Тілеуқабақ әні қалай шыққан

Танымал әндердің тарихы.
Сегіз сері.


Қазақ оқырманына кеңінен танымал өнертанушы, өнер зерттеуші Төлеш Сүлейменовтың «Сегіз сері» атты кітабы 1991 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Оқырман қауым бұл кітапты «пышақ үстінен» таласып, тауып алып оқып жүрді. Иә, кітап авторы әлде берерін бере алмай, жазарын жаза алмай дүниеден озды.
Кітаптың басты кейіпкері болған Сегіз сері деген кім еді? Иә, кім?
Қазағымның атышулы Сары Арқасының тумысы, 1818 жылы туған. Әкесінің азан шақырып қойған есімі Мұхаммедқанапия. Бірақ сегіз жасынан өзі өскен ортасында зеректігімен, суырып салма ақындығымен, шешендігімен танымал болған замандастары «Сегіз жасар сері» атап кеткен. Сонымен тарихта Сегіз сері атымен келіп, Сегіз сері даңқымен отыз жеті – үш мүшел жасында сол заманның дерті болған туберкулезден дүние салады. Кітап авторы Жезқазған өңіріндегі бейітінің қай жерде екенін атап көрсетсе, қазақтың белгілі геолог-геодезисі сонау тар заманда жалаң аяқ жүріп, қазақ елінің, жерінің географиялық қартасын жасаған, қазір көзі тірі Молдияр Серікбаев қарт Жезқазған жағасындағы Серінің қабірін көріп, тәу етіп, қойын дәптеріне жазып алған екен. Бұл қартпен осы жолдардың авторы талай рет Алматыда кездесіп, әңгімелескен, дәмдес еді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақ Елінің шекараларын Елбасы белгілегенсін Елдің жерінің жаңа қартасын жасау үстінде.
Иә, Сегіз сері ер жете келе (отряд особого назначения) әскери мамандық алады. Бірақ Сібірдің генерал губернаторы Д. Горчаковтың жандармериялық қызметке жіберуіне қарсы болады. Содан губернатор ұстап, қамауға бұйрық береді. Ақыры Сарыарқадан қашып, қуғын болып Жетіру еліне – Жағалбайлы жеріне жетеді. Мезгіл күздің соңы болатын. Бір қар, бір жаңбыр – ауа райы лайсаң. Көптен Көтібар батырдың соңына шырақ алып түсіп жүрген Орынбор-Самара губерниясының бас губернаторы Перовский осы бір аласапыран кезді пайдаланып, қазақ елінің қаймақтарының осы өңірге келетінін алдын ала біліп отырады. Ал Көтібар жеті-сегіз үзеңгілесімен мұнда екі күн бұрын келеді. Губернатор екі жылдай оқытып, Жайық жағасында киллерлікке үйреткен екі естекті жіберіп, түн ортасында олар Көтібар батырдың күзетін қырып тастап, батырдың ұйықтап жатқан бөлмесіне кіріп, басын шауып алып, қапқа салып жатқан жерінде, Жағалбайлы елінің күзетшілері екі естекті ұстап Жанғасқа батырға әкеледі. Жанғасқа тілге келместен екеуін үюлі тұрғын жыңғылға от қойып, тірілей сол отқа салып жібереді. Бұл Сегіз серінің осы елге келіп қонған түні болған қанды оқиға еді.
Сегіз сері қазақ халқының қорғаны болған Көтібар Бәсенұлының қайғылы қазасына арнап «Батырды жоқтау» жыр шумақтарын «төгіп» салады.

Сіз кеттіңіз, қалды ұлық,
Қанына әбден қарайған.
Қарғыс алар ол-дағы –
Соққы көріп талайдан,

Сырым мен Көтібардың –
Пайдасы тиген жалпыға.
Екеуінің өлімі –
Қатты батты халқына (158 б.)

Жағалбайлы елінде Көтібар дүниеден озғансын, Жанғасқа жалғыз қалғансын, бұл елде Сегіз сері көп аялдай алмады. Жағалай Ақбұлақты мекендеген, Елдері алты Шекті, Назар, Шүрен дей келіп: Жағалбайлы Жанғасқа, Шекті Арыстан қайтпайтын қажырлы ерлер екен жолбарыстан деп жырлай келіп:

Айналайын Ақбұлақ,
Айнала жорытып жағаңда
Сенен артық өзенді
Алшында мен табам ба?

Айналайын Ақбұлақ,
Суатыңа мен келіп,
Тұлпарымды суарғам.
Хош есен бол – Ақбұлақ
Енді сені көре алман,
Қайта айналып келе алман,
Баяғыдай жүре алман, - деп

Елек өзенінің жағасындағы елге келеді. Осы жерде де көп кідіре алмайды. Ел жақсылары орыс отарлаушылары бізді тықсырып, шығысқа – Мұғалжар тауының арғы бетіне қуып жатыр. Жазым боларсың, қолға түсіп қалсаң, сені қорғайтын ешкім жоқ. Мына Мұғалжар, Айрық тауларының арғы-шығыс-оңтүстік бетінде заманымыздың батырлары Арыстан Тінәліұлы, Есет Көтібарұлы бастаған қабырғалы ел бар. Шектінің аты шулы Қабақ, Тілеу аталықтары деп меңзейді.
Сонымен, Сегіз Шекті еліне – Арыстан мен Есет еліне келеді.

Жиырма жаста мен келдім –
Мәмбетәлі, Жапаққа,
Нағашым деп келіп ем –
Әлімдегі алты Шектіге –
Ата жаумен аласқан
Алшындағы тектіге! (169 б.)

Қабақтың Қарабас аталығынан тарайтын Мәмбеталыдан отыз үш жасында ит жеккенге – Сібірге аяқ-қолына кісен салып айдалып кеткен «сал Бекет» атанған батыр Бекет Серкебайұлы, ал Жапақтан бір жүз үш жыл жасаған Бәсен мен (Кетенің атышулы байы, төбе Биі Боздақтың кенже қызы) Нарбике некесінен Көтібар, одан Есет батыр туады. Ал Қарабастың Тінәлісінен даңқты батыр Арыстан Тінәліұлы еді. Бұлар алты ата Әлім-Шекті, Айт ұрпақтары.
Сегіз сері Есет елінде біраз аялдайды. Қабақ, Тілеу елінің жақсыларымен кездеседі, талай жырға толы, сырға толы отырыстарға қатысады, неше бір өлеңдер жазып, айтып қалдырады.
Иә, патшалы Ресейдің отарлаушылары бұл жылдары Мұғалжар тауын, Айрық өңірін, Шетырғыз, Қауылжыр Қайыңды, Ақтоғай өзендерін, Мұғалжар асуын басып алуға бірнеше шабуылдар жасайды. Замана тынысы тарыла бастаған осы бір уақытты Сегіз сері Есет батырмен ақылдасып, Сыр өңіріне, Арал теңізі төңірегіне – Жаңқожа батыр қоластына қарай жолға шығады. Тарихта Жанқожа Нұрмұхамедұлы – Сыр Шектісі атанса, Айт ұрпағы – Қабақ, Тілеу – Көтібар, Арыстан, Достан, Есет, Бекет – Қыр Шектісі болып қалған.
Жанқожа батырмен кездесулерінде, батырдың кіші анасынан туған Қарғаш қарындасымен танысып, үлкен сүйіспеншілік білдіріп, өлең шығарады.

Ақ дидарың көргенде тұра алмаймын,
Сенсіз жерде салтанат құра алмаймын.
Сен есіме түскенде беу Қарғашым,
Кемесіндей дарияның бұраңдаймын.

Жылқым жатыр Ақкөлдің аймағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,
Келіп кетіп жүрсейші ойнағыңа.

Сыр елі-жыр елі, ән-күй елі. Сегіз серіні өте жылы қарсы алып, елдегі ойын-тойларға шақырып, асқақ әнін, суырып салма жырын, көсемдік сөзін тыңдап, ел бір марқайып қалады. Сол елді, Сыр бойын аралап жүргенде, Бақтияр деген байдың Мақпал атты сұлу қызы бар екенін бір отырыста бір шешен айта салды. Осы кезде Сегіз серінің Есет батырдың сөз арасында Сыр өңірінде Бақтияр байдың Мақпал есімді қызы бар дегені есіне түседі. Бақтияр ауылына келеді. Бірақ сұлу, ару қыз бір көргеннен Серіге ықыластанбайды, иә, ұната да қоймайды. Бірақ әнші, жыршы, көсемсөзші Сері қызға арнап «Мақпал» атты өлең шығарады:

Өзіме талай гүзәл жақпа еді,
Жанассам қыз қолымды қақпай еді.
Баласы Көтібардың Есет батыр –
Сұлу деп сізді маған мақтап еді ... (61 б.)

Ақыры Мақпал «Есет батырдың көзіне түскен екенмін» деп, Серіге бас ұрады ... және бұл өлең ұзақ та нәрлі де, бал қаймақтай тәтті де болады. Жиында отырған халық та Серіге бас иеді.
Сегіз сері бұл ауылда да ұзақ аялдай алмайды. Себебі патшалы Ресейдің соңына шырақ алып түсуі әлі тоқтаған жоқ еді. Бақтияр ауылынан шыққан соң Сырдария өзенінің бір саласы Үш бурыл жағасына келеді. Иә, еске алатын болсақ, менде – редакциямда жұмыс істеп жүрген Сыр өңірінің – Арал теңізінің тумысы ақын Әбдіқани Аймағамбетов екеуміз, және Ақжайық азаматы Ақтөбе облыстық газетінің жауапты редакторы Нұрқайыр Телеуовпен осы өңірлерде болғанбыз. Ақшағыл, Ақбасты Барса-келмес, басқада теңіз жағаларында жүргенбіз. Сол сапарларда Үш бурылды, жергілікті халық – бұл жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы ел «Үш қоңыр» деп те атайды екен, осы өңірлерде жүрген едік.
... Үш бурыл жағалыққа Сері жақын келе аттарынан түсіп демалып отырады. Сол кезде Құрман атты бір адам келіп, дым көрмегендей, Сегіз серінің қасында жатқан қару-жарақтарына таңқалып, қолын жүгірте береді. Сегіз сері:
- Бұл жағалауда кім бар, ат байлайтын? – деп сұрайды.
- Орынды сұрадыңыз. Сонау жалдың ар жағында Сыр Шектісінің Алтынай аталығынан іргелі де сүбелі бай, еліне сөзін жүргізе алатын беделді кісі Тілеуқабақ деген адам тұрады. Сол Тілеуқабақтың Патшайым, Қаншайым деген екі сұлу қызы бар. Әкесі Тілеуқабақ та сол екі қызын, әсіресе Патшайым қызының ақыл-кеңесін алады. Ал жылқышыларына бас-көз болатын – екі ұлы бар - Әли, Муса есімді, - деп қояды Құрман.
Сері Құрман айтқан бағытпен келе жатса, алдынан үйір-үйір жылқыға кезігеді. Жылқышылар Сегіз серіні «қамшының астына алып», «қайт ізіңмен, кет!» деп Тілеуқабақ ауылына жібермейді. Күш-қайратқа мінген Сері екі жылқышыны байлап тастап, үйір-үйір жылқыны алдына салып қуып кете барады. Оқиғаны көп ұзамай Патшайым естиді. Содан Қаншайымды ертіп алып, Сегіздің соңына түседі. Кездеседі. Ақыры келісімге келіп, Патшайым Сегіз серіні ауылына шақырады. Әкесі Тілеуқабақ Патшайым қызының ұсынысымен өзен жағасына бірнеше киіз үй тігіп, қонақасы береді. Осы өңірдегі елін жинап, ән кешін, әңгіме кешін ұйымдастырады. Әбден бабына келген Сегіз сері домбыраны қолына алып, ойын жинақтайды да, жиналған ауыл адамдарына көз тастап:

Айғалап ән саламын Тілеуқабақ,
Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.
Көңілдің қуанышын жырға қосып,
Келді ғой бар дауысыпен шырқайтын шақ, - деп:

Әніме мен салайын Тілеуқабақ,
Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.
Көңілдің жатсам-тұрсам тілегі сол –
Бергей деп маңдайыма бармақтай бақ (74 б.)

Қазағымның өмір бойы бөліспеген еншісі – қонақасы жалғасып, Сегіз серіні бірнеше күн жібермей, ән-жыр, тарихи әңгіме тыңдауға халық жинала береді.
– Осы жақында бір жолаушы, қарағым, Сіздің Қыз Жібек жайлы жырыңды айтып, ауызының суы құрып отырды. Әсіресе, менің есімде қалғаны Бекежан сардар. Сол жырда: «Бекежанды кісі өлтірген, Жағалбайлының серісі Төлегенді мына біздің жердегі Қос-Обада өлтірді» делінеді дей беріп еді бір қарт, Сегіз сері «Сіздің айтып отырғаныңызды талдап берейін», деді де домбырасын безеп-безеп жіберіп:

Қашқын боп сол бір жылы шығып елден,
Ақбұлақ бойындағы елге келгем,
Алшынның оқиғасын жырға қосып,
Дастанға Қыз Жібек деп есім бергем.

Жағалай Ақбұлақты мекендеген
Елдері алты Әлім, Назар, Шүрен
Ниязбен екеумізді құрмет етіп,
Желісін оқиғаның айтып берген (37 б.),
- деп домбырасын қасына қоя салып:

– Бекежан Айбекұлы. Заманында Алшын елінің Әлім аталығының әскер басы болған ірі тұлға. Ал Бекежан әкесі Айбек сияқты қол бастаған сардар, - деп домбырасын қайта қолға алып:

Ер болып жас кезінен шыққан аты,
Ішінде алты Әлімнің Бөлек заты.
Бөлектің Қабағынан шықсадағы ...,

- дей келіп, Бекежан жанжары Салихасы дүниеден озғансын, араға жыл салып, Түрікменнен қыз айттыруға кеткенде, есігінде жүрген Кескентерек деген қожа өзіңіз айтып отырған Қос-Обада Бекежанның туған қарындасы Қыз Жібекке келе жатқанда, Төлегенді садақпен атып өлтіріп, боз жорғасын мініп кетеді ...
– Ал мұны түсіндік, қарағым. Мұның шындық. Айбек Қабақтың Қарабасымен туыс.
Бірақ мекені Алшынның Теміртауы. Енді сен мынаны айтшы. Сол Бекежан балалары Тайлақ, Қайрақ, Байрақ үш ұлы Балқаш өңірінде – Аңырақайда қалмақтарға қарсы соғыста ерлік көрсетеді. Мұны Қожаберген жыраудың «Елім-ай» өлеңінен білетін едік.
– Иә, Қожаберген былай деп жырлайды. Алдымен өзім:

Бекежан Айбекұлы деп атанған.
Қалмаққа Еділ өтіп ойран салған,
Қасына мың жарымдай сарбаз ерітіп,
Кәпірдің мықты елінен барымта алған,
- дей келіп, енді Қожаберген жырауға келейік:
Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Сұлатты көздегенін атқан жерден.
Баласы Бекежанның мерген Тайлақ,
Ағасы оның Қайрақ ғаскер жинап,
Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап.

– Ал ол Кескентерек қожа Төлегенді неге өлтіреді? Атын алу үшін бе, әлде өші барма?
– Иә, Кескентерек те Қыз Жібекке ғашық болар. Айбек пен Бекежан елі – жылқылы бай еді. Ал ол Кесентерек қожаны кейін халық жиналып, ел алдында асып өлтіреді. Оған дейін де істеген жауыздығы жетіп артылады, өзінің туған нағашысына, оның қызына жасаған жауыздығын, айуандығын айтуға ауыз бармайды, - деген кезде біреу.
– Ауылға баса – көктеп бір топ аттылар келе жатыр, - деп хабарлайды. Орынынан тұра берген Сегіз сері:

Бөлінбе қазақ жік-жікке,
Бөлінсең қазақ жік-жікке,
Шіл боғындай бытырап,
Шыға алмайсың биікке! (147 б.),
- деп қару-жарағын асынып, атына қонады...

«Тілеуқабақ әннің аты ма?» деген тақырыппен
«Айқын» газетасында жарық көрді,
2011 ж., 10 наурыз, 5 бет.


Тауман Төреханов,
жазушы-журналист,
Шалқар ауданының Құрметті азаматы.