Тегiне Тартып Туған Тауман

tauman torekhanov

Жеңiс ШЫНЫБЕКОВ

«Қазақты құртатын нәрсе…»

Жазушы-журналист Тауман Алыбайұлы Төрехановтың «Қанмен жазылған тағдырлар», «Көз көргендер едi», «Ғасыр қасiретi», «Зердесiнде ұрпақтың – ұжымақ елi», «Кiсенделген дала», «Адам әлемi», «Тарихтың қанды iздерi», «Дала Геркулесi» т.б. тарихи роман-эпопеялары атының өзi айтып тұрғандай ел шежiресiнен сыр шертетiн туындылар. Бұл орайда Елбасының да «Дала Геркулесi» атты тарихи деректi романын және хатын алғаны жайлы алғыс айтып, ризашылығын бiлдiре отырып, өзiнiң «Қазақстан жолы» кiтабын және Алғыс хатын жолдауы да тегiн емес.
– «Атасы Есет батыр. Би, көсем сөз серкесi, әулие ғой. Содан қалған төртiншi буын бұл кiсi. Неде болса, ұлылық тектi жерден шығады ғой. Бұл ағаның өткен жолы әрi ұзақ, әрi қысқа. Баспасөзде саналы ғұмырының 50 жылын қалдырды. Оның 30 жылдан астамын облыстық, ауданаралық, аудандық газеттердiң бас редакторлығына арнады. Ұзақ дейтiнiм сол. Ал қысқа дейтiнiм – әдебиетке келген мезгiлi. Бұл аға Бальзак жасынан да, ұлы суреткер Iлияс Есенберлиннен де әдебиетке кеш келдi. Қуаныштысы – қаламы төселiп, үлкен дайындықпен келдi. Сол жарты ғасырлық баспасөзде қызыл империяның қылышымен алысып-жұлысып жүрiп, жиған-терген зерттеген бай қазынасын елiмiздiң Тәуелсiздiк байрағы көтерiлген кезде төктi де салды. Ұлы атасы Бәсеннiң ағзасымен келген күш-қайрат, ақыл-ой, ағаны күндiз-түнi еңбек етуге жетелеген. Соңғы 8 жылда ғана 200 баспа табақтан асатын 11 кiтап жазып, жарыққа шығарды. Солардың әрқайсысы сүбелi бiр төбе, бiр дөң, бiр қыр, бiр шың. Бұл ағаның қаламы ешкiмге ұқсамайтын, өз өрнегi, өз соқасы, өз стилi, өз жазу мәнерi, өз үнi, өз қолтаңбасы бар қаламгер».
Жазушының кiтаптарын оқығанда С.Досановтың бұл пiкiрiнiң айқын шындық екенiн ұғасыз.
… Өзiнiң қаламгерлiк қуатын ерте сезiнген (Баспасөзге алғашқы материалдарын 14-15 жасында жариялаған) Тауман Төреханов бiлiм iздеп Алматыға аттанады. 1950–1955 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiне түсiп оқиды. Университеттi үздiк, қызыл дипломмен бiтiредi. Оның нашар, тiптi орташа оқуына қақысы жоқ едi. Өйткенi, оның ұстаздары М.Әуезов, Т.Тәжiбаев, I.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев сынды ұлы тұлғалар, ғұлама ғалымдар болатын. Өмiр жолында М.Шолохов, Л.Леонов, I.Есенберлин, Ғ.Мүсiреповтермен кездесiп, нәр алады, өз болашағына жарқын жол ашады.
1960 жылы Алматыда тұратын сәулетшi ағасы Бәсенов Төлеу Тауман ағаны Мұхтар Әуезовтiң үйiне ертiп барады. Арада көп жылдар өтсе де ұлы Мұхаң өзiнiң ең таңдаулы, ең талантты шәкiртi Тауман ағаны бiрден таниды. Дәмдес, тұздас болып отырып, ақыл-кеңестерiн айтқан, бағыт-бағдар берген.
Университетте дәрiс оқығанда Мұхаң «Қазақты құртатын нәрсе – өсек, қызғаныш, iштарлық, қонақшылдық, карта – деп айтып отыратын» – дейдi Тауман аға өз естелiгiнде. Мұхаң да көп қиянат көрген адам ғой, осыларға бiздiң назарымызды аударатын.


«Ақшамның» анықтамасы


Университеттi қызыл дипломмен бiтiрген соң, А.А.Жданов атындағы Ленинград университетi Шығыстану факультетiнiң аспирантурасына жолдама берiлген. Бiрақ тұрмыстық жағдайына байланысты аспирантураға бара алмады. Сөйтiп, Бершоғыр шахта поселкесiндегi қазақ-орыс мектебiне директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары етiп жiберген. Сол кезде жас ұстаз Бершоғыр тау-кен шахтасының басқарушысы болып жұмыс iстеп жүрген белгiлi геолог, кейiнгi атақты жазушы болған Iлияс Есенберлинмен танысады. Осы таныстық жас әдебиетшiнiң болашақ қаламгерлiгiне жол ашады.
1957 жылдан Ақтөбе обкомының жолдамасын алып, журналистiк жолы басталады. Алдымен Шалқар аймақтық Оңтүстiк басқармасы бойынша ашылған облыстық «Комунизм таңы» газетiн ұйымдастырып, оның Бас редакторы болады. Кейiн басқарма тарағаннан соң, Шалқар аудандық газетiнде үздiксiз 29 жыл бас редактор қызметiн атқарады.
Қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласқан. Шалқар аудандық партия комитетiнiң 27 жыл бюро мүшесi, Ақтөбе обкомның 12 конференциясына үзiлiссiз делегат болып қатысады. Бiрнеше рет обком мүшесi болып сайланған.
Мәскеуде өткен КСРО журналистер одағының құрылтайына ТАСС Бас директорының шақыруымен қатысқан. Ал, Қазақстан Журналистер одағының құрылтайынан бастап 8 съезiне делегат болған. Екi рет басқарма мүшесi болып сайланған.
Т.Төрехановтың баспасөздегi ұйымдастыру қабiлетi, жұмыс стилi жайлы Қазақстан Орталық Партия комитетi «Тәжiрибе мен талап» атты арнаулы кiтап шығарған. Атқарған белсендi еңбегi, жемiстi жұмысы үшiн «КСРО баспасөзiнiң үздiгi» ерекше белгiсiмен, КСРО-ның төрт медалiмен наградтталған.


«Қазақ ұлы да қайырымды халық»
немесе Шолохов және Сахаровпен кездесулер



Өткен күндердегi кездесулерi туралы Тауман аға былай деп еске алады:
– Университеттiң 3-шi курсында оқып жүргенбiз. Сол тұста Қазақстан жазушыларының кезектi съезi өттi. Осы съезге орыстың ғұлама жазушылары М.Шолохов пен Л.Леонов қатысты. Университет атынан мен де съездiң делегаты едiм. Курстастарыма күнделiктi съез туралы әңгiмелеп жүрдiм. Бiрде курстастарым Шолохов пен Леоновты кездесуге шақырайық деген ұсыныс айтты. Бұл менiң де ойымда жүр едi. Бiрақ сондай әлемдiк дәрежедегi жазушылар бiздiң шақырғанымызға келе ме деп күдiктенiп жүргенмiн. Салып ұрып кураторымыз К.С.Куроваға барып ойымды айтып едiм, ол кiсi бiрден келiстi. Сонымен, университет ректорынан рұқсат алып, Курова апай екеуiмiз Шолоховты iздеп жол тарттық. Шолохов Алатаудың бөктерiндегi бiр әсем саяжайда демалып жатыр екен. Бiздiң өтiнiшiмiздi орындап, университетке келдi. Ол кезде мен университеттiң комсомол ұйымының хатшысы едiм. Шолоховтай ұлы жазушыны көндiрiп, ертiп келгенiме шексiз масаттандым.
Шолохов өз сөзiнде: – «Қазақ ұлы да қайырымды халық! Кешегi Ұлы Отан соғысы жылдарында менiң 4 балам мен әйелiмдi аштықтан, жалаңаштықтан аман алып қалды! Шын жүректен алғысым шексiз, қазақтар, сiздерге!» – дедi. «Қазақ ұлы да қайырымды халық» деген сөз бұрын бiрде бiр орыстың аузынан шықпаған ғой. Оның бiздiң халыққа берген осындай бағасын естiп, шексiз қуандық, риза болдық.
Кейiн адамзатты, табиғатты түп тамырымен жоятын сутегi бомбасының атасы, академик Сахаровпен кездесуiме тура келдi. Ол оқиға былай болып едi. Шалқар ауданында Ақтоғай деген совхоз болатын. Оның iргесiнен Дауыл деген өзен ағады. Осы өзеннiң жағалауынан совхоз малына жыл сайын шөп дайындалады. Өзеннiң бас жағында «Ембi – 5» деп аталатын жабық әскери қалашық бар. Сол қалашықта тажал бомбасын жасайтын лаборатория және ракета ұшыратын полигон орналасқан (қаланың iргетасын 1833 жылы басқыншы генерал Перовский қалаған екен). Қалашықтың қасында жер астына 20 метр тереңдiкте ракеталар орнатылған. Ракета ұшатын кезде әскерилер ықты-жарға қарамай шөпшiлердi малша қуып салады.
1973 жылы осы шабындықтан 90 мың түк шөп дайындалды. Оны жеген совхоз малы түгелге жуық қырылып қалды. Аман қалғанынан 6 аяқты бұзау, 2 басты қозылар туды. Ең жан түршiгерлiгi сол – бiздiң көршi әйел аяқ-қолы, жыныс мүшесi жоқ бала туды. Мұндай сұмдықты бұрын кiм көрген. Ел жағасын ұстап, шошынды.
Әңгiменiң осы тұсына келгенде Тауман аға архивiн ақтарып, сол кезде өзi түсiрiп алған құбыжыққа ұқсаған фотосуретiн көрсеттi. Аза бойыңды қаза қылатын, жүрегiңдi тiтiркендiрiп, ұйқыдан шошып оятатын сұмдық көрiнiс.
– Әр кеш сайын ракета атылатын – дедi Тауман ағаның жұбайы Балзада әжей әңгiмеге араласып, – Сол жылдары жүнi жоқ бота, бұзау, қозы-лақ туды. Құрбақа, жылан сияқты жып-жылтыр құбыжықтар. Көрген адамның жаны түршiгедi. Малдың қасына баруға қорқатынбыз. Бұл көрiнiс өмiрiмде есiмнен кетпейдi.
– Бiр әрекет жасау керек болды – дейдi Тауман аға әңгiмесiн жалғастырып. – Жарылыстардан, атом сынағынан зардап шегiп отырған Шалқар ауданының бiрiншi хатшысы Төлеу Алдияров, Жұрын ауданының (қазiргi Жем) бiрiншi хатшысы Жағыпар Әмiров үшеумiз ақылдасып Сахаровпен кездесуге бардық. Көптi көрген, тiлi орамды бiр ақсақалды қасымызға ертiп алдық. Сахаровтың лабораториясын үш әрiптiң (КГБ) жендеттерi күзетедi екен. Сахаровтың өзi рұқсат еткен соң олар бiздi лабораторияға кiргiздi. Академик бiздi селсоқ қарсы алды. Басы таз, шайтан тайғандай жып-жылтыр. Апат бомбасын ойлап тапқан сол басты балтамен шауып тастағың келедi.
– Жолдас Сахаров, жарылыстардан халық зардап шегуде. Барлық адамдар ауру болды. Қазiр аяқ-қолы жоқ балалар, алты аяқты қозылар, екi басты бұзаулар, жүнi жоқ бота, құлын туып жатыр. Осының бәрi жарылыстардың, сынақтың әсерiнен болып отыр. Халық қырғынға ұшырап жатыр. Бұл маңнан лабораторияңызды қашан алып кетесiз? – дедiк бiз. Ол кезде атом бомбасын шығарма, сынақтан өткiзбе деу Отанға сатқындық жасаумен бiрдей қауiптi едi. Бiрақ бiз халық үшiн тәуекелге барып осы сөздердi айттық.
Сахаров бiздiң сауалымызға мандытып жауап берген жоқ. Салымыз суға кетiп қайттық. Кейiн осы оқиға менiң «Ғасыр қасiретi» деген кiтабыма негiз болды.


Тәжиннiң әкесiн оқуға түсiрген


– Соғыс басталғанда мектебiмiз жабылып 12–13 жастағы балалар колхоз жұмысына жегiлдiк, – дедi Тауман аға өткен күндерiн еске алып, – ер азамат майданда. Колхоз малын солардың әйелдерi бағады. Көбiсi жиырма жастан аспай жесiр қалған мұндарлар. Бiздi соларға көмекшi етiп жiбердi. Шалқарда «Кiшкене тұз» деп аталатын шахта бар. Майданға тұз керек. Қабырғасы қатып үлгермеген бiздер шахтаға түсiп зiлдей лом темiрмен тұз оямыз. Оны өгiз арбаға артып стансаға тасимыз. Вагондарға артамыз. Бейнет ауыр едi. Әрi аш-жалаңашпыз. Үлкендер де, балалар да аурудан, аштап өлiп жатыр. Бiрақ, бiздiң жүрегiмiзде патриоттық сезiм күштi болатын. Жеңiс үшiн жан пида деп жiберген жаққа қабақ шытпай кете беремiз.
Соғыстың соңғы жылдары мен колхозда аңшы болдым. Сол жылдары қасқыр малды қынадай қырып жаудай тиетiн. Адамдарға да шапқан кездерi болды. Колхоз қосауыз мылтық, ауыр қақпандар бердi. Мен де қасқырларға өшiге тиiстiм. Қыс айларында 30–40 қасқыр-түлкi аламыз. Олардың терiсiне колхоз азық-түлiк бередi.
Бiр күнi Әлiмбет деген атамыз үйге келiп маған тосын тiлек айтты.
– Бiр қыз аштан өлiптi, соны жерлейтiн көр қазуға көмектес. Жер тоң, менiң шамам келер емес, – дедi.
Қорқып тұрсам да қарсылық көрсетпей көр қазуға көмектестiм. Ауылда басы бос бiр адам жоқ. Екеулеп қызды жерледiк. Ертеңiне құрған қақпандарымды аралап келе жатсам кеше жерленген қызды қасқырлар қазып сыртқа шығарып, боршалап тастапты. Сол жерге құрған қақпанды қасқыр алып кетiптi. Дереу iзiне түсiп Шалқар көлiнiң Күлсары деген жерiнде қақпанға түскен қасқырды таптым. Ол айбат шегiп атылам дегенше қақ маңдайдан атып сұлатып салдым. Әлгi байғұс қыз есiме түсiп өлген қасқырды қақпанға шұқыр қазатын күрекпен мылжалап ұра бердiм. Бiрақ, одан кек қайта ма?
Әлiмбет ата екеумiз қызды қайта жерлеп жан-жағына қақпан құрып тастадық. Ертеңiне бiздiң үйге арып-ашыған, аяғын әзер сүйреткен ауру әйел келдi.
– Сол менiң қызым едi, – деп жылап қоя бердi. Ол кезде бiр қасқырдың терiсiне еңбек ақы ретiнде бiр қой, 16 келi ұн, 5 келi қант, 200 грамм май беретiн. Әкем сол азық-түлiктiң тең жартысын әлгi әйелге бердi.
Соғыс бiтiп заман түзелiңкiреген кез. Имашев Саттар деген кiсi Шалқар аудандық партия комитетiнiң хатшысы болатын. Сол кезде аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мақалаларым жарияланып жүрген. Имашев менi шақырып алып: «Бала, сенiң оқуың керек. Сенен түбiнде жақсы журналист, немесе жазушы шығатынына сенемiн» дедi. Бұл кезде мен кешкi мектептi бiтiргенмiн. Сол кiсiнiң жолдамасымен Алматыға оқуға аттандым. Мектептi бiрге бiтiрген Тажин Мұхамедқазы (қазiргi дипломат Марат Тажиннiң әкесi) деген досым бар едi. Екеумiз оқуға бiрге келдiк. Мен университетке қиналмай-ақ түсiп кеттiм. Мұхамедқазы түсе алмай қалды. Ересектеу мен досымды ертiп университет ректоры Төлеген Тәжiбаевтың алдына кiрдiм.
– Мен мектептi төртпен бiтiрдiм, мына Тажин беспен бiтiрген. Өте бiлiмдi, ол неге оқуға қабылданбады, – дедiм ректорға.
Тәжiбаев (кейiн iрi дипломат болды) өте әдiлеттi адам екен. Бiздi кеудеден итермей тең адамша сөйлестi.
– Бұл баланың жасы небәрi он алтыда. Университет заңы бойынша мұндай жастағы баланы оқуға қабылдай алмаймыз. – Ректор Мұхамедқазының оқуға деген құштарлығын байқаса керек. Сәл ойланып барып барып, – Жақсы, мен Пединституттың директорымен сөйлесiп көрейiн, – дедi.
Пединститут директоры Сейдолла Толыбеков деген кiсi болатын. Адам танитын зерек кiсi едi. Тәжiбаевтың өтiнiшiн жерге тастамай Мұхамедқазыны тарих факультетiнiң орыс бөлiмiне оқуға қабылдады. Мұхамедқазы оқуға алғыр, әрнәрсеге бейiм пысық бала болатын. Оқуға түсiсiмен өзiн көрсете бiлдi. Ол екiншi курста жүргенде-ақ Алматы қалалық комсомол комитетiнiң хатшысы болды. Ал төртiншi курста Орталық комсомол комитетiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметiн атқаруға кiрiстi. 1954 жылы мен оны Роза деген қызға үйлендiрдiм. Шама шарқымызша студенттiк той жасадық.


Аманкелдi ескерткiшi қалай қабылданды


… 1970 жылы Шалқар ауданына Ғабит Мүсiрепов бастаған бiр топ ақын-жазушылар келдi. Iшiнде Сағи Жиенбаев, Өтебай Қанахин бар. Олар ауданның тыныс-тiршiлiгiмен, өмiрiмен танысты. Аудан халқының ядролық апаттан қандай қасiрет шегiп отырғанын өз көздерiмен көрдi. Сол кiсiлермен бiрнеше күн сапарлас, дәмдес-тұздас болып әңгiмелерiн тыңдадым. Әсiресе, Ұлы Ғабеңнiң әңгiмелерi Шалқардай терең ойлы, мағыналы едi. Әр сөзiнен ұлағат, үлгi-өнеге алғандай боласың.
Шалқар маңында «Ұлпан» деп аталатын темiр жол бекетi бар, жазушыларды сол бекетке алып бардым. Ғабең өзiнiң Ұлпаны есiне түстi ме, өте риза болып рахмет айтып аттанды. Бұл кездесулер менiң өмiрiме ғибрат берген сәттi кездесулер болды.
Осыдан кейiн де талай естен кетпес кездесулер өткiздiм. Соның бiрi мынау едi. Қазақстан Орталық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ж.Шаяхметов Халық Батыры Амангелдiге ескерткiш қою жөнiнде бастама көтерiп, мүсiншiлер мен сәулетшiлерге байқау жариялатты. Осы конкурсқа КСРО-ның түкпiр-түкпiрiнен 254 адам қатысқаны есiмде.
Бұл мәселе Министрлер Кеңесiнде қаралып, екi адамды жеңiмпаз деп жариялады. Оның бiрi Иванов деген мүсiншi болатын. Екiншiсi Асқар Сариджа Хасболат деген лезгин жiгiтi. Асқар екi жыл Италияда өнерiн шыңдаған мүсiншi едi.
Министрлер Кеңесi осы шешiмдi қабылдағанда, Жұмабай Шаяхметов алыс iс-сапарда жүрген. Ол оралған соң шешiммен, көрмеге қойылған екi ескерткiшпен танысты. Ивановтың жобасының қасына келгенде Жұмекең қатаң түрде:
– Мына ат қазақ жылқысына ұқсамайды. Оның үстiне аттың ернiн тым салбыратып жiберген. Ленинградтағы I-шi Петрдiң ескерткiшiне ұқсайды екен. Алатау болмаса қазақтың кең байтақ даласы жазық, тегiс қой. Амангелдi ескерткiшiн басқа ешкiмдiкiне ұқсатуға, басқадан көшiруге болмайды, – дедi.
Екiншi жобаның қасына келiп ұзақ ойланып тұрды.
– Мына жобаның авторы кiм? – деп сұрады.
– Асқар Сариджа Хасболат деген мәскеулiк мүсiншi, – дедi Совмин өкiлi.
– Ал сәулетшiсi кiм? – деп қайыра сұрады.
– Сәулетшiсi Төлеу Бәсенов, – дедi анау.
– Бәсенов берi кел, – дедi хатшы, мұның авторы сен бе?
– Мен, – дедi Төлеу ағай.
Шаяхметов көп сөзге келген жоқ.
– Осы жоба өтедi, құттықтаймын! Мүсiншiге хабарлас, ескерткiштi қай жерде құятындарыңды ақылдасып шешiңдер. Қаржыны аямаймыз, қанша керек болса, сонша бөлемiз, – дедi Төлеу ағаның қолын қысып.
Қазiргi Ғ.Мүсiрепов атындағы жастар театрының алдында тұрған Амангелдi ескерткiшi осылай дүниеге келген. Оның мүсiншiсi Асқар Сариджа Хасболат, сәулетшiсi менiң ағам Төлеу Бәсенов.
Мен кiшiпейiл де, мәдениеттi, талантты осы лезгин азаматымен достасып, араласып кеттiм. Кейiн Мәскеуде Сәуле деген қызым институтта оқып жүрдi. Өзiм де әртүрлi шаруамен Мәскеуге жиi барып тұратынмын. Барған сайын Асқардың үйiне түсемiн. Туыстай қуанып қарсы алады. Қызым да сол үйдiң бiр баласындай болып араласып кеттi. Сол Асқардың үйiнде атақты дағыстан ақыны, Лениндiк сыйлықтың лауреаты Расул Ғамзатовпен таныстым. Адам жатырқамайтын жаны жайсаң кiсi екен. Кездескен сайын ашыла әңгiмелесiп, пiкiрлесiп жүрдiк. Дағыстан тарихын жақсы бiледi екен. Ол кiсiден де көп ұлағат алдым.
Мұхтар, Ғабит, Iлияс, Расул сияқты ұлылармен кездесуiм менiң әдебиеттегi өрiсiмнiң кеңеюiне үлкен жол ашты. Әуелi ата-бабаларымның аруағы қолдап, содан кейiн осы кiсiлердiң батасымен көгердiм, көктедiм.


Тектiден тектi туар


Әдебиет әлемiнде Тауман ағаның шыққан шыңы биiк, өрiсi кең. «Герман-Қазақстан Достық қоғамының» және Берлиндегi Гумбольдт атындағы университетi студенттер қауымдастығының шақыруымен Германия федеративтiк Республикасына бәйбiшесi Балзада Шәмшiқызымен iс-сапармен барғанда 4 романы Гумбольдт университетiне, Ганновер, Гамбург университеттерiне сыйға тартылды. АҚШ Конгресiнiң, Канададағы Монреаль университетiнiң кiтапханаларына берiлген кiтаптары биiк сөрелерден орын алды.
Қазақстанның Герман Федеративтiк Республикасындағы жылының ашылу салтанатына барған Президент Н.Назарбаев автордың «Тарихтың қанды iздерi» атты тарихи роман-эпопеясын көрiп, үлкен iлтипат бiлдiрдi. Тауман аға iс-сапармен Мәскеудегi КСРО, Қазақстан Халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмелерiн тамашалады. «Правда», «Известия», «Московская правда» газеттерi мен «Крокодил» журналының редакцияларында, ТАСС-та болып белгiлi журналистермен кездесiп пiкiрлескен, тәжiрибе алмасқан. Ленинградтағы Эрмитаж, Консткамера, Смольныйдағы В.И.Ленин, Л.Троцкий, С.М.Киров кабинеттерiн аралап көрген. Орыс ақыны А.С.Пушкин өткен, ғұмыр кешкен Патша селосында болып оны тамашалаған. Бұл сапарларын қаламгер қойын дәптерiне жазып алған.
Тауман ағаның үлкен бабасы – Бәсен 103 жыл өмiр сүрген адам. Бәсеннен – Көтiбар батыр, Көтiбардан – Есет батыр туады. Есеттен – Назар, Назардан – Төрехан, Төреханнан – Алыбай, Алыбайдан – Тауман туады.
Тарихтан белгiлi Есет батыр – патша үкiметiне қарсы аяусыз күрес жүргiзiп, оның отарлау саясатын 20 жылға шегерген. Оның ұлы Назар ұлт-азаттық көтерiлiсiне қатысқан. Ұлы Құм мен Мұғаджар тауының арасында дүниеге келген Көшiм Сiбiр өлкесiнде хандық құрған. Шоқан Уәлиханов «Сiбiрде патшаға қарсы күрес жүргiзген Көшiм хан Ресей отаршылдығын 100 жылға шегердi» деп жазды. Осы тарихи оқиғалар, қанды қасап қырғындардың iшiнде Тауман ағаның бабалары жүрген.
Көтiбар мен Есет батырлардың ұрпағы – Матай Қоқанов (1886–1971). Матай атасынан бiр ұл, екi қыз дүниеге келедi. Үлкен қызы Дiлдә Матайқызы (Тасмағанбет келiнi) мен Нұрғали екеуiнiң некесiнен белгiлi қоғам қайраткерi, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң жанашыры Иманғали Тасмағанбетов туады. Матай атасының мәйiтi Шалқардағы «Есет бұлағы» басындағы үлкен қорымда жатыр.
Тектiден тектi туар деген осы.
Тауман аға мен Балзада әже көп ұрпақ тәрбиелеп өсiрген бақытты ата-ана. Олардың тұңғышы Мәрия Тауманқызы немiс тiлiнiң маманы. Үйлi-баранды, қазiр Гамбург қаласында тұрып, еңбек етедi. Мәрия әкесiнiң тарихи романдарын немiс тiлiне аударып жатыр. Оның мақсаты – қазақ халқы көрген қасiреттi, тарихты немiс тiлдi оқырмандарға жеткiзу.
Екiншi қызы Светлананың мамандығы кiтапханашы. Кезiнде Пушкин атындағы және Жоғарғы Кеңестiң кiтапханасында еңбек еткен. Қазiр әл-Фараби кiтапханасында директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Қызы Сәуле Мәскеудегi Академик Скрябин атындағы Зоовет Академиясын тәмәмдаған. Одан кейiн Канаданың мединститутын бiтiрген. Медицина ғылымының докторы. Қазiр күйеуi Марат және ұлдарымен Канадада тұрып қызмет iстейдi.
Ұлдары Ғалымбек пен Баламир Мәскеу Энергетика институтының түлектері. Екеуі де жауапты қызметтерде.
Немерелері Алпамыс, Әйгерім, Айбек, Баубек – олардың барлығы жоғарғы бiлiмдi, әр саланың мамандары. Канада университетін бiтiрген немересі Ролан Таумантегi ғылымға бой ұрған. Қазір ол ғылым докторы атағын алу үшін диссертация жазу үстінде.
Тауман аға мен Балзада әженің ұрпақтары осындай. Соларды тәрбиелеп, оқытып шығаруға екеуі қанша тер төкті десеңiзшi. Анда-санда бәрi бас қосып келiп, ата-аналарын қуанышқа бөлейді.
– Менің өмiрiмнiң жалғасы, қуанышы осылар, – дейдi Тауман аға, – мен жүрегiмдi жарып шыққан балаларыммен, немерелеріммен, жарыққа шыққан кітаптарыммен бақыттымын.
Осы бақытты Тауман аға мен Балзада әже наурыз айында 80 жасқа толып, бiрiн-бiрi баладай мәпелеп отыр. Тауман ағаның осындай биікке шығуына Балзада әженің сiңiрген еңбегі зор.
… Бiз қоштасып шығып бара жатып артымызға қарағанда Тауман ағаның жазу столына асығыс отырып жатқанын көрдік. Тағы бiр тамаша дүниелердiң өмірге келетiнiне нық сеніп аттандық.

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,
Алматы ақшамы, 2011 ж., 25 наурыз, 24-25 бет.,
www.almaty-akshamy.kz