АРДА АНА ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ

БАЛЗАДА ШӘМШІҚЫЗЫ ӘРУАҒЫНА ТӘУ ЕТУ!

Balzada Torekhanova

Алтындай ана туралы естелік авторы Балзада Шәмшіқызымен 74 жыл ғұмыр кешкен қарт журналист-жазушы жиырмадай кітаптың авторы, ҚР-ның еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері, «КСРО баспасөзінің үздігі», төс белгісінің иегері, Тауман Алыбайұлы ТӨРЕХАНОВ.

Төрехановтар Әулетінің бас шаңырағын жетпіс төрт жыл көтерген Балзада Шәмшіқызының жарық дүниеден өткеніне 2024 жылдың 14 наурызында бір жыл болды-ау, дүние-ай!

* * *

Балзада Шәмшіқызының батылдығы, батырлығы ер адамдарда да бола бермейді-ау. Түнгі сағат 2:30-да Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соғып, қатты дауыстап, менің өмір мен өлімнің арасында жатқанымды баяндапты. «Жедел шешім қабылдамасаңыз, мен қазір Алматыға, Орталық партия комитетіне шығамын», - деп телефон трубкасын қоя салыпты.
Үш сағаттан кейін санитарлық самолет мені алып кетіп, облыс ауруханасына жеткізіпті. Бір апта олар медициналық тексеру өткізіп, ем жасап, ота жасау үшін самолетпен Алматыға Сызғанов атындағы Хирургия институтына мені жеткізіпті. Ота жасады, тірі қалдым-ау. Ақтөбе Обкомы ҚР Денсаулық сақтау министіріне телефон соғып, жедел шара алуын талап етіпті.
Айтайыншы, ер адамға өз отбасынан жақын ешкім жоқ деуге болады. Себебі: Сені түсінетін, кешіретін, тіпті жүрек жарасын махаббатымен емдеп, жазып жіберетін сол өмірлік жан жарың ғой. Бұл аксиома!
* * *
Жан жарым мәңіглікке арманда кетті-ау. Маған: «Сен енді жетім шал болып қалмасаң, жақсы»,- деді-ау.
Еске түседі. Балзада-Қошқыл Шәмшіқызы екеуміздің жер шарының – оның ішінде Орталық Еуропаның, Азияның, Кавказдың біраз жерлерінде сайрандап та, ем алып та, демалып та бірнеше жылдар жүрдік-ау.
Жан жарым-ай, ақ көңілділігіңді, сыйластығыңды сағындым-ау! Жалғыз қалдым-ау, қайтейін. Жалғыздық. Дегенмен де, ендігі тіреуім: балаларым, немерелерім, тума-туыстарым, сүйікті халқым!

* * *

Ақ Қошқылым жайлы жылы пікірлер, бағалар көп!


Иманбай Жұбай, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі:
«Балзада Шәмшіқызы ерекше мінезді әжеміз еді. Салдырлаған ақ көңіл, әзілқой, сөзге шебер, әрі тура айта салатын, сауатты ана еді ғой!»
Әже: «Иманбай ұлым-ау, жарық дүниеге бес бала әкелсем де, өсіргенім алтау. Үлкені мына ағаң! Тұнғыш баламдай бақтым, жайладым...».
Ғалымжан Жарылқағанұлы Төреханов, белгілі журналист:
«Балзада Шәмшіқызы ағайдың диетолог дәрігері-ау,- деймін. Дайындаған тамағын, алдымен, өзі ауыз тиіп, дәмін көріп алған соң, ағаға ұсынады».
Ғаббас Жұмабаев, белгілі ақын, дарынды журналист:
«Социалистік Қазақстан» (бүгінде «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі: «Біздің келініміз Балзада Шәмшіқызы жаугершілікте жүрген қазақ қыздарындай, демалып отырғанын бір көрмейсің-ау. Қорқамын, зорығып кетпесе екен»,- деп.
Ділдабай Үсенов, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы:
«Балзада Шәмшіқызы қарындасым, жоқтан бар жасадың, бардан мол жасадың, еліңнің құрметті бәйбішесі болдың. Қуаныштымын, баянды болғай!»
Гүлмира Жеткергенқызы Өтемісова, ғалым, ҚазҰУ доценті:
«Құрметті ата, әже, өнегелеріңмен өрлеген өмірлеріңіз ұрпақтарыңызға жалғассын!»
Есенбай Дүйсенбай, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, аса көрнекті ақыны:
«Апа Балзада Шәмшіқызы – Тәкеңнің бапкері, қорғаны, қолдаушысы! Мұндай жан жары бар ер бақытты, ұзақ жасайды ғой». Шалқар қ., 1982 ж.
Тілеужан Шойғарин, қарт журналист, ақын, шежіреші: Балзада Шәмшіқызы, Жалаңтөс Баһадүр батырдың, ұлы тұлға Әйтеке бидің ұрпағы, ұлы ата-бабаларына тартқан қыз! Шалқар қ., 1987 ж.
Турасын айтсам, Қошқыл-Балзада Шәмшіқызы мені бағып, күтіп, 95 жасқа жеткізді ғой. Әруағына әркез бас ием!
Қошқылдың ғұмыры бойы айтқан сөздері: Мені әркез «әкесі-ау!»,- деп атап өтті-ау.
Қошқылымның сөзі: «Сен менен бұрын дүниеден өтсең, Ессентуки курортындағы әдемі суретіңді алып шығып, сүйікті халқыңның өзіңмен қоштасуына қоямын. Ол сурет, әне, әркез маған жылы қарап тұратын, жатын бөлмеде тұр. Сені көрген сайын ұйқым ашылып, басыма түрлі жағымды ойлар түседі-ау. Дүние-ай, десеңші», дейтін еді-ау Қошқылым-Балзада Шәмшіқызы!
Қошқылым мені 95 жасқа жеткізгені есіме түскен сайын екі көзім жасқа толып, төсімді жуып кетеді-ау. Жан жарымның еңбегі өлшеусіз еді-ау.
Қошқылым балаларының Алматыда, Москвада, Ленинградта жоғары оқу орындарыңда оқып жүргенде, өзі арнайы сол қалаларға барып, институт декандарымен сөйлесетін еді, шаршаған кездерінде аудиторияларда партаға отырып, көз іліндіретін уақыттары да болатын.
Қошқылым сексеннен асқан кезде көбірек жата беретін болды ғой. Кейде төсегінен тұрғызып, қолтықтап, шәйына алып келетінмін. Сонда: «Әкесі-ау, шәйың жақсы, дәмді екен, жіпсідім-ау»,- дейтін-ді. Ылғи ертеңі, кешкі шәйды дайындап беретін едім.
Еске сала кетейінші, сүйікті мамасының жанында осындағы қызы болды ғой. Анасының барлық жағдайын жасады. Балам да қасымызда болатын.
Қошқылым, екеуміз тіркелген Орталық ауруханада (Совминка) ем алып жатқанымызда, көңіл-күйін білуге барған балаларына: «Әкең қайда? Әкеңнің жағдайы қалай? Әкеңді сағындым-ау», - деп сұрай береді екен Қошқылым.
Төрехановтар әулетінің негізін қалаған анасы Балзада-Қошқыл Шәмшіқызы: «Бұл тіршілікте қыздарым, ұлдарым, немерелерім, ұрпақтарымның болғаны – жұбаныш! Ал шалым болғаны қуаныш!»- деп, айтып күлетін еді-ау.
Жұбайлық неке: 30 қазан, жұма, 1949 жыл – 14 наурыз, сейсенбі, 2023 жыл. 74 жыл.
Жанкешті сапарында жатып, менің қолымды төсіне қойып, қолымды қайта-қайта сүйіп жатқанда, мен де Қошқылымның бетінен, маңдайынан бірнеше рет сүйдім-ау...
Иә, жетпіс төрт жылдық жұбайлық ғұмыр осылай аяқталады-ау. Жалған дүние-ай!
Бетіне ақ шүберек жапқан кезде, екі көзімнен дамылсыз аққан жас төсімді жуып, ұшып түсіп, құладым-ау...
Бір шанырақ астында жоқты да, барды да, молды да көрген, аяусыз еңбегімен бес баласының, немерелерінің шаңырақтарын қөтерген, аса ақылды, тура айтатын, сөзі өткір, бірде-бір рет «шаршадым-ау, ауырып жатырмын-ау»,- демей, балаларымен, немере-шөберелерімен, менімен сонша уақыт бірге ғұмыр кешкен ақылды да, ардақты Балзада-Қошқылым Шәмшіқызы да мәңгілікке кетті-ау. Дүние шолақ деген осы!
Жан жарым болып, баққан, күткен, жайлаған, өмірге-өнерге деген шабытымды шыңдаған Қошқылым Шәмшіқызы қайда?
Балзада Шәмшіқызымен жарық дүниеде 95 жыл, оның 74 жылдан астамын бірге өткіздік-ау. Бірде: «Әкесі-ау, енді мен бес жылда жүзге келемін. Сонда сен қайда боласын?- деп жымиып күлетін еді-ау...».
Қошқылым-Балзада Шәмшіқызы ойымнан, түсімнен шықпайды-ау, дүние-ай. Балзада Шәмшіқызының өмірі – бір тарих, бір әлем!

Балзада Шәмшіқызымен Германияға – Берлинге сапар

2000-шы жыл, қаңтар. Менің атыма Берлин қаласындағы Гумбольдт атындағы университетінің профессорлары мен «Студеттер қауымдастығынан» хат келді:
«Сіз 30 жыл бойы советтік баспасөзде бас редактор болыпсыз. Қазір басқа қоғамда ғұмыр сүресіз. Қандай айырмашылығы бар? Осы сұраққа жауап беруіңізді сұрап, Германияға – Берлинге шақырамыз». Ол хатты және жауабын бір кітабымда егжей-тегжей жазғанмын. Германияға Балзада Шәмшіқызы жан жарым екеуіміз бардық-ау...
Иә, қай жер шақырса да, өмірлік жан жарым Балзада-Қошқыл Шәмшіқызын алып баратын едім. Балзада-Қошқылым өмір бойы кеңесшім болды ғой.
Берлин. Гумбольдт атындағы университет. Үлкен бір зал, бізді күтіп отырған толы адам. Кездесуге ҚР-ның Елшілік өкілдері де келді-ау.
Осы кездесуде бір профессор қазақпен кездесіп, сөйлестік. Ата-тегі қызылордалық екен. Анасы неміс қызы. Әрине, ол бір тарих! Кітапқа бергенмін... Қазақша бір сөз білмейді, бірақ ұнап қалды. Аса білікті жігіт екен.
Даңқты шаһар Берлинде Қазақтың ұлттық киімін киген, ұзын бойлы әп-әдемі қазақ қызы шәй дайындап әкелді. Балзада Шәмшіқызы сүт құйған қызыл күрең шәйды ішіп, мәз болды. «Әкесі-ау, шәйға жіпсідім-ау»,- деп маған жылы қарады. Қазақ қызының бетінен сүйіп, құшақтап, сыйлық берді...
Берлин қаласы. Бірден Рейхстаг ғимаратына келіп тоқтадық. «Міне, екінші дүниежүзілік соғыстың Европада аяқталуына нүкте қойған ғимарат осы»,- деп бізге әже екеуімізге, қызымыз көрсетіп, айтып жатты...
Көше бойымен жүріп келеміз. Бір кезде:
Сіздер қазақсыздар ма?- деген қазақша Орталық Еуропаның қысқы аязын, ауа райын жаңғыртып дауыс шықты. Қазақ дауысы! Әже екеуміз аң-таң болдық, осы Берлин қаласында Санкт-Петербургте тұратын қазақтарды кездескендерімізге мәз болдық-ау.
Берлин. Қазақстан Елшілігі күтіп алып, маған сөз берді. Қазақша сөйледім, тілмаш аударып турды, қазақша қонақасы берді, сыйлықтар жасады.
Бұл кездесу үлкен тарихи әңгіме. «Зердесінде ұрпақтың... Ұжмақ елі. ...Жазбады-ау демесін», Алматы, Атамұра баспасы, 2001 ж. атты кітабымда толық жазылған.
Келесі күндері: әже екеумізді қызым отбасымен Ганновер, Гамбург, Целле, Бремен, Брауншвайг, тағы да басқа қалаларға экскурсия жасап, алып барды.
Гамбург қаласы. Қала тарихын аздап білемін-ау. Германия империясының бірінші Рейхсканцлері Отто фон Бисмарктың дүние жүзінде ең үлкен (не барлығы 240) мемориалдық скульптурасын, 35 метрлік гранит ескерткішін да көрдік...
Есімде жақсы қалды, бір квартал алып жатқан «Metro AG» атты неміс трансұлттық компаниясы, Еуропа мен Азияның 31 елінде (Германия, Франция, Италия, ҚР және Түркия, т.б.) жұмыс істейтін гипермаркет, өте үлкен сауда орнында болдық. Қошқылым-Балзада Шәмшіқызы тез барып, бір витринада жатқан үлкен балықты алып келді. Сол кезде сауда орнының менеджері, бір ұзын бойлы ер адам, тегі афронеміс болар, әрине неміс тілінде:
– Балықты орнына қойыңыз, сатушы өзі алып береді, - деді.
Тыңдаңыз!- деп қайта бір дауыстады.
– Жоқ, қоймаймын! Не айтып тұрсың? Басты қатырмай, көп сөйлеме,- деп, балықты сеткасына сала бастады Қошқылым. Қасындағы тұрған сатып алушылардың бәрі күліп жатыр... Қошқылым-Балзаданың арқасынан қағып, құшақтап, риза болды-ау, қол шапалақтап, бас иді!
Целле қаласына келдік. Жалғыз тұратын қартайған неміс кемпірі қарсы алды. Шәйды әже өзі дайындады. Шәйдан ауыз тиген әлгі кемпір таңғалды. Қошқыл-Балзада Шәмшіқызына қайта-қайта қарап, таяғына сүйеніп, әрең орнынан тұрып, еңкейіп бас иді. Балзада Шәмшіқызының дайындағаны қазақша сүт құйған қызыл күрең шәй еді ғой.
Ол кемпір ғұмыры да бір тарих! Кітабымда бергенмін. 1941 ж. Жапония. Кемпірдің көз жасы! Жарық дүниеге жалғыз келіп, жалғыз кеткелі отырмын,- деп жылады. «Ерлермен сөйлеспейсің»,- деген қауіпсіздік орган қызметкерлерінің тәртібі. Содан жалғыз қалдым-ау,- деді.
Германияның бірнеше қалаларыңдағы ескерткіштердің біразын көрдік-ау...
1943-ші жылы Гамбургте 45000 мың адам қаза тапқан екен. Бір бомбадан құлаған үй/бомбоубежище музей болып, тарихта қалыпты. Бір жағындағы павильонның ресторанында түстік ішіп едік-ау. Тағы бір есіме түсті, қызым отбасымен бір жағада турған «Rickmer Rickmers» музей-кеме ресторанына әже екеумізді кешкі асқа алып барған-ды.
Әрине, бұл Еуропаға Қошқыл-Балзада Шәмшіқызымен барған сапардағы, бір жағымды естеліктер ғой.

Ұлы атамекенім-ай


Мария Жұмағалиқызы, Ұлы Есет ата ұрпағы:

Ыстық қой туған жердің топырағы,
Алыстан көз тартады жоталары.
Сағынып жұпар иісті жусаныңды,
Жүрегім дүрсіл қағып оталады.

Шіркін-ай, туған жерден биік не бар?!
Бұл естелік аяулы жан жарым, сүйікті анамыз, алтын әжеміз Балзада Шәмшіқызының жылдығына орай бір еске түскен оқиғалар еді-ау.
Жатқан жерің жайлы да жарық болғай, топырағың торқа, иманың жолдас болғай, қымбатты да аяулы жан жарым Балзада-Қошқылым!
Сүйікті аппақ бейнең мәнгі есімде, ұрпақтарыңның да есінде әрдайым сақталады!

Алматы қаласы, наурыз 2024 жыл.