маңдай, ақ сары жылы жүзді, жап-жас сұлу да көркем ақ жарқын ажары, адамдарға жып-жылы қарайтыны, тіпті, сол кезде-ақ бір киесі болар дейтінмін, баурап алатыны, біліктілігі, парасаттылығы сол күйінде сақталып қалыпты. Жүсіп БАЛАСАҒҰННЫҢ «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі» деген данышпандық қанатты сөзі табанда басыма орала кетті.
Елеусін Наурызбайлы Сағындықовты өңір халқының жетік білетініне, ақ жүректерінен алғыс айтып, баталарын беретініне облыстық бірқатар аудандарын, ауылдарын, қалаларын осы сапарымызда аралағанымызда, тағы да бір қанық болдық. Абаттанған, ажарланған Ақтөбе өңірінің қай жері, қай саласы, қай өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік, экономикалық өрісі болмасын Елеусін Наурызбайұлының табаны тимеген, маңдай тері төгілмеген, ақыл кеңесі айтылмаған, қамқорлығына қамтылмаған көлеңкеде қалған нүкте жоқ екен. Қайда бар ма еңкейіп Елбасына, Әкімге алғысын жаудырып тұрған халықты көресің! Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін мерзімінде салып, пайдалануға берген екен. Бұрын Ақтөбе – Ырғыз арасында ондаған сағат жүретін автокөліктер үш сағатта ағып, өте шығады. Бұл бір ғана халыққа жасалған игілік. Ұлы Есет Көтібарұлы Орынбор-Самара губернияларының бас губернаторы А.А. Катенинмен кездескенде, (4 маусым 1858 ж.) тайсалмастан: «Елді алжығандар емес, ақылдылар, көрсоқырлар емес, көріпкелі бар көрікті, кең кеуделі көсемдер басқарса, бәрі өз орнында болады» депті.
Саясат адалдықты талап етеді. Корей даналығы.
Облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлы өңірдегі оң өзгерістерді, атқарылып жатқан халық игілігіне берілетін ұланқайыр істерді талдап айтып берді. Мемлекетаралық ықпалдастықтың, қарым-қатынастың да кең өріс алғаны жайлы әңгіме қозғады. Ойыма келе беретіні кешегі заманаларда атамекені үшін, туған халқы үшін жан берісіп, жан алған батырлар, билер, көсемсөз көріктілер елінің бүгінгі ұрпағын басқарып, барлық мүдделерін мүдірмей ақылмен, біліктілікпен, байсалдылықпен шешіп отыру үлкен парасаттылықты талап етеді.
Елеусін Наурызбайұлы «Актобе шаг за шагом» атты кітабын сыйға тартты. Мұқабаның бірінші сыртқы бетіндегі Елбасы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екеуінің бір бағытта, бір көзқараста, бір пікірде, бір қимылда екенін тапжылмай көрсететін бұл фото сурет үлкен философиялық ойға толы. Алматыда тұратын Ақтөбеліктер бұл фото суретті көріп марқайып қалды.
Бүгіндері халқына қаламымен қызмет етіп жүрген осы жолдардың авторына Аслан Есболайұлы Мусин облысты басқарған жылдардағы жетістіктерін, ал Елеусін Сағындықов облыс тізгінін ұстаған он жылдық уақытта өңір адам танымастай болып өзгерген, жаңарған, жанданған көріністерді көріп, біліп, текті бір аталықтың сексеннің сеңгірін алған бұтағы ретінде сол жерде-ақ тілек тілеп, батамды бердім. Жаратушы Ием қабыл алғай.
Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Сағындым туған елімді. Себебі жас келді. Қыр басынан құз басына шығып тұрмын. Туған елге тағзым!
Тауман ТӨРЕХАНОВ
Қазақстан Республикасының
мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер,
Шалқар ауданының,
қаласының құрметті азаматы,
жазушы-журналист.
Алматы қаласы, 2011 ж.