Журналистік арымды сатқаным да cатылғаным да жоқ

Ғасырдың қасіретін қанмен жазған,
Батыр деп өзіңіздей айтады ерді.
Есенбай Дүйсенбай, ақын.


С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) студент болып оқыған жылдары Төлеген Тәжібаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, арабтанушы Ата Әжікеев, Жұбаныш Аралбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Ыбрагим Маманов, Орынбасар Төлегенов, Одақтың оқымысты – ғалымдары Баскаков, Санжеев, басқада ондаған ұлы тұлғалардан дәріс, тәлім-тәрбие алған (1950-1955 жж.).

* * *

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті комсомол жастар ұйымының секретары болып жүргенде, студенттердің сұрауымен Михаил Шолоховты, Леонид Леоновты куратор Ксения Сергеевна Курова екеуі университетке ерітіп алып келіп, үлкен акт залда ұстаздармен, студенттермен кездесу өткізген (1953 ж.).

* * *

Тағдыр тайталасқан ... Тауман Төреханов облыстық селолық, ауданаралық, аудандық, газеттердің табан аудармастан бас редакторы болған 30 жылда аудандық партия комитеттерінің 11 бірінші хатшыларымен, облыстық партия комитетінің 5 хатшысымен жұмыстас болған. Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірнеше рет мүшесі болып сайланған. 27 жыл үзіліссіз Шалқар аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, халық депутаттары Шалқар аудандық атқару комитетінің мүшесі болған. 31 жыл халық депутаты болып сайланған. 30 жыл аудандық ономастика-топонимикалық комиссиясын, бірнеше жыл «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Шалқар тарихи өлкетану мұражайын ұйымдастырып ашқан.
1963 ж.-1991 ж. дейін Ақтөбе облыстық партия ұйымының шешуші дауыспен 12 конференциясына делегат болып қатысқан.
Мәскеуде өткен КСРО журналистер Одағының Құрылтайына, Қазақстан журналистер Одағының Құрылтайынан бастап 8 Съезінің делегаты, 2 рет – 8 жыл Басқарма мүшесі болып сайланған.

* * *

Кешегі Кеңес кезде – тар заманнан,
Аста-тақ, баста – бақыт, барда бағаң,
Алар деп ит еткен, жау жағадан –
Сіз емес қара басын сауғалаған.
Есенбай Дүйсенбай, ақын.

* * *

О, Тауке, қалам алға майталмансыз,
Парасат, ақылы да айталғансыз.
Еліңде Шалқар деген сайрап жатыр
Елу жыл еңбек еткен қол таңбаңыз!
Оразбай Әділбай, тарихи шежіреші, тәлімгер.

* * *

Тауман Төрехановтың ұйымдастырып ашқан «Жаршы» - облыстық селолық газеті, облыстық селолық «Комтаңы» және аудандық «Шалқар» газеттерінде өзі жұмысқа алып тәрбиеленген ұстаханасынан 9 аудандық газеттердің редакторлары; облыстық радиотеле комитеттерінің бас редакторлары; «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің облыстағы меншікті тілшілері: Болат Теміров, Әбдіқани Аймағамбетов, Әкімжан Оралбаев, Әуезхан Әбдірашұлы (Әбдіраштың Жарасқанның інісі) Зиядин Әбдуәлиев, Мұхамбетәли Есмағамбетов, Марат Мырзағұлов сияқты танымал ақындар;Үмбетбай Уайдин, Табыл Құлияс, Мәндібай Төрежан сатирик-ақындар, жазушылар; аудандық облыстық баспаханалардың білікті майталман мамандары өсіп шықты. Бірнеше партия, совет, сот, кәсіп одақ қызметкерлері қанат қақты.

* * *

Қандай ұшқыр, сергек сезім сіздегі,
Қуантатын түйсігі бар пендені.
Көпшілікке жаны жаздай журналист –
Көкірегің көк жайлаудай кең бе еді!
Болат Теміров, ақын.

* * *

Талайды тәрбиелеп баптадыңыз,
Намысын журналистің сатпадыңыз.
Ағаны жаса үлкен қошеметтеп,
Ініні соңыңа ерген сақтадыңыз.
Қанатбай Елеусізұлы, көсемсөзші,
ел қайраткері, тарихи тау тұлғаларды зерттеуші.

* * *

Қазақстан КП Орталық Комитеті редактор Тауман Төрехановтың және бір топ редакторлардың іс тәжірибелеріне арнап «Тәжірибе және Талап» атты жинақ шығарады (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1972 ж.).
Тауман Төреханов аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, әрі газет редакторы ретінде ауданға ат сабылтып келген Асқар Тоқмағамбетов, Ахмет Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Ғарифолла Құрманғалиев, Сағынғали Сейітов, Өтебай Қанахин, Бәкір Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Садықбек Адамбеков, Тахауи Ахтанов, Мұхтар Құрманәлин, Уара Нұрсейітов, Нұрқайыр Телеуов, Михаил Козин, фототілші Редько, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, басқа да елге есімі танымал ондаған кесек те ірі тұлғаларды ел аралатып сапарлас, дәмдес, әңгімелес болған. Ол ірі тұлғалар жайлы естеліктері, эсселері оның кітаптарында, республиканың облыстың ағымдағы баспасөздерінде, Қазақ Радиосы толқындарында көрініс тапқан.

* * *

Тауман Төреханов іссапармен Мәскеудегі КСРО, Қазақ КСР халық шаруашылығы жетістіктері Көрмелерінде, «Правда», «Известия», «Сельская жизнь», «Московская правда», газет редакцияларында, «Крокодил» журналында, ТАСС-та болған, белгілі қаламгерлермен кездескен, АНП (Агенство новости и печати – 16 мың журналист жұмыс істеген) бас редакторымен, Латин Америкасы редакциясының бас редакторы Иван Матвеевич Агафонов пен әңгімелескен, «Ленинградская правда» газетінің бас редакторымен кездесіп, қазақ елі жайлы әңгімелескен. Ленинград қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі секретары, тарих ғылымдарының докторы А. Сергеевпен кездесіп, қазақ тарихы-халық батыры Есет Көтібаров туралы қызықты деректер алған.
Санкт-Петербург (Ленинград) – Эрмитаж, Кунсткамера, Пискарев зираты (Пискаревское кладбище), Смольный (тек дәлізінің ұзындығы – 270 м), В.И. Ленин, Л. Троцкий, С.М. Киров, А.М. Коллонтай, М.Д. Бонч-Бруевич кабинеттері аралап көрген. 1812 ж. Отан соғысының батыры пәтерінде, басқа да тарихи орындарда, ұлы патша Екатерина ІІ шөберелері, шөпшектері өз қаржыларына қолдаған құйғызған, жасатқан биіктігі отыз үш метр Ескерткішінде болған. А.С. Пушкин өткен, ғұмыр кешкен Патша селосында болып тамашалаған. Иә, бұлар жайлы қаламгердің қойын - күнделік дәптерінде жазылған, кейін кітаптарына енген.

* * *

Тауман Төреханов ұйымдастырып, ашып тер төккен жауапты редакторлық еткен Ақтөбе селолық обкомның Темір аумақтық ауыл шаруашылығы өндірістік Басқармасы бойынша шығып тұрған «Жаршы» газетіне Қазақстан ҚП Орталық комитеті кезекті пленумында (желтоқсан, 1962 ж. баяндамашы Д. Қонаев) және осы Обкомның Шалқар ауыл шаруашылығы өндірістік Басқармасы бойынша шығып тұрған «Комтаңы» газетіне Қазақстан ҚП Орталық комитеті кезекті пленумы (қараша, 1966 ж. баяндамашы Д. Қонаев) оң баға берілді. Осы жылы газет редакторы Т. Төреханов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталды.

* * *

Тауман Төрехановтың баспасөздегі ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «КСРО Баспасөзінің Үздігі» ерекше белгісімен; КСРО-ның 4 медалымен; Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен; Қазақ ССР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағымен; СОКП Орталық комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тың Құрмет Грамотасымен; КСРО халықтық Бақылау Комитетінің, Баспа, ақпарат Комитетінің үш Дипломымен; КСРО және Қазақстан журналистер Одақтарының, Қазақстан Орталық партия Комитетінің, Ақтөбе обкомы мен атқару комитеттерінің Құрмет Грамоталарымен – небәрі 25 награда, оның ішінде «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медалдары да бар, алған. «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65-жыл» мерекелік медалымен наградталған. Тауман Төрехановтың осы марапаттауларын еске алып, оған Қазақстан Республикасына сіңген ерекше еңбегі үшін Республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы мәртебесіне ие еткен.

* * *

« ... Соңғы жиырма жылын алаңсыз шығармашылық жұмысқа арнаған қарымды қаламгер «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Зердесінде ұрпақтың», «Ұжмақ елі», «Жазбады-ау демесін» (трилогия), «Адам әлемі» кітаптарын бірінен соң бірін оқырмандарға ұсынды. Бұлар повестер, әңгіме, очерк, тарихи эсселер болатын Тәуелсіздіктен қуат алған қаламгер сол еңбектерінің ізін суытпай «Ғасыр қасіреті» тарихи-роман (дилогия), «Кісенделген Дала» (тарихи-роман), «Тарихтың қанды іздері» (тарихи-роман-эпопея) деп аталатын өткір сюжетті кітаптар жазып шықты. Бірінен кейін бірі жарық көрген бұл көркем шығармалар мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларда жоғары баға алды.
Енді, міне «Дала Геркулесі» (тарихи-роман, трилогия) атты еңбегі – жарыққа шықты ... «Дала Геркулесінің авторы табиғи талант иесі».

«Егемен Қазақстан», 25 ақпан, 2009 ж.

«Герман-Қазақстан Достық қоғамының» және Берлиндегі Гумбольдт атындағы университеті студенттері қоғамдастығының шақыруымен Т. Төреханов бәйбішесі Балзада Шәмшіқызымен Германия Федеративтік Республикасының Берлинде, Ганноверде, Гамбургте, Селле де іссапармен болып, Германияның Гумбольдт атындағы ұлттық университетіне, студенттерімен, ұстаздарымен кездесу өткізіп, кешегі кеңес заманыңдағы және бүгінгі тәуелсіз Қазақ Еліндегі баспасөз жайлы әңгімелескен. Кездесуді Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің дипломаты, неміс филологиясының докторы Әділбек Әлжіков жүргізген.

* * *

«Сіз», Тауман Алыбайұлы. Осы «Дала Геркулесі» тарихи-романыңыз арқылы өзіңізге «мәңгілік ескерткіш» жасап, орнаттыңыз. Құтты болсын, аға! Жүз жасаңыз!».

Сәбит Досанов,
Халықаралық М. Шолохов атындағы сыйлықтың иегері,
академик-жазушы.

Еске сала кетейік, С.Досановтың «Дала Геркулесі» жайлы романға берген рецензиясы «Егемен Қазақстанның», 2009 жылғы 25 ақпанында шыққан.

* * *